Шаһар шежіресі

Роза Бағланова – дихандар арасында

Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Одан кейін майдан даласында ән айтып, 1945 жылы 9 мамырда ­Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан Қазақстанның және бұрынғы КСРО-ның халық әртісі, кейін­нен Халық қаҺарманы атағына ие болған Роза Бағланова Тың өлкесі ­Целиноградқа гастрольдік сапармен бірнеше рет келген.

Әр келген сайын ол өнер ұжымдарымен кездесіп, өнер адамдарымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрады екен. Әсіресе, әнші қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындағанда көрермендер орындарынан тұрып қол соғып, ұзақ қошемет көрсететін болған.

«Роза Тәжібайқызы – әлем халықтарының әндерін шебер орындайтын сирек талант еді. Ол қай елге бармасын әуелі сол елдің халық әндерін жаттап, оны нақышына келтіре орындауды әдетке айналдырған. Әр концертінде оның тамылжыған даусына сүйсінген өнерсүйер қауым сахнадан түскен бойда қаумалай қоршап, қолтаңба алып жататын» деп еске алады замандастары.

Міне, сол «Ах, Самара – городок» әнімен тек Кеңес Одағына ғана емес, бүкіл әлемге танылған айрықша ­дауыс иесі 1970 жылы Мәскеу­ден келе жатып Целиноградқа ат басын бұрыпты. Сол күні ол Алексеев, Вишневка аудандарының еңбек адамдарына  концерт беріп, келесі күні Шортанды жиһаз фабрикасында, «Целиноградсельмаш» зауытында болып, үшінші күні Тың игерушілер сарайында домбырашы, Қазақ ССР-інің халық әртісі Әзидолла Есқалиевпен бірге тың еңбеккерлеріне қорытынды концертін береді.

Суретте әуежайдан Роза Бағланованы Борис Маевский бастаған облыстық мәдениет басқармасы қызметкерлерінің күтіп алу сәті.

Ғазиза Исахан

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button