Жаңалықтар

«Қайырымдылық керуені» жол тартты

«Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауына өтінімдер қабылдау басталды. 4 жыл бұрын Қазақстанның іскер әйел­дер қауымдастығының бастамасымен қолға алынған жоба бүгінде қазақ еліне кең танылып, 1000-нан астам волонтерді қамтыған. Биылғы байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды.
Былтырғы «Қайырымдылық ке­руені» байқауында 670 қатысушы бақ сынап, қоғамды ізгілендіруге үлес қосқан үздіктер марапатталды. «Биыл байқауға қатысушылар саны бұдан екі-үш есе артық болады деген сенімдеміз. Байқаудың мақсаты – отандастарымыздың ізгі бастамаларын көпшілікке кең насихаттап, қоғамды қайырымды іс атқаруға үндеу» дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Сәния Ирсалиева. Байқау жеңімпаздары 7 номинация бойынша анықталады. Қазақ халқының салт-дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық бойынша «Асар», туған өлкеге көмек көрсету мақсатында игі іс атқарған азаматтар арасында «Туған жер» номинациясы тағайындалды. Өзгені құтқарып, өз басын қатерге тіккен мамандар мен қарапайым тұрғындар арасында «Батыл жүрек», тұрақты ақысыз көмек көрсеткен волонтерлер арасында «Мейірім жолында» номинациялары бойынша үздіктер анықталады. БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын насихаттаған журналистер «Қайырымдылық тарихы» аталымы бойынша бақ сынайды. Батылдығымен, мейірбан бастамашылдығымен танылған алтыдан он сегіз жасқа дейінгі жеткіншектер арасында «Бала жүрегі», жан-жануарларға қамқорлық танытқан волонтерлер арасында «Жануарға мейірім» номинациясы жарияланды.
Байқауға өтінім қабылдау 30 қарашаға дейін жалғасады. Жеңімпаздар келер жылдың ақпанында Түркістан қаласында марапатталады деп жоспарланған. Жобаға Нұрсұлтан Назарбаев қоры қолдау көрсетіп отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button