Басты ақпарат

Сән мен сымбат немесе шаштараздың бір күні

Шаш адамға көрік беріп қана қоймайды, халқымыз үшін ол ертеден-ақ қасиетті саналған. Әсіресе, қыз баланың сұлулығын еселеп тұратын қою қара шашына қайшы тигізбей, ерекше күтіп-баптаған әжелеріміз «Жақсы қыздың бұрымында мін болмас» деп отыратын. Соңғы кезде осының бәрі сәнге айналуда.

[smartslider3 slider=3453]

Бұрын деймін-ау, тілерсегіне төгілген білектей бұрымын бойжеткен бір өзі жуып-тарап күтетін болса, бүгінгілердің басым бөлігі шаштараздың көмегіне жүгінгенді жөн санайды. Бұл ретте елордалық шаш шебері Венера Дәулетбек сән салонына бас сұққандардың қай-қайсын да әрлеп, сәндеп, сәні мен сымбатын жарастырып жіберуден еш жалықпайды.

Венера Русланқызының жұмыс күні тапсырыс берушінің талабына сай, басқа барлық қызмет көрсету салаларындағы секілді, әлеуметтік желідегі қосымша арқылы алдын ала жазылу негізінде басталады екен. Келіскеніміздей, салонға алғашқы келушінің уақытымен тұспа-тұс келдім.

Сағат тілі он бірге жақындап қалған кез. Елорданың сол жағалауындағы «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының маңында орналасқан «Токио» сән салонының іші мұнтаздай тап-таза. Ұзын-сонар кезек жоқ, бірақ қол қусырып қарап отырған жан да көрінбейді. Мамандардың бірі келушінің шашын сәндеп, екіншісі сұлу бойжеткеннің тырнақтарын егелеп, үшіншісі клиентке кірпік жапсырып жатыр.

Менің кейіпкерім жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарын әзірлеп, қайшы, тарақ, брашинг, қысқыш секілді т.б. заттарды залалсыздандырып, бүгінгі күннің бірінші келушісін қабылдауға дайындалу үстінде екен. Көп күттірмей алғашқы клиент те келді. Жұмсақ орындыққа жайғасқан ол алдын ала жазылуда көрсетілгендей шашының өсіп кеткенін, әдеттегідей үлгімен қиюға келгенін айтты. Венера Русланқызы болса, алдымен келушінің мойнына бірреттік жаға тағып, арнайы алжапқыш кигізді де, қолына сүлгісін алып, оны шаш жууға арналған орынға шақырды. Шашқа арналған кәсіби сусабындардың көмегімен басын бірнеше қайтара тазалап жуып, қолындағы сүлгімен сүртіп болған соң, бастапқы креслоға қайта отыруын өтінді.

Жүрісі жинақы, қимылы ширақ, дене бітімі де ерекше сымбатты шаш шеберінің жұмысында бір мін жоқ. Шаш қиып тұрып, қызмет алушының сауалдарына жауап беріп үлгеруде. «Алдымен шашты дұрыс жуу керек, шаштың түбін қатайтып, өсіру үшін басқа үнемі массаж жасап отырған жақсы. Ұшын қиып, жөндеп отыру қажет. Себебі шаштың ұшына жаман энергия қонады деп тұспалданады. Бір айға бір-екі сантиметр кескізіп отырса, жеткілікті» деді Венера Дәулетбек.

Міне, ғажап! Әне-міне дегенше, жаңа ғана шашы өсіңкіреп, өзі әбіржіңкіреп келген клиент көз алдымызда жасарып шыға келді.

– Керемет! Өзім қалағандай болды, көп-көп рахмет сізге, – деді ол ішкі сезімін жасыра алмай.

– Көңіліңізден шыққанына мен де қуаныштымын. Келіп тұрыңыз, – деп, қызмет алушыны жылы шыраймен шығарып салды.

Артынша жас шамасы жиырмадан аспаған, ұзын шашты сұлу қыз кірді. Үріп ауызға салғандай, үлбіреп тұр. «Ұп-ұзын шашын кесуге ата-анасы қалай рұқсат берді екен?» деп ойлап үлгергенімше, ол алдын ала жазылуда көрсетілгендей, шашының ұштарын ашық қызыл түске боятқызу үшін келгенін ескертті. «Уф!» дедім іштей, шашына қайшы тигізбегеніне қуанып.

Венера шаш бояуға керекті құрал-жабдықтары мен ерітінділерін дайындай жүре, бояудан кейін шаш әдеттегіден ерекше күтімді қажет ететінін ескертіп, ендігі ретте шашын ыстық шаш кептіргішпен жиі құрғатпауға кеңес берді. Айтуынша, ылғал шаштар сынғыш болады, сондықтан оны кондиционер жаққаннан кейін ғана тараған жөн екен.

