Жаңалықтар

НЕГІЗГІ МІНДЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЙЛЫ ТҰРМЫСЫ

Кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында қалалық инфрақұрылымды абаттандыру мәселелері қаралып, аумақтарды санитарлық тазарту, тұрақ орындарын жасау және елорда тұрғындарын мазалайтын басқа да мәселелер талқыланды.

Коммуналдық қызметтердің басты міндеті – қалада тазалықты қамтамасыз ету. Алайда, белгіленбеген орындарда құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды үю, қоқысты бейберекет төгу фактілері анықталып жатады. Отырыс барысында соған назар аударылып, аумақтарды тап-тұйнақтай етпеген аудан әкімдеріне ескерту жасалды.

Ә.Жақсыбеков санитарлық нормаларды бұзуды жою үшін бір апта уақыт берді. Бұл ретте аудан әкімдіктерінің де, экологиялық полицияның да үйлесімді жұмыс істеуі қажет екендігі атап өтілді.

«Елорда тұрғындары мен қонақтары Қала күнін жайлы жағдайда қарсы алуға тиіс, аумақтардың бәрі жиналып, тазартылуы керек» деді Ә.Жақсыбеков.

Сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан көрсетілетін қызметтерге ерекше назар аударылды. Қала әкімі басқарманың халықпен жұмыс істеу сапасының қанағаттанарлықсыз екендігін атап өтіп, жағдайды жақсарту бойынша шаралар қабылдап, жұмыс кестесін қайта қарауды тапсырды.

Қала әкімдігі тұрғындарға жайлы болуы үшін ІІД Әкімшілік полиция басқармасының тіркеу емтихан бөлімі инфрақұрылымы мен ыңғайлы тұрағы бар басқа ғимаратқа көшіру мәселесін қарастыратын болды. Елорда басшысы, сондай-ақ, ТЕБ жұмысының сапасына тоқталып, операторлар санының жетіспейтінін жеткізді.

«Халықпен жұмыс істеу – қалалық басқармалардың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл жерде ең бастысы – мемлекеттік органдарға емес, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау» деп атап өтті елорда әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button