Руханият

Құлақтан кіріп, бойды алған

Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасы дегенде, есімізге ұлы тұлғаның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, қаламқас», т.б. белгілі туындылары түседі. Алайда Абайдың көп айтыла қоймайтын, жұртқа танылмаған әндері де бар. «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби-сазды кешті ұйымдастырған Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ақынның танымал туындыларымен қатар жұртқа беймәлім әндерінің халыққа жете түсуіне мүмкіндік тудырды.

Бұл кеште Абай өзі айтпақ­шы, «құлақтан кіріп, бойды алған», «көңілге түрлі ой сал­ған», «ұйықтап жатқан жү­ректі оятатын» әндер шыр­қалды. 1945 жылы хакімнің туғанына 100 жыл толуына орай «Абай әндері» аталатын көркем фильм түсірілгені белгілі. Онда Абай бейнесін сахна саң­-лағы – Қалибек Қуанышбаев сомдады. Аталмыш кинотуындыдан үзінді тама­ша­лай отырып, тірі Абаймен қа­уыш­қандай болдық.
Абай әндерінің жинақталуына алғаш Александр Затаевич, Борис Ерзакович, Латиф Хамиди үлкен еңбек сіңірді. Алғашқысы 1925 жылы бірнеше әнді нотаға түсіріп, жарияласа, кейінгі аталғандар отызыншы жылдарда 20-дан аса әнін нотаға түсірді. Ал 1939 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы Абайдың ұрпағы Мәкен Мұхамеджановадан 16 әнді жазып алды. Аса көрнекті музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановтың пікірінше, Абай әндері түрлі нұсқаларын қосқанда қырыққа жуықтайды.
Бір сағатқа созылған концертте солардың біршамасын тыңдадық. Оны танымал музыкант Еділ Құсайынов пен «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы ашып, әрі қарай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзира Бөкейхан, Клара Төленбаева, дүлдүл әнші Ерлан Рысқали, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері Данияр Мұқан, Перизат Тұрарова және өзге өнерпаздар жалғады.
Шырқалған әндердің арасында «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Ата-анаға көзқуаныш», «Көктұман алдындағы келер заман» туындылары жиналған қауым үшін жаңалық болды десек, артық айтқандай болмаспыз.
Абай ән ғана емес, күй де жаз­ған адам. Осы күні оның «Тор жорға», «Май түні», «Абайдың желдірмесі» және «Майдақоңыр» атты төрт күйі белгілі. Осы кеш бағдарламасына бұл күйлер де сұранып тұрған еді, алайда оларды ести алмадық. Ұйымдасты­рушылар болашақта осыны ес­керсе екен деген тілегіміз бар.
Ахмет Жұбанов «Абайдың музыкалық мұрасы» атты зерт­теу еңбегін: «Композиция жа­ғынан Абайдың музыкасы көп жанрлы деуге болады. Онда драма, сатира, трагедия, әдет-ғұрыптың, жаратылыс суретін бейнелейтін, тағы басқа сан түрлі музыка бар» деп түйіндеген. Осы кеш ғалым Абайдың композиторлық ерекшелігін дәл айқындап бергеніне көз жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button