Басты ақпаратҚұқық

Қауіпсіздікке қалтқысыз қызмет

Бас қалада өрт оқиғалары жиілеп кеткен. Биыл 640 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 11 адам көз жұмған және 139 млн теңге шығын келтірілген. Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевтың айтуынша, өрт көбіне жер үйлерде, әсіресе қыста тұруға ыңғайлы етіп жасалмаған саяжайлардағы үйлерде жиі шығады. Бұл туралы ол El-Orda YouTube арнасына берген арнайы сұхбат кезінде мәлімдеді.

[smartslider3 slider=972]

– Елордада өрт оқиғалары көп. Себеп неде? Тұрғындар қауіпсіздік шараларына салғырт қарай ма, әлде төтенше жағдай мамандарына  жылдамдық жетіспей ме?

– Өрт оқиғаларының 40 пайызы үйлерде, әсіресе жер үйлерде болады. Оның басты себептері – қолданатын жылыту пештерінің ескіргендігі. Сондай-ақ электр сымдарының да тозығы жетуі өрттің шығуына себеп. Тұрғындардың көбі саяжайларда тұрады, ол жақта үйлер қысқы уақытта тұруға ыңғайластырып салынбаған. Біз оларға профилактикалық шаралар өткізіп, жадынама таратамыз, пешті қолдану ережелерін түсіндіреміз, сонда да өрт оқиғалары азаймай отыр. Мұндай кемшіліктерді ТЖД мамандары жылда 15 тамызда жылыту маусымына дайындық басталғанда жүргізілетін тексерулер нәтижесінде де анықтайды.

– Жақында ел аумағында үйлердегі өрт қауіпсіздігі бойынша 158 мың заң бұзушылық анықталғаны белгілі болды. Сондай статистиканы елорда бойынша айта аласыз ба? 

– Жылыту маусымына байланысты профилактикалық жұмыстар 15 қыркүйекке дейін созылады. Шынымен де қауіпсіздік талаптары өте көп бұзылады. Елордада 19 мың қауіпсіздік ережелерін сақтамау фактілері тіркелді. Сол фактілердің 40 пайызы жылыту пештерінің ескіргендігімен, 43 пайы­зы электр сымдарының тозығы жетуімен байланысты болған. Оның үстіне барлық үй бізді кіргізе бермейді. Мысалы, осы жылғы жылыту маусымына дайындық кезінде 55 үй бізді кіргізбеді. Себебі жер үйлер осындай рейдтер жүргізу бойынша бақылауға алынбайды. Бәрі де олардың өз еріктерімен тексеріледі. Жер үйлерді пайдаланғасын жыл сайын ескіретіні белгілі, сәйкесінше өрт қауіпсіздігінің бұзылу фактілері де көбейе береді. Сондықтан арнайы мамандар келгенде қауіпсіздік жағын тексертіп, қаратып алғаны жөн. Біз қай жерге қандай жөндеу жүргізу керектігін нақты айтып бере аламыз.

– Мәселе тек тұрғындардың ереже бұзуында ғана ма? Кадр тапшылығынан қиындық жоқ па?

– Мамандар жеткілікті. Қазір қала бойынша 13 өрт сөндіру бөлімі бар, автокөліктеріміз де жетеді. Биыл 33 улы газ датчигі орнатылды. Енді тағы 80 датчик орнату жоспарда бар. Өрт сөндірушілерде тепловизор да алынған. Ол құралда температура, басқа да параметрлері көрсетіліп тұрады. Қазіргі таңда бізде өрт сөндіруші, көлік жүргізушілерге сұраныс бар. Себебі бізге жаңадан 200 орын бөлінді. Жұмыс іздегендер Бөгенбай көшесі, 4 мекенжайдағы өрт сөндіру бөліміне келсеңіздер болады. Техника жағынан бәрі жеткілікті. Гарнизонда 176 техника бар, олардың ішінде негізгілері, қосалқы, арнайы түрлері болады. Өзіміздің министрлік жыл сайын бізге 10 техникадан алып беріп отырады. Былтыр әкімдікпен лизингтеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Техника жарамдылық мерзіміне қарай жаңартылып отырады.

– Елордада қыс басталды. Ұзақ қысқа қаншалықты дайынсыздар?

 – Қысқы уақытқа біз негізінен, әкімдіктің бекітілген жоспарына сай дайындық жүргіземіз. Қыстағы қармен күреске шұғыл жасақ шығарамыз, оған 420 техника, 740 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қазавтодор» мекемесімен бірге де көп жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Елорда айналасында қалың күртік қар басып қалу қаупі басым 16 телім бар. Қыста қар тазалайтын кездерде біреулердің көліктерін жолда тастап кетуі кедергі келтіреді. Дегенмен біздің тарапымыздан жұмыста үздіксіз жүргізіледі.

