Қала тіршілігі

Қоғамдық көліктегі қауіпсіздік күшейтілді

Елордада жексенбі күні қоғамдық көліктер жүрмейді. Карантин талаптарына сай автобустарға аптасына бір күн кешенді залалсыздандыру жүргізіледі.

Қалада жолаушы тасымалдайтын 790-нан астам автобустың іші-сырты жексенбі күндері тұтас­тай тазаланып, залалсыздандырылады. Жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар өздеріне қарасты көлік жуу бекеттеріне санитар мамандарды шақырып, бұл шараларды солардың қатысуымен атқарады.
Астанада қоғамдық көлікті жүргізгеніне 6 жылдан асқан, 35 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы жүргізуші Әділхан Байтемиев күнделікті автобус желісіне шығар алдында көлігі мұқият техникалық тексерістен, өзі де тиісті медициналық сынақтан өтетінін айтты.
– Талап тіптен күшейген. Оның бәріне түсіністікпен қараймыз және жолау­шыларды да осыған түсіністікпен қарауға шақырамыз. Жүргізушілер рейске шыққанда беттұмшаны тастамай ұдайы тағып жүреді. Оны жолаушылардан да қатаң талап етуге міндеттелген. Қолдарына қолғап киіп, дезинфекция жасайды. Автобустарда антисептик бар, – дейді қоғамдық көлік жүргізушісі.
Індетке байланысты қоғамдық көліктегі қауіпсіздік қазір басты назарға алынған. Таңғы 06.00-ден түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істейтін автобус жүргізушілері көлігін тұраққа қалдырмас бұрын, оны мұқият дезинфекциядан өтуін қадағалайды.
– Дезинфекция жүргізген кезде, автобустың іші тұтас залалсыздандырылады. Сондай-ақ көлікті жуған соң тағы бір мәрте тазартылады. Әдетте мұндай дезинфекциялау кезінде хлор ерітіндісі қолданылады. Естеріңізге салсақ, шаһардың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша әр жексенбіде қоғамдық көлік қатынасына тыйым салынған. Есесіне бұл күні залалсыздандыру ­жұмыстары қызу жүргізіледі, – деді эпидемиолог-дәрігер Гауһар Ағажаева.
СТS компаниясының қоғаммен байланыс бойынша қызмет жетекшісі Оксана Лоскутованың айтуынша, қаланың қоғамдық көліктерінде 600-дей жүргізуші жетіспейді. Сондықтан жолаушы тасымалдау кәсіпорындарында денсаулығы мықты, тәжірибелі мамандарға деген сұраныс жоғары.
Індетке байланысты көлік қызметкерлері­не деген шарттар күшейтілген, ол талаптарға сай болу оңай емес. Дегенмен қазіргі күні жүргізушілерді жұмысқа қабылдау үзіліссіз жүргізіліп жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button