Басты ақпаратЖаңалықтарҚала мен Сала

МҰЗДАН ҚАШАЛҒАН ҚАЛАШЫҚ

Аязы бет қаритын Астанада қыстың көркі мұз қала­шығымен енеді. Жақында шаһардағы бас шыршаны қоршай орналасқан мұздан салынған сарай салтанатты түрде ашылды.

erm_5941

«Ханшатырдың» іргесіндегі бұл қалашық – мұзды ғимарат­тардың алғашқысы. Қазір мұнда қызықтап келіп жатқан жұрттың қатары күн санап артуда.
Мұз құрсанған қалашықтың қақпасына осындағы ертегі әлемінің «елтаңбасындай» болып «ЕХРО-2017» көрмесі мен «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» логотиптері қашалыпты. Сон­дай-ақ, смартфондардың сәні мен мәні болған әлеуметтік желілердің бел­гілері де осы жерде бедерленген.
Табалдырығынан аттап бас­қаннан қиял әлемінің таң­ғажайып кейіпкерлеріне тап боласыз. Мәз-мейрам болған кішкентайлардың назары алдымен осы мультфильм батырларына ауады. Бұл маңдағы басты бейне – жаңа жылдың жаршысындай болған алып қораздың мұз мүсіні.
Әуес көріп жүгірген жас бала­лардың ермегі – сыр­ға­нақтар. Қалашықта ең ірі екі сырғанақ сарайы салыныпты. Оған қоса, мұз үстінде зырғығысы келе­тіндер үшін конькилерді жалға беретін дүңгіршектер құрылған.
– Мұз қалашықтың салынғаны жақсы болды. Енді екі қызымды демалыс күндері осында жиі әкеліп тұрамын. Өздері ойын қызығына кіріп кеткенде жаурағандарын да білмейді. Тек қана сырғанау үшін ғана емес, серуен құрып келгендер үшін отбасылық демалысқа таптырмайтын орын деп ойлаймын. Жаңа жылдың қарсаңында неше түрлі мерекелік шаралар бола­тынынан құлағдар болдық, – деді қала тұрғыны Сержан Тәңірберді.
Шынында да бұл жерде мереке күндері елордалықтар мен меймандардың уақытын көңілді өткізу мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленбек. «Astana Winter Fest» шара­сының шеңберінде концерттер, эстафеталар және түрлі флешмобтар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, тағы үш негіз­гі мұз қалашық ашылады. Олар қалалық әкімдіктің алдындағы алаңда, Есіл өзенінің жағасында және «Студенттер» паркінде орналасады. Ал жалпы қала бойынша ірілі-ұсақты жеті мұз сарай салынады. Олар 11 сырғанақпен және 37 шыршамен жабдықталады.
Аталған саябақтың аума­ғын­да­ғы және Есіл өзенінің жа­ғалауындағы мұз қалашық­тары желтоқсан айының 25-інде пайдалануға беріледі.
– Осы жылға дейінгі тәжірибе мұз қалашықтары қысқы уа­қытта бұқараның ең көп жиналатын орны екенін көрсетті. Соған байланысты ағымдағы жылы келушілер үшін думанды бағдарламалардың санын көбейттік. Оның ішінде концерт, түрлі спорт сайыстары, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сабақтары, флешмобтар, жәр­меңкелер, спорт­шы­лардың өнер көрсетуі – бәрі бар. Мұның барлығы ең алдымен саламатты өмір салтын насихат­тайды, – дейді қалалық Мәдениет басқармасының баспа­сөз хатшысы Мира Молдахметова.
Ал жаңа жыл тойланатын түні сағат 21.00-ден бастап 03.00-ге дейін «Ханшатыр» мен қалалық алаң маңайында үлкен концерт өтпек.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button