Руханият

Қазақтың жоғын жоқтаушы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жүктеген бір міндет – барлық отандық және шетелдік архивтер дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін арнайы «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын әзірлеу тапсырылған болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіндегі «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы белгілі зерттеуші-ғалым, музейтанушы Марат Ескендірұлының (Әбдешев) жеке құжаттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырды.Белгілі зерттеуші-ғалым, музейтанушы Марат Ескендірұлы (Әбдешев) 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл (Күршім ауданы) ауданында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қазақтың көптеген көне мұраларын жинап, зерттеп, анықтаған. Музей экспозиционері ретінде еліміздің 60-қа жуық музей экспозициясының ғылыми-музейлік жобаларының авторы болған және олардың құрылуына тікелей атсалысқан.
Марат Ескендірұлы Базарбай Мәмбетов, Сатылған Сабатаев, Мұхаметжан Тынышбаев, Уәлитхан Танашев, Ғұбайдолла Бердиев, Шафқат Бекмұхамедов, т.б. көптеген Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты энциклопедиялық және 100-ден астам ғылыми-танымдық мақалалар жазған.
Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Яғни, рухани және материалдық мұраларымызды өзге жұрт тасып әкеткен, жоғалтқан замандар болды. Осы күнге дейін халқымыз соны түгендеумен, іздеумен келеді. Қазіргі жаһандану заманында елдікті сақтап, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында ұлттық тарихымызды ұлықтай түсуіміз керек екенін түсінген Марат Ескендірұлының ерекше қызығушылық танытып, ғылыми қызметкер ретінде ел арасынан, алыс-жақын шетелдермен байланысып, жинақтаған, зерттеген дүниесі – Алаш қайраткерлері және ең алғашқы қазақ оқығандары туралы мәліметтер болып табылады. Аталған ізденістің нәтижесінде қор иесінің соңғы ширек ғасырдағы өзі іздеп тауып, жинап, анықтап музей қорына өткізген және баспасөз беттерінде жарияланған ХІХ ғасырдың орта шенінен басталған қазақтардың фото бейнелері еніп, нақты деректер берілген «Қазақ портреттері», «Алаш Орда министрлері» кітаптары жарық көрді.
М.Ескендірұлының жеке қорынан тарихымыз бен мәдениетіміздің қасиет­ті тұғырына көтерілген ең алғашқы қазақ оқығандары, соның ішінде Алаш үкіметінің мүшелері болған зиялыларымыз туралы қор иесінің архивтер мен қорлардан жинақтаған, зерттеген құнды дүниелерін көреміз. Бұл құжаттардың қазіргі біздің жастарға және кейінгі ұрпаққа берері мол. Қор иесінің зерттеулерінде көрсетілген «Алаш» көшбасшыларын үлгі ете отырып, бүкіл қазақстандықтарға патриоттық тәрбие беруге болады. Ұлттық архивтің жеке қорларының қатарын толықтырған Марат Ескендірұлының құжаттары ізденімпаз зерттеушілердің қызығушылығын тудыратыны күмәнсіз.

Әсия Керімтаева,
ҚР Ұлттық архивінің жеке
тектік құжаттармен жұмыс
жүргізу бөлімінің басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button