Елорда тынысы

«Мұқағали әлеміне» 3D саяхат

Бірнеше жылдан бері елордадағы мектептерге қазақтың белгілі тұлғаларының есімдері беріле бастады. Солардың бірі, еліміздің маңдайына біткен ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімі былтыр жыл басында №74 мектеп-гимназиясына берілген еді. Содан бастап аталған оқу орнында «Мұқағали әлеміне саяхат» атты ғылыми-шығармашылық орталық жұмыс істеп келеді. Музей типтес орталықта ақынның шығармашылығы мен өмірін әспеттейтін туындыларын заманауи технологиялар көмегімен тамашалауға болады.

Мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айтжан Байбақы бірінші қабатта орналасқан музей-орталықты көрсетіп, ішіндегі құнды дүниелермен таныстырды. Үш бөлімнен тұратын орталықта ақынның өзі ұстаған, тұтынған дүниелері немесе киімдері әзірге жоқ, тек ең басты құндылық – өз қолымен жазған қолжазбасының көшірмелері бар екен. Оны орталық ашылғанда ақынның ұлы Жұлдыз бен келіні Бақыткүл Алматыдағы ақын мұражайынан әкеп берген.

«Қазақ поэзиясының хан Тәңірі» деп аталатын бірінші бөлігінде М әрпі секілді жасалған сөрелерде ақынның соңғы дизайн­мен шыққан 50 шақты кітап жинақтары қойылыпты. Бұл кітаптарды Жұлдыз Мұқағалиұлы жүргізетін  «Мұқағали» қоры және кәсіпкер Үлкенбай Ғалым тарту еткен. Екінші бөлімі – ақын өмір сүрген жылдарда мәтін терген жазу машинасы мен үстел, орындық қойылған бұрыш. Өткен дәуірге барғандай әсер қалдыратын орынды мектеп ұстаздары «Шабыт» бұрышы деп атайды. Үшінші бөлігі – ақынның бүкіл өмір жолы, естелік суреттері, ұрпақтарының фотолары ілінген арнайы стендтен тұрады.

– Мұнда ақынның әр суретінің қасында тұрған QR кодты ұялы телефонмен сканерлеу арқылы Мұқағали Мақатаевтың өз даусымен жазылған және өзге де дикторлар оқыған 30-дан астам аудио өлеңдерін тыңдауға болады. Бұл – қазіргі технология дамыған дәуірде жастарды ақын шығармашылығына бойлатудың кең қолданыла бастаған жаңа әдісі. Біздің орталыққа келген оқушыларды да, ұстаздар, тіпті ата-аналарды да осы QR код арқылы ақынның даусын тыңдайтын жері қатты қызықтырады, – дейді А.Байбақы.

Одан әрі қабырғадағы ноталар бейнеленген стендте ақынның сөзіне жазылған 20-дан астам әнді де тура солай сканерлеп тыңдай аласыз. Сонымен қатар Ardis қосымшасын жүктеп алу арқылы ақынның 3D суретін үлкен көлемде көруге болады. Осы қосымшамен оның ұрпақтары тұрған суреттің қасындағы кодты басу арқылы отбасылық бейнероликті де толық тамашалау мүмкіндігі бар. Белгілі суретші Алмас ­Сырғабаев сыйға берген ақынның портреттері де, өзге өңірлердегі М.Мақатаев атындағы мектептер тарту еткен кілем портреттері де осында тұр. Мектеп ұжымы ақын шығармашылығына арналып өткен жүлдегер оқушылардың марапат дипломдарын осында қоюды жөн санаған. Оқу орны «Мұқағали» журналына тұрақты түрде жазылады, сондықтан оның әрбір санын осы жерден табасыз. А.Байбақының айтуынша, енді ақынның ескі  дизайнмен шыққан байырғы кітаптарын да көпшіліктен сұратып, жинау арқылы арнайы кітап сөрелерін жасау көзделіп отыр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button