Басты ақпарат

Қасым-Жомарт Тоқаев: Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс

Кеше елордамыздағы Тә­уелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға қатысқан билік пен бұқараның, саяси партиялар мен азаматтық қоғамның өкілдері мемлекеттік саясаттағы аса маңызды мәселелерді ашық талқылады. Алқалы жиынды ашып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы Қ.Тоқаев әуелі аталған құрылымның рөліне тоқталды.

Ілгерілеуге бастайтын үш кит

Президент өз сөзінде елімізді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісіндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлін атап өтті. «Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. Бұл – дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Біз бәріміз менің ұлықтау рәсімінде «Әртүрлі пікір – бірыңғай ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деп айтқан сөзімді негізге алуымыз қажет» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси реформаларының алға бірден жүгіріп кетпей, ақылға салып, біртіндеп жүзеге асырылатынын, дамуға және жемісті жұмысқа бағытталатынын айтты. «Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторлары мемлекет алдында жауап бермейді. Реформа үшін – бұл дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекеттің басқаруын жоғалтуға алып келеді. Ешқайсымыздың мұны қаламайтындығымызға сенімдімін. Даму дә­йекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси борышымызды орындаймыз» деген пікірін жеткізді Мемлекет басшысы.
Президент билік халықтың уәжін тыңдауы керек екенін айтты. «Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы, тыңдауы керек. Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Ұлттық экономика біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айт­қанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Біз осы міндеттерді орындауымыз керек» деп түсіндірді ойын.

Ұлттық тұтастықтың негізі – демократияға бейілділік

Мемлекет басшысы мемлекетіміз үшін маңызды әрі көкейкесті мәселелер жөнінде бірыңғай түсініктің ма­ңыз­ды екенін айтты, сондай-ақ өндірістерді көшіруге қатысты қауесеттерге түсініктеме бере отырып, жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да атап өтті.
– Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыс­керлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айт­қым келеді, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент Қазақстанның халықаралық ынтымақтас­тық, үздік стандарттар мен озық технология үшін ашық екенін атап өтіп, барлық дау­лы мәселелер консенсус арқылы шешілетінін айтты. «Қазақстанның сыртқы идео­логиясында «халық жауы», «бесінші колонна», «шетелдің ықпалына ұшыраған агенттер» сияқты түсінік жоқ. Бұл – біз үшін жат нәрсе. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен патриоттығына нық сенеміз. Ұлттық тұтас­тықтың тағы бір негізі – дамудың демократиялық үлгісіне бейілділік. Біз, ең алдымен, мемлекеттілігімізді нығайту миссиясын басшылыққа алып, рационалды ұстанымда қалуға тиіспіз» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті өркендету үшін барлық саланы жаңғырту ісі дамудың стратегиялық мақсаттарының және азаматтық қоғамның пікіріне талдау жасау негізінде жүзеге асырылатынын айтты.
– Азаматтық қоғам өкілдерін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, орталық мемлекеттік органдардың бақылау кеңестеріне енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішінде қоғамдық назардан тыс қалған квазимемлекеттік сектордың ашық болуына мүмкіндік береді. Ұлттық кеңестің мүшелері «Open әкімдік» тәжірибесін жаппай таратуды ұсынып отыр. Шын мәнінде, бізге басқару мәдениетінің жаңа стандартына көшу керек. «Open әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы кедергіні алып тастайды, – деді ол.
Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қарау ісін жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс тобы аясында Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.

Бес заңымыз түзелсе, саяси бәсекелестікке жол ашылады

Ұлттық кеңес аясында үш бағыт – саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылған болатын. Бүгінгі отырыста осы үш топтың әрқайсысынан екі адам, яғни 6 адамға сөйлеу­ге өкілеттілік берілді. Регла­ментті кеңес мүшелері өздері келісіп, бекітті. Барша баяндамалардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде болды.
Мәселен, Саяси реформа тобының атынан баяндама жасаған Айдос Сарым «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Бейбіт шерулер туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттары туралы» заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынды. Сонымен қатар «Жергілікті өзін-өзі басқару», «Сот жүйесін реформалау» тұжырымдамаларын қарастыру қажеттігін айтты.
– Жұмыс тобы жүргізген мониторинг, осы кезге дейін істеп келген дискуссиялық алаңдар мен талқылардың материалдарын зерттеу, баспасөзде жарық көрген мақалалардың мазмұны, сарапшылар мен саясаткерлердің пікірі, негізінен, бес заңның аясындағы сын мен дау-дамай екенін айқын көрсетеді. Осы бес заң түзелетін болса, осы бесеуі ырыққа келсе, дұрыс сайлау өтеді, саяси плюрализм мен саяси белсенділікке, саяси бәсекелес­тікке жол ашылады деген пайымдар бар. Бұл заңдар: «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыс­тар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» 1995 жылдың 17 наурызындағы заңы; 2002 жылдың жазында қабылданып, сан мәрте жамалған «Саяси партиялар туралы» заң; 1999 жылы қабылданып, қырық жамалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң; бағынан соры көп, талай-талай даудың өзегі болып табылатын, 1995 жылы қабылданып, соңынан мың құбылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң; «Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның депутаттары туралы» заң. Сонымен қатар қоғамдық орта мен санада «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы», «Сот реформасы және пенитенциарлық жүйелерді реформалау туралы» арнайы тұжырымдамалар бірінші кезекте қабылдануы тиіс деп отырмыз. Бұл заңдар қай бағытта өзгеруі тиіс деген сұрақ туындайды. Біздің пікірімізше, бұл заңдар түбегейлі түрде қайта қаралып, заман талабына, жұрт сұранысына сай қайта жазылып, ашық талқыланып, жаңадан қабылдануы керек, – деді А.Сарым.
Жиында Ұлттық кеңестің мүшелері Рақым Ошақ­баев, Мұхтар Тайжан, Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Саясат Нұрбек, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Сейдахмет Құттықадам, Ораз Жандосов сөз сөйледі.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button