Жаңалықтар

«Бизнеске арналған Үкімет»

Елорда әкімі Алтай Көлгінов өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлермен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында түйткілді мәселелер ашық айтылып, оларды шешу жолдары талқыланды. Сондай-ақ «iQala» қалалық қызметтер орталығының базасында «Бизнеске арналған Үкімет» алаңын ашу мәселесі де қаралды. Аталған алаң кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша барлық қажетті қызмет түрлерін алуға жәрдемдеседі.

– Елбасымыз кәсіпкерлер – экономиканың қозғаушы күші екенін жиі-жиі айтады. ШОБ секторына әртүрлі жеңілдіктер беру қажеттігін де үнемі ескертеді. Елордамызда бұл бағытта кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызу үшін барлық іс-шаралар атқарылуда. Ең бастысы, адал еңбек етіп, шығаратын өнімнің сапасына көңіл бөлу керек. Елімізде отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған «қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама жүзеге асырылуда. Мысалы, №1 индустриалдық парктің жұмысы аса қарқынды жүріп жатыр. Ол жерде 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз екінші индустриалдық паркті ашуға кірістік. Кәсіпкерлерге қолайлы болуы үшін «Бизнеске арналған Үкімет» деп аталатын алаң ашамыз. Сол жерде «бір терезе» қағидатымен барлық көмек түрлерін алуға болады, – деді Алтай Сейдірұлы.
Сонымен қатар қала басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Ол мұндай кездесулердің жүйелі түрде өтетінін жеткізді. Тараптар ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button