Тағзым

ҚАРМЕН ЖУЫЛҒАН ҚАН

Таяуда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының қолдауымен ұлт зиялыларының әйелдері мен балалары тартқан тау­қыметті баяндайтын «Алжир» (Қармен жуылған қан) атты көркем телехикая көрермендерге жол тартты.  

03-copy

Фильм бес бөлімнен тұрады. Бас кейіпкер Света есімді бойжет­кен әжесінің аманатымен Ресейден Қазақстанға келеді. Мақсаты – сұрапыл жылдары «АЛЖИР» тұтқыны болған әжесі мен анасын ажал мен аштықтан аман алып қалған Әлихан Сейдахметов деген азаматты тапсам дейді. Әрине, көп жылдардан кейін ол кісіні іздеп табу оңай емес. Бірақ қайсар қыз әжесі жазған күнделіктің ізімен бұрынғы лагерь маңында орын тепкен ауылдардың бірінен Әлиханды тауып алады. Бір кезде жалындаған жас жігіт бүгінде жасы тоқсаннан асқан қария. Сөйтіп, Света мен Әлихан атамыз екеуі азапты жылдардағы оқиғаларды еске алып, сол күндерге қайтып оралады.

Телехикая осылай өріледі. Алып-жұлып бара жатқан шиеленісті оқиға жоқ. Бірақ көрерменге терең ой салады. «АЛЖИР» туралы тарихтан жақсы білеміз. Онда елге тұтқа болған талай тұлғалардың жарлары мен балалары қамалған. Нақты деректерде 20 мыңнан астам әйел жазықсыз отырған деп айтады. Ол жайында көптеген кітаптар жазылды. Бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Қысқасы, көзіқарақты жанға лагерь туралы ақпарат мол. Соның бәрін қоюшы режиссер әдемі қорыта білген. Жұртқа белгілі оқиғаны қайталау жоқ. Өзінше көркем жол тапқан.

Киноны көріп отырып, біз де бас кейіпкерлермен бірге өткен күндерге сапар шектік. Арқаның қақап тұрған күзгі қара суығы. Шынжырын үзіп кетердей абаланып үрген ит. Қабағынан қар жауған солдаттар. Пойыздан түсіп, аңтарылып тұрған жұп-жұқа киінген әйелдер қайда келгендерін білмейді. Бірақ оны елеп жатқан жан жоқ. Бір кезде оларды жан-жағын сым темірмен қоршаған лагерьге алып келеді. Оны көргенде нәзік жандылардың зәресі ұшады. Әсіресе, лагерь басшысы НКВД майоры Головановтың қаталдығы тым шектен шыққан. Бойында ешқандай аяушылық қасиеті жоқ. Ана демей, бала демей тұтқындарды жазықсыз ұрып соғады. Тізеге салып бағындырғысы келеді. Әрине, бұл – қара бояу жағылған суреттер. Ал туындыда жүректі жылытып, жүректің нәзік қылын шертетін жағдайлар да бар. Қатардағы жауынгер Әлихан Сейдахметовтің түрмедегі аналарға жаны ашиды. Әділетсіздікке, әлімжеттікке төзбейді. Қолдан келгенше оларға жәрдем бергісі келіп тұрады. «Алжир» тұтқынында отырған Надеждамен көңіл жарастырады. Бала сүйеді. Ақыры, сол перзентін қапастан құтқарамын деп түрлі қиындыққа бас тігеді. Солардың бәрі жанды тербейді. Адамгершілік, мейірімділік, батылдық секілді адам бойындағы асыл қасиеттер киноның рухын көтеріп тұр.

435985-copy

Әлиханның рөлін Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, жас актер Қобыланды Болат келісті сомдайды. Сондай-ақ, Алтынай Нөгербек, Анна Старченко секілді танымал актрисалар да өз бейнелерін татымды алып шыққан. Шағын мақалада барлық оқиғаны тізіп шығу мүмкін емес. Біз кейбір көңілімізді қозғаған тұстарды ғана сөз еттік.

– Бұған дейін «Алжир» туралы бірнеше деректі фильм жарық көрді. Ал біздің туындымыз – көркем кино. Сондықтан онда қатыгездікпен бірге шынайы махаббат қатар өрілген. Махаббат болмаса, аналарымыз жан түршігерлік қапастан аман шықпайды. Олар талай қиындықты көрсе де, ертеңгі жарық күнге сенді. Үміттері үзілмеді. Өмірге деген махаббат оларды алға сүйреді. Әділдік түбі салтанат құрды. Жазықсыз жазаланғандардың бәрі кеш болса да ақталды. Фильмде рухы биік әйелдердің ұлылығын көрсеткіміз келді. Соны орындадық деп ойлаймыз, – дейді қоюшы-режиссері Әнуар Райбаев.

Азамат  Есенжол

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button