Сұхбат

ҚАЗАҚ ҰЛТЫН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫН ШЕТЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ НАСИХАТТАП ЖҮРСІЗ?

Меруерт

Меруерт ҚҰМАРОВА,  журналист, «Болашақ» бағдарламасының степендиаты:

– Жақында Лондондағы Букингем сарайынан 100 метр жерде Қазақстанның бейбітшілік және келісім орталығы ашылды. Ұлыбританиядай мультимәдениетті елге этносаралық толеранттық пен келісімнің қазақстандық моделін насихаттауға, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған орталыққа біз де бас сұқтық. Шетте жүрген қазақтар үшін ат басын бұратын туған жеріңнің бір пұшпағы секілді  мүйістің пайда болғанына, несін жасырайық, қатты қуандық. «Сағынғанда не өзің тыңдарсың, не қазақты таныту фольклорынан, оның ішінде әндерінен бастау керек, бір шетелдікке сыйларсың» деп жолға шығарда әпкем Жанна Дулатқызы берген «Қазақтың 1000 әні» атты ән-жинақты ашылу салтанатының мәртебелі қонағы –  Ұлыбритания Парламентінің депутаты Тони Болдри мырзаға табыс еттім.

Ал, таяуда Брунель университеті аумағында құрулы тұрған киіз үйді көргенде, «ойхой, қазақтың тойы мұнда да болып жатыр ма?» деп  қатты таңғалғаным рас. Сөйтсем, бұл киіз үй Лаура мен Пит есімді британдықтардың жеке кәсібіне айналған екен. Олар Қазақстанды көрмесе де, киіз үйдің тарихын, пайдасын, жақсы тұстарын бір қазақтай біледі. Екеуі екі сағатта құратын киіз үйдің бағасы, оның түрлеріне қарай шарықтап кете береді. Демек, қазаққа басқа ұлт пен мемлекеттерге жалтақтай бермей, барымызды бағалап, ұлттық  болмысымызбен, салт-дәстүр, мәдениетіміз және даму жолымызбен  бөлісетін, мақтанатын, көрсететін кез келді деген ой түйдім.

 Абдулла

Абдулла Кобаноглу,  жеке кәсіпкер, Францияда 34 жылдан бері тұрады:

– Францияға сонау 1980 жылдары өзім туып-өскен Түркиядан көшіп келдім. Мен 1946 жылдары  Қазақстанның шығысынан әуелі Қытайға өтіп, біраз жылдан кейін Пәкістан арқылы Түркияға табан тіреген қазақтардың ұрпағымын

Өзім сияқты жастарға ілесіп, Еуропаға қоныс аударғанда көздегенім – мұсылмандарға, азиялықтарға дұрыс көзқарас қа­лыптасқан осы Франция еді. Мұнда жолым болды. Өйткені, мені Сент-Уан қаласының футбол клубына шабуылдаушы қылып алды. Төрт жылға таяу ойнадым, кейін тізем шытынап, футболшылық кәсібіме нүкте қоюға тура келді. 

Қазір Париждің Бельвиль кварталында теріден бұйымдар мен киім тігетін шағын тігінхананың қожайынымын. Қарап тұрсаңыздар, біздің өнімдеріміздің барлығының зат белгісінде Қазақстанның туы бейнеленген. Тұрақты  тұтынушыларым сұрайды: «Қазақстан деген қандай ел?» деп. Сондай кезде «бұл ешкімге қараптанқарап соқтықпайтын, соңғы 20 жылда тәуелсіз мемлекет ретінде даңғыл даму жолына түскен, жүздеген ұлт  өкілдері мекен етсе де, қоғамдық келісімге ұйыған менің атамекенім» деп жауап беремін.

 Магжан

Мағжан САҒЫМБАЕВ, жиһанкез:

Қос доңғалақты шайтан арбамен 20 айдың ішінде бүкіл дүние жүзін аралап шығуды көздеген «Bike The Earth» жолсапарымды 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні бастаған едім. Қазір оншақты елдің аумағын көктей өтіп, Францияның Лион қаласына аялдадым. Жолшыбай көрген-білгендеріммен Қазақ географиялық қоғамының интернеттегі арнайы бетшесінде бөлісіп отырмын. Айтпағым, жолда кездесетін адамдардың басым бөлігі мейірімді, адамгершілігі мол жандар боп келеді. Сондықтан  ұзақ сапарға шыққан жиһанкезден физикалық мықтылықтан бөлек, толеранттық төзімділік те талап етіледі. Егер сіз өзіңіз шын ілтипат көрсетпесеңіз, ашылмасаңыз, сізге кім жылы қабақ таныта қояр дейсіз? Мысалы, мен Солтүстік Осетияда болдым. Шешенстанға барып, шешендердің отбасында қонақ болып қайтқан орыс жігіттерін көрдім. Сондықтан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» Абай айтқан сөздің терең мәнісін өзге халықтардың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысқанда түсіне  түседі екенсің. Өзім де жүрген жерімде Қазақстан туралы айта жүремін. Мысалы, 8 қыркүйекте Швейцарияның «St.Galler Tagblatt» газетінде жолсапарым жайында бір беттік мақала шықты.

«Әлемнің азаматы болыңдар» дегенді Елбасы жастарға жиі айтады. Айтылған сөздің астарын үйден ұзап шықпағандар ұғына қоюы екіталай. Ал, менің бұдан бұрынғы, қазіргі сапарларымда тапқан таныстарым мен достарымды санамаласам, баяғыда бір ауыл болатындай екен.

Дайындаған: Әділбек Жапақ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button