Басты ақпарат

Озық технология – даму кепілі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне барды. Мемлекет басшысы оқу орнының білім беру және ғылым-зерттеу жұмыстарымен танысты, сондай-ақ оқытушылармен, студенттермен әңгімелесті.Университет ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ақылбек Күрішбаев Президентке молекулярлық биология мен гендік инженерия­ның заманауи әдістерін пайдалана отырып шығарылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын көрсетті. 5 жыл ішінде жоғары оқу орнының ғалымдары бидай мен арпаның құрғақшылыққа төзімді жаңа сорттарын шығарды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа биоорганикалық тыңайтқыштар өндіру үдерісіндегі жаңа технологияның қолданылуы, ветеринария жүйесінің цифрландырылуы, жануарларды есепке алу үдерісі жайында мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы жерді пайдалану процесін бақылауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жасаудың және жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи әдістерімен танысты. Студенттермен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті озық технологияларды қолданудың өзектілігін атап өтті.
– Сіздер өте маңызды жұмыспен айналысып жатырсыздар. Робот техникасы, цифрландыру және жасанды интеллект – қазіргі заман талабы, әсіресе, дамыған елдерде. Сондықтан бізге артта қалып қоюға мүлдем болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Студенттер Президентке қолдау көрсеткені және 2020 жылдың қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 па­йызға арттыру жөніндегі тап­сырмасы үшін алғыс айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button