ЖаңалықтарЭкономика

ӨНДІРІСТІ ӨЛКЕГЕ АЙНАЛМАҚ

Кошербаев

Әр аптаның соңында қалыптасқан әдет бо­йынша Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ел аймақтарының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жариялануда. Кешегі брифинг қонағы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев болды.

«Облыс экономикасы, негізінен, мұнай-газ және уран өндірісіне арқа сүйеуде. Алайда, қазба байлықтары сарқылып, кен орындарын пайдалану мерзімі аяқталып келеді. Дегенмен, мұнай өндіру көлемі азайғанымен, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемін төмендетпей ұстап тұрмыз» деп сөзін бастаған күрішті өлкенің басшысы аймақта өндірістің өзге салаларын дамыту жоспарларын айта кетті. Осы жоспарлар іске асатын болса, болашақта Сыр өңірі ірі өндірісті өлкеге айналуы мүмкін. Мәселен, биыл «Шалқия» кен орнында қуаттылығы 4 млн тоннаға дейін баратын тау-кен байыту комбинатынын құрылысы басталмақ. Қызылорда қаласында арнайы және кешенді қорытпаларды өндіретін ферроқорытпа зауытын салу да осы жылдың еншісінде. Бұл өндіріс ошақтарына мамандарды даярлау қазірдің өзінде қолға алынды. Әкімнің айтуынша, облыс мектептерін биыл бітірген 130 түлек Ресейдің және Қазақстанның техникалық оқу орындарына жіберілді.

Өңірге қатысты өзге ақжолтай жаңалықтарға келсек, Қызылорда әуежайы өткен қазан айында халықаралық дәрежесін иеленді. Соның арқасында көпке ұзамай қызылордалықтар Бейжін, Стамбул, Мәскеу, Дубайға тікелей ұшуға мүмкіндік алады.

Аймақ медицинасы да даму үстінде. Облыстық перинаталдық орталық пайдалануға берілді. Донорлық бүйрек алмастыру жағынан Қызылорда еліміздегі төрт аймақтың қатарына кірді.

Білім беру саласына тоқталсақ, «Балапан» бағдарламасы биыл 89 пайызға орындалды. Келесі жылы облыс 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды толық орындауды жоспарлап отыр.

Облыс «Ақбұлақ» бағдарламасын орындау көрсеткіші бойынша бірінші орында келеді. Ондағы елдімекендер
71 пайызға ауыз сумен қамтылған.

Өңірдегі түйткілді мәселелерге келсек, ол, әрине, Байқоңыр мен Арал. Былтыр облыс аумағына Ресейдің «Протон» зымырантасығышы құлап, аймақ халқына өтемақы төленбей келеді. Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, бұл мәселе осы айдың аяғында Ресей өкілдерінің қатысуымен өтетін жиында шешілмек. Байқоңырдағы мектептер де Ресей стандарттарымен білім беріп келеді. Аймақ басшысына сенсек, келесі жылдың 1 қыркүйегінен Байқоңырдағы 6 мектеп Қазақстан стандарттарына көшіріледі.

Аралды қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілуде. Қырымбек Елеуұлы бұл үшін Елбасына рахмет айтуымыз керектігін жеткізді. Мемлекет басшысының араласуымен Аралдың солтүстік бөлігі қалпына келіп қалды. Келесі жылы бұл жұмыстардың екінші кезеңі басталмақ. Қазірдің өзінде судың жағаға жетуіне 17 шақырымдай жер ғана қалған екен.

Аманғали ШМИТҰЛЫ  

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button