Басты ақпарат

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі

[smartslider3 slider=1822]

Құрметті отандастар! Ардақты ағайын!

2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды.

Баршаңызға мəлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тəртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті.

Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтас­тығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ.

Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз.

Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз.

Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тəуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес.

Қазақстан əлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азия­да көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді.

Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас.

Құрметті қазақстандықтар! Қымбатты отандастар!

Қаңтар оқиғалары тұтас Қазақстанды күйзелтті. Қазақстанға жасалған осы ұйымдасқан шабуылдар мен тəртіпсіздіктердің мақсаты елдің тұтастығы мен мемлекеттің негізін бұзу болды.

Бұл оқиғалар тəуелсіздікті көздің қарашығындай, айрықша ұқыптылықты қажет ететін нəзік шыныдай сақтау керектігін тағы бір рет көрсетті.

Қасіретті оқиғалар бəрімізге сабақ болды. Осы ойран мен кісі өлтіруді кім ұйымдастырғанын анықтау маңызды. Бұл сұраққа тергеу жауап береді.

Маған қарата айтылып жатқандарға жауап бере отырып жəне бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға байланысты хабарлаймын: мен 2019 жылы Президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа бердім жəне содан бері зейнеткермін, қазіргі кезде Қазақстанның астанасында құрметті демалыстамын, ешқайда кеткен жоқпын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толыққанды билікке ие. Ол – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Алдағы уақытта ­Президент Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элитада ешқандай да қақтығыс немесе текетірес жоқ. Бұл тақырыптағы өсек-аяң мүлдем негізсіз.

Менің 30 жыл бойы Отанымыз үшін қол үзбей еңбек еткенім баршаға мəлім. Біз оның шекарасын бекіттік. Прогресшіл реформалар жүргіздік. Тəуелсіз Қазақстанды бірге қалыптастырып, əлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен нəтижелерге жеттік. Көптеген көрсеткіш бойынша Орталық Азияда ғана емес, ТМД-да да көшбасшы болдық.

Қазақстан əлемдік қоғамдастықта белгілі əрі беделді мемлекетке айналды. Бұл – барлық қазақстандықтың ұйысуы мен бірлігінің жемісі.

Елдегі тұрақтылық пен тыныштық əрдайым менің мақсатым болды. Біздің бəрімізге осы құндылықты сақтау керек. Біз дағдарыстан міндетті түрде өтеміз жəне бұдан да күшті бола түсеміз.

Президент халықтың əл-ауқатын көтеруге бағытталған жаңа реформалар бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаны қолдау қажет.

Құрметті отандастар, сіздерге денсау­лық пен бақ-береке тілеймін!

Мемлекет басшысы лауазымында отырып жүргізген жаңғыртулар мен реформаларымды қолдағандарыңыз үшін алғыс білдіремін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button