Қоғам

Қордың 70 миллиард теңгесі қайтарыла ма?

Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Әзербайжан халықаралық банкінің (ӘХБ) инвесторы емес. Бұл туралы кеше Мәжілісте журналистердің сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. Бұл жердегі әңгіме төрт жыл бұрын БЖЗҚ 70 млрд теңгеге (250 млн доллар) ӘХБ-ның облигацияларын сатып алғаны жөнінде болып отыр.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, аталған банктің барлық қағаздары Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына ауыстырылған. «Яғни, біз қазір Әзербайжан мемлекетінің инвесторы болып табыламыз. БЖЗҚ-ның әлгі банкке ешқандай да қатысы жоқ» деп түсіндірді Д.Ақышев. Ол екі жыл бұрын осы мәселенің егжей-тегжейлі түсіндірілгенін қайталады. Сөзінің тоқ етерінде, БЖЗҚ-ның Әзербайжан Республикасының Қаржы министрлігінің облигацияларын иеленгенін жеткізді. Қош делік.
Сәл шегініс жасасақ, өткен жылдың мамыр айында Әзербайжандағы банк секторының жиынтық активтерінің 40 пайызын құрайтын ӘХБ банкрот болғанын хабарлады. Ал тамыз айында БЖЗҚ-ның басшылығы екіжақты келіссөздер нәтижесінде ӘХБ-ның облигацияларын Әзербайжан Үкіметінің бағалы қағаздарына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сол уақытта Мәжіліс депутаттары Премьер-министр Б.Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевке БЖЗҚ-ның «желге ұшқан» қаражаты туралы сауал жолдады. Көп ұзамай «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов әзербай­жан­дық банкке салынған БЖЗҚ-ның ақша­сы толықтай қайтарылатынын айтты.
Одан бұрын Ұлыбританияның ауыр қылмыстармен күрес агенттігі ӘХБ-ның экс-басшысы Жаһангир Хаджиевтің жұбайының табысына қатысты ақпарат таратты. Әйелден құны 11,5 миллион фунт үйі мен 10,5 миллион фунт жер учаскесі жөнінде түсінік беруін талап етті. Шілде айында Хаджиева сот алдында жа­уап беріп, 10 жылда Лондондағы Harrods дүкеніне 16 миллионнан аса фунт стерлинг жұмсағаны мәлім болды. Оның күйеуі Ж.Хаджиев ӘХБ-ны 2001-2015 жылдары басқарған. 2016 жылы Баку соты оны бірнеше айыптаулар (мемлекет қаражатын жеке басына пайдалану, алаяқтық, лауазымын асыра пайдалану) бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырды. Сот оған 40 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button