– Қалада сауда үйлерінде, базарларда орталықтандырылған дабыл жүйесі дұрыс істемейді, сондықтан өрт кезінде базарларға барған құтқарушылар өрт орнына кіре алмай қалуы жиілеген. Соның салдарынан кәсіпкердің дүние-мүлік өртке оранып, шығын келтіреді. Мұның алдын алуға бола ма?

– Өздеріңізге белгілі, жақында екі өрт болды. Біреуі – «Тұлпар» сауда үйі, екіншісі – «Астықжан» базарында. Екеуі де тексеруге алынатын нысандар қатарында жоқ, демек, қауіпсіздік талаптары дұрыс сақталмаған деген сөз.  Қала бойынша тексеруге жататын 198 сауда үйі бар. Бізде тексеру үшін арнайы мораторий жарияланады, көбіне өрт соған кірмей қалған базарларда болады. Мәселен, «Тұлпар» сауда үйі тек тәуелсіз аудитпен отырғандықтан, оларға біздің тарапымыздан тексеру жүргізілмеген. Ал көп қабатты үйлерде МИБ-тер жауапты, бірақ оларда да көптеген кемшіліктер анықталып жатады. Сондықтан біз тек өздерінің сұранысы бойынша ғана тексереміз.

– Алдағы қыста мұз үстінде ойнайтын балаларға да қауіп төнеді. Осы бағытта қауіпсіздік шараларына қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Жақында мұзда ойнап, суға батып кете жаздаған екі баланың оқиғасы болды. Олар өзеннің бір жағалауынан екінші жағалауына жүгіріп ойнаған. Бұл бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Құдайға шүкір, арты қайғылы оқиғаға ұласқан жоқ. Өткен қыста да, осы жылы да мұзда ойнап, суға батып кету оқиғалары тіркелмеді. Осы бағытта «Жұқа мұздан абайлаңыз!» деген профилактикалық жұмыс жүргіземіз.

– Суға батып өлгендер биыл көп болды ма? Судан құтқару жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Суға түсу маусымы кезінде биыл 6 адам қайтыс болды. Оның төртеуі – жасөспірім. Жылда 1 маусымнан 31 тамыз аралығында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Адамдармен кездесіп, түсіндіреміз, жадынама таратамыз. Қала әкімінің қаулысымен елордада суға түсуге болатын 3 орынды және суға шомылуға болмайтын 21 орынды белгіледік.

– Төтенше жағдай саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын, жалақысын көтеру, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіледі?

– Қазіргі таңда 1 жылдық еңбек өтілі бар өрт сөндірушінің жалақысы – 108 мың теңге. Бізде еңбекақы еңбек өтілі, біліктілігіне байланысты өзгеріп отырады. Ал 20 жылдық тәжірибесі бар сержанттардың айлығы 180 мың теңге болады. Дегенмен алдағы үш жылда сала қызметкерлерінің жалақысы 10 пайыздан 53 пайызға дейін көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар қатардағы және кіші құрам үшін әскери қызметкерлер сияқты несиеге үй беру мәселесі қарастырылуда. Қызметкерлер «Нұрлы жер» және «Елорда жастары» бағдарламалары арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне ие.

– «Бүгінгінің батырлары» деген атқа лайық мамандық иелерінің өздерінің қауіпсіздігі қаншалықты назарға алынады?

– Иә, олар бір өрт шығып, соны сөндіруге бара жатқанда ол өрт оқиғасының қандай деңгейде қауіпті екенін білмейді. Мәселен, өрт оқиғасы болған жерде газ балоны бар ма, олар нешеу екенінен де бейхабар болады. Сондықтан басын қатерге тігіп бара жатқан жандардың бұл қызметі – сөзсіз ерлік. Жұмыста олар күнде оқу жаттығуына қатысады. Қазір жұмыстағы бір өзгеріс – қызметкерлердің түрлі нысандармен танысуы. Мәселен, бізде үлкен сауда орталықтары бар, олардың құрылыстық жобасы, макеті өте күрделі, бұрынғыға ұқсамайды. Соларды барып көріп, аралап танысады, экскурсия өткізеді. Бір шолып шықса, жігіттер қай жерінде қандай жол бар екенін білетін болады, ал көлік жүргізушілері ең қысқа жолмен қалай баруға болатынын біледі. Егер ТЖ қызметкері өзі жараланып, зардап шегер болса немесе қайтыс болса департамент тарапынан көмек болады. Зардап шегу деңгейіне қарай жәрдемақы төленеді.

– Нормативтерге сай өрт сөндіруші оқиға орнына қанша уақытта барып үлгеруі керек?

– Әр ауданда өрт сөндіру бөлімі болған жағдайда, сол аумақта қала ішінде олар 10 минутта оқиға орнына жетуі керек. Ал аудандарға 20 минутта барады. Қазіргі таңда аздап кідіру бар. Себебі бізде қалада көлік жүргізушілерінің мәдениеті төмендеу, өрт сөндіру көлігі келе жатқанын көріп жол берудің орнына өздері өтіп кетуге тырысады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button