Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Өңірлерден жеткен өнімдер

Астанада өңірлердің кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы елордалыфқтарға Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары өз тауарларын ұсынды.

Бас қала өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жақсы дәстүрге айналды. Мұндай игі іс-шараның бас­ты мақсаты астаналықтарға азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беру болатын. Таңсәріден біз де Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы алаңды бетке алдық. Сөрелерде тауардың сан түрі самсап тұр. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бәрі осында.

Сауда белсенді жүріп жатты. Астаналықтар осы екі облыстың тауарлары әрқашан сапасы мен қолжетімді бағасымен ерекшеленетінін, ол нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен екенін атап өтті. Тауар өндірушілер болса, мұнда өз тауарын делдалсыз сатуға мүмкіндік алды. Қала тұрғындары таңертеңнен жәрмеңкеге келіп, арзан бағамен азық-түлік алып жатыр.

Елордадағы ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесіне Шығыс Қазақстан облысының жергілікті фермерлері мен тауар өндірушілері де өз өнімдерін әкелді. Бұл өңірдің өнімдері арасында астаналықтар табиғи балды жақсы көреді. Мақпал Сейітқалиқызы жыл сайын болатын осындай ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесін өткізіп алмауға тырысады. Бұл жолы ол ет, көкөністер мен жеміс­терді, ірімшік, бал, балық, жұмыртқа және нан-тоқаш өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағада сатып алу үшін келгенін жасырмады.

– Жыл сайын күз мезгілінде Астанада өтетін өңірлік жәрмеңкені асыға күтемін. Бұл жерде өзіміздің күнделікті тұтынатын тауарларымыз базардағы бағадан әлдеқайда арзан. Сондықтан, керектінің бәрін осы жерден сатып аламын. Өткен аптада Павлодар мен Абай облысының өнімдерін алдық, осы жолы Өскеменнің балын сатып алу үшін келдім. Сондай-ақ жәрмеңкеде жұмырт­қа, сүт өнімдері мен жаңғақ көп болды. Олардың сапасы жақсы, экологиялық таза өнім, бағасы да арзан. Осылардың әрқайсынан аздап көтере алғанымша сатып алдым. Бұлар бір аптаға жетеді. Келесі апта тағы келемін. Жалпы, осындай жәрмеңкелер жыл бойы жалғасын тапса жақсы болар еді, – деді Мақпал Сейітқалиқызы.

Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары елорда тұрғындары үшін түрлі өнімдерін жеткізді. Оның ішінде: 49,2 тонна бал, 2 тонна шұжық өнімдері, 8 тонна сүт өнімдері, 16 тонна өсімдік майы, 3 тонна ұн мен жарма, 9 тонна балық, 29,8 тонна мал, құс еті, 4 тонна қымыз және ұлттық өнім түрлері, 700 литр алкогольсіз сусындар да бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының 110 үздік кәсіпорны елордалықтарға шамамен 733 тонна өнім жеткізген. Бұл – 33 тонна сүт өнімдері, 107 тоннадан астам ет және шұжық өнімдері және 10 тонна макарон өнімдері, 7 есе көп ұн және 500 тоннадан астам басқа да азық-түлік өнімдері. Солтүстікқазақстандықтар жәрмеңкеге картоп пен көкөністердің түр-түрін, тауық жұмыртқасын, бал мен ара шаруашылығы өнімдерін, балық, сондай-ақ жарма әкелді. Осы өңірге әйгілі «Северный бройлер» құс фабрикасы ЖШС-нің өнімдері елордалықтарға да ерекше ұнады. Оны ұзын-сонар кезекке тұрып, құс өнімдерін сатып алып жатқан жұртшылыққа қарап аңғардық.

– Осы жылдың басынан бері біз 908 тонна құс етін өндірдік. Өңірлік жәрмеңкеге 6,5 тонна ет пен 17 өнім түрі әкелінді. Бұл тауарларды астаналықтар жақсы сатып алып жатыр, келушілер қатары өте көп. Бұл іс-шараға жылда қатысамыз, алдағы жылдары да дәстүрді жалғас­тырамыз, – деді «Северный бройлер» құс фабрикасы ЖШС директоры Талғат Матаев.

Астанада өңірлік жәрмеңкелер жыл сайын өткізіліп келеді. Мұндай жәрмеңкелер өңірлердегі ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік береді. Жәрмеңкеге арналған ассортиментті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қалауымен таңдайды. Жыл сайын жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген шаруалар саны артып келеді.

Көкөніс, жеміс-жидектің пісетін уақытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған биылғы жәрмеңке қыркүйектің 2-сі күні басталған-ды. Алғашқы болып өз өнімдерін алып келген Түркістан облысының 70-ке жуық ауыл шаруашылығы өндірушілері 556 тонна өнім әкелсе, келесі сенбі-жексенбіде Атырау мен Жамбыл облыстарының аграршылары елордалықтарға 300 тоннаға жуық өнімдерін ұсынды. Одан соң Батыс Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының тауар өндірушілері келіп, елордалықтарға азық-түліктің кеңейтілген ассортиментін ұсынды. Алматы облысының тауар өндірушілері Қонаев қаласы мен облыстың 9 ауданының атынан қатысып, жалпы сомасы 205,7 млн теңгеге 186,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелсе, Жетісу облысының Талдықорған және Текелі қалаларынан, сондай-ақ 8 ауданнан келген шаруалар 500 млн теңгеге 214 тоннадан астам тауар әкелді. Олардың айтуынша, өнімдер экологиялық таза ғана емес, сонымен қатар дәмі де ерекше. Өткен аптада Павлодар мен Абай облыстарының шаруалары жалпы көлемі 700 тоннаға жуық 40 түрлі өнім әкелсе, алдағы сенбі-жексенбі күндері елордалықтарға Қарағанды және Ұлытау өңірлері өз өнімдерін ұсынады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңірлік жәрмеңкесі әр демалыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимараты алдындағы алаңда өтеді. Биылғы жәрмеңке 29 қазанға дейін жалғасады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button