Sport

Қазақ боксы биігінен түспейді

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтетін ХVІІ жазғы Азия ойындарына аттанды. Ел намысын қорғайтын былғары қолғап шеберлерін жүздеген жанкүйер Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан қошеметпен шығарып салды.
Төрткүл дүниеде өтетін дүбірлі додалардан жүлдесіз қайтпайтын бокс құрамасының мақсат-мүддесі жайлы Қазақстан Республикасының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Абдрахманов әңгімелеп берді.

– Болат Үкібайұлы, алдымен сәтті сапар тілейміз! Азия ойындарының маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.
– Алдымен біз де газет арқылы бокс десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Азия ойындарын осы біздің үлкен құрлықтың олимпиада ойындары десе болады. Төрт жылда бір өтетін байрақты жарысқа барлық елдер барын салып дайындалады. Ең мықты спортшыларын әкеледі. Бұл ретте Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев мырза біздің спортшылардың жақсы дайындалып, нәтижелі өнер көрсетуі үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Ал біз болсақ өз тарапымыздан, яғни боксшылар құрамасы ел қоржынына көбірек медаль түсіруді мақсат етіп отыр­мыз.
– АИБА келісімімен Азия ойындарына ерлер жарысындағы үш салмақ қатыспайтын болды. Бұл ұйғарым бізге қаншалықты әсер етуі мүмкін?
– Біз халықаралық ұйымдардың мүшесі болғандықтан, мұндай шешімдерге қарсылық білдіре алмаймыз. Әрине, үш салмақтың қатыспауы біз үшін үлкен проблема тудырды. Мәселен, Ниязымбетов те, Левит те, Қонқабаев та жүлдесіз қайтпайтын еді деп ойлаймын. Дегенмен басқа боксшыларымыз да жерге қаратпайтынына сенімдімін.
– Есімізге түсірсек, осыған дейінгі Азия чемпионатында біздің құрама бір-ақ алтын алып, қалың жанкүйердің көңілін түсіріп алған еді. Осындай жағдай қайталануы мүмкін деген қауіп жоқ па?
– Біз қашанда Азияда ешкімге жолды бермейтін едік. Енді бір жарыста осындай жағдай орын алды екен деп түңіліп кетуге болмайтын шығар. Бір жерден қателіктер кетуі де мүмкін ғой. Өйткені бұл – спорт. Бірде бап шапса, бірде бақ шауып кетеді. Ең бастысы, бүгінгі таңда ұлттық құраманың негізі біртіндеп өзгеріп, жас боксшылар қосылып жатыр. Бұл жерде айтатын бір жай бар. Азия боксы бұрынғыдан да қарқынды дамып барады.


– Ұлттық құраманың дайындығы қалай өтті?
– Жақсы өтті. Ұлттық олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан бокс федерациясы тарапынан жан-жақты қолдау жасалды. Боксшыларымыз жыл басынан бері бірнеше халық­аралық жарыстарға қатысты. Сондай-ақ, Англия, Өзбекстан, Ресей, Беларусь боксшыларымен бірлес­кен жаттығулар өткіздік. Осының бәрі өз жемісін беруге тиіс.
– Джакарта шаршы алаңында ел намысын кімдер қорғайды?
– Атақты бапкеріміз Мырзағали Айтжановтың құрамында Теміртас Жүсіпов (49 келі), Азат Махметов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Саматәли Толтаев (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі) және Әбілхан Аманқұл (75 келі) өнер көрсетеді. Ал Вадим Присяжнюк баптайтын әйелдер боксында Назым Қызайбай (51 келі), Сәния Сұлтанқызы (57 келі) және Римма Волосенко (60 келі) шаршы алаңға шығатын болды.
– Ал енді алтын алатын боксшыларды атай аласыз ба?
– Жоқ, атамаймын. Осы боксшылардың бәріне үміт артамыз. Қазақ боксшылары әлемдік жарыстардан ешқашан құр алақан қайтпаған. Бұл жолы да солай болады деп ойлаймын. Көріңіздер, сеніңіздер.

Қазақстан боксшыларының Азия
ойындарындағы көрсеткіштері

1998 жыл. Бангкок, Тайланд.
Ермахан Ибрайымов, 67 келі, алтын медаль
Мұхтархан Ділдәбеков, + 91 келі, алтын медаль

2002 жыл. Пусан, Оңтүстік Корея.
Нұржан Кәрімжанов, 60 келі, алтын медаль
Геннадий Головкин, 67 келі, алтын медаль

2006 жыл. Доха, Катар.
Бақыт Сәрсекбаев, 69 келі, алтын медаль
Бақтияр Артаев, 75 келі, күміс медаль
Мұхтархан Ділдәбеков, + 91 келі, күміс медаль
Галиб Джафаров, 57 келі, қола медаль
Серік Сәпиев, 64 келі, қола медаль
Дмитрий Готфрид, 91 келі, қола медаль

2010 жыл. Гуанчжоу, Қытай.
Данияр Елеусінов, 64 келі, алтын медаль
Серік Сәпиев, 69 келі, алтын медаль
Біржан Жақып, 49 келі, күміс медаль
Иван Дычко, + 91 келі, күміс медаль
Данабек Сужанов, 75 келі, қола медаль
Әйелдер боксында:
Саида Хасенова, 57 келі, күміс медаль

2014 жыл. Инчхон , Корея.
Ілияс Сүлейменов, 52 келі, алтын медаль
Данияр Елеусінов, 69 келі, алтын медаль
Жәнібек Әлімханұлы, 75 келі, алтын медаль
Әділбек Ниязымбетов, 81 келі, алтын медаль
Антон Пинчук, 91 келі, алтын медаль
Иван Дычко, +91 келі, алтын медаль
Біржан Жақып, 49 келі, күміс медаль

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button