Қоғам

ҚАРТТАРЫМЫЗДЫ ШЕТТЕТПЕЙІК

Халқымыз «Қарты бардың қазынасы бар» дейді. Өте дұрыс айтылған. Қарт адам өмірдің өткелдерінен өткен. Талай қиыншылықты басынан кешірген. Ол балаларын, немерелерін өмір сүрудегі қиыншылықтарды жеңіп, жақсы азамат болуға тәрбиелейді. Ақыл-кеңесін беріп отырады, тіпті қолғабысын да тигізеді.

Теледидардан «Өмірдің өзі новелла» сериясынан қарт ананың жағдайы туралы көріністі көрдім. Денсаулығы бар, он екі мүшесі сау ана өзінің туған баласының үйінде тұра алмайтын жағдайға келеді. Баласы анасын жақсы көреді, өзімен тұрғанын қалайды, ал келіншегі керісінше құтылғысы келеді. Осы жағдай үшін араларында түсініспеу­шілік туады. Осыны байқаған анасы баласының келешегіне зиян келтірмеу үшін үйден кетіп қалады. Жолда кетіп бара жатқан ананы көрген бір жігіт көлігін тоқтатып, отырғызып алады да, қайда апару керектігін сұрайды. Көңілі жүдеу ана қарттар үйіне апаруын сұрайды. Жігіт қарттар үйінің қақпасынан кіргеннен осы өзі ертіп келген кісідей бірнеше аналарды көріп, көңілі босап кетеді. Алып келген қарт ананы қайта алып кетіп, өз үйіне алып келеді. «Менің әке-шешем ерте қайтыс болған, сіз менің анам боласыз» дейді.

12039595_159958914348585_3862265599523381245_n-534x328

Бұл кісіні жақсы күтіп, тіпті шипажайға да жіберіп алады. Міне, осы сюжетті байқасаңыз, туған баласының келіншегі мен бейтаныс жігіттің қартқа деген көзқарастарын көресіз. Мен қарттар мен мүгедектер үйінде ұзақ жыл қызмет атқарып келемін. Сонда байқағаным, мұнда орналасқандардың біразының балалары мен жақын туыс­тары бар. Көпшілігі отбасын құрудағы және балаларын тәрбиелеудегі жіберген қателіктерінің «жемісін» көріп отыр. Соңғы уақытта мұсылмандардың, оның ішінде біздің ұлттың өкілдерінің саны артып келеді. Мекеме ашылғанда 2 қазақ болса, қазір 81. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Қазақ қай уақытта болса да жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған.

Негізінде, қарт қандай жағдайда болсын балаларының қолында болу керек. Төсек тартып жатса да кісі жалдап, үйде күтуге болады. Бізде ақылы орындар бар, соны пайдаланып, өздері қосымша ауыртпалықтан құтылу үшін әкеліп тастап ақысын төлеп отырғандар да кездеседі. Қарттар үйінде тұрғандардың баласымен немесе туысымен жақындық қатынастары үзіле береді. Немерелері ата-әжесіне жақындамай, алыстай бастайды. Ал біздің мекемеге қарт адамды үйде ұстау өте ауыр болған жағдайда ғана әкелуге болады. Біздің мекеме қазір «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болып өзгертілді. Ондағы мақсат – мекемені халыққа жақын ету. Мұнда күндізгі стационар, бірнеше сағаттық, белгілі бір кезеңге қарттарды әкелуге болады. Мысалы, еңбек демалысына барғыңыз келе ме сол уақытқа қартыңызды немесе мүгедек туысыңызды орналастыра аласыз. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, қартыңыздың көңілінің құлазуына жол бермейсіз, немерелерін күнде көріп, сағынышын басуына көмектесесіз. Ата-ананың тәрбиелеп сізді өсіргені, сізге берген қарызы, оны өтеу – сіздің парызыңыз.

sacrifice_027

Бұрын бізде бәрі тегін болатын, қазір зейнетақысының жетпіс пайызын өздеріне дәрі-дәрмек пен киім әперу үшін ұстап қалады. Осыны дұрыс түсінбегендердің кетіп жатқандары да бар. Бізге басқа елден келген қонақтар таң қалатын – қалай бәрі тегін? – деп. Ешқандай елде біздегідей толық тегін болған емес. Соны дұрыс түсіну керек. Үйіңізде тұрсаңыз да сол зейнетақыңызды өз қажетіне жұмсайсыз, оған жетпеуі де мүмкін.

Елбасы, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев қандай дағдарыс болса да, әлеу­меттік салаға барлық жағдайларды жасаймыз деп әрбір сөйлеген сөзінде айтып жүр. Ол орындалып та жатыр. Біздің мекеменің жағдайы шипажайлардан төмен емес, тіпті кейбіреу­лерінен жоғары деуге де болады. Мұндағы қызметкерлер қамкөңіл қарттарға барлық жағдайды жасап келеді. Демек, келем деушілерге есігіміз әрдайым ашық.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button