«Шашқа табиғи материалдардан жасалған тарақты қолданған дұрыс. Бұл ретте арнайы косметикаларды, нақтырақ айтсам, қалпына келтіретін сусабындар, кондиционерлер, мусс және шаю құралдарын қолданған жақсы. Шашыңызды жуғаннан кейін кондиционер қолдануды ұмытпаңыз. Себебі сусабын әсерінен шаш құрғап, ылғалдан айырылады. Ал кондиционер шашты ылғалдандырып, тез өсуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шаштың ұштануының алдын алады» деді шебер.

Алғашқыдай емес, шаш бояуға көбірек уақыт керек көрінеді және бұл жұмыстың өзіңдік машақаты да жоқ емес екен. Осы сәт аталмыш мамандықтың ептілікпен бірге ерекше шыдамдылықты да қажет ететініне анық көз жеткіздім. Бастысы, шебердің жұмысы келушінің көңілінен шықты. Алғысын айтып, қуанып, ақшасын төлеп, шығып кетті.

Келесі келуші шашын қазіргі заманға сай қос өрім ғып өру арқылы тойға арналған шаш үлгісін таңдапты. Тәжірибелі маманға бұл іс те аса көп қиындық тудырмады. Үйреншікті жұмысы болғандықтан, қолы қолына жұқпай, асқан жылдамдықпен әрі шеберлікпен ғажайып дүние жасап шықты. Қызмет алушы алдындағы айнаға қайта-қайта қарап, ризашылығын жеткізді.

Кіреберістегі қабырғада ілулі тұрған сағатқа көзім түсті. Түскі үзіліс уақытынан асып кетіпті. Ораза айы, аузым берік болғандықтан, мен аса көп алаңдамадым. Тек, кейіпкерімнің уақытпен санаспай, келушілерді бір сәтке де күттірмей, әрқайсының көңілінен шығуға тырысып жатқанына қайран қалдым. Тікесінен тік тұрып ұзақты күнге дамыл таппаса да, шаршағаны сезілмейді. Жүрек қалауымен таңдап алған кәсібіне  шынайы берілгендік деген осы болса керек.

«Жұмыстан қашпаймын, керісінше кеңес сұрай келгендердің қай-қайсына да қол ұшын созуға әзірмін. Сән салонына имиджін өзгертіп қана қоймай, үнемі ұқыпты көрініп, күтініп жүруге тырысатындардың келетіні белгілі. Мен олардың ойындағысын дөп басуға, қолымнан келгенше әрқайсысына жеке-жеке көмектесуге тырысамын. Жалпы, мамандығым өзіме ерекше ұнайды. Сондықтан да уақытқа бағынбаймын, кешке дейін демалмай жұмыс істеуге тура келетін күндер де жиі болады. Ондайда келушілердің ризашылығымен қанаттанамын» деді Венера Дәулетбек.

Мектепте оқып жүргенде модель болып қосымша жұмыс атқарған жасөспірім қызды сол жерде белгілі визажист байқап қалып, өз саласында еңбек етуге шақырады. Осылайша, алғашқы еңбек жолын сонау бала кезінде бет әрлеуші болып жұмыс істеуден бастаған Венера Русланқызы кейін колледжде шаштараз-колорист мамандығына оқып, іс жүзінде жұмыс істей бастағанда осы кәсіп жанына жақын екенін түсінеді. Бүгінде олардың екеуін қоса атқарып жүр. Бірақ, көбіне шашпен жұмыс істегенді ұнатады. Болашақта жеке сән салонын ашу жоспарында бар.

Менің жұмыс күнім аяқталуға жақындады. Ал сән салонына келушілер қарасы азаяр емес. «Жұма, сенбі, жексенбі күндері – осылай, кісі көп болады. Есесіне, дүйсенбі демаламын. Ал мереке күндері жұмысты таңсәріден бастамасам, үлгермей қалуым мүмкін. Сондықтан, шама келгенше, қызмет алушылармен алдын ала келісіп отырамын. Бір-бірімізді түсінуге тырысамыз. Көпшілікпен жұмыс істеген соң, шыдамды болған дұрыс. Жалпы, табиғатым сондай: күйіп-піспеймін, қандай жағдайда да сабырлық сақтауға, әліптің артын бағуға бала кезімнен дағдыланғанмын. Енді, міне, осы қасиеттерім ересек өмірде өз жемісін беріп жатыр» деді тәжірибелі маман.

Ұзақты күнге бір қабақ шытпағанына қарап, қызыққаным рас. Себебі қазіргі қызмет көрсету саласының мамандарына осы қасиеттердің жетіспей жататыны шындық. Әсіресе, келушілердің шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырғаны жанымды жадыратты. Солардың көңілі мен ыстық ықыласы, шеберге деген зор сенімі оған шынымен де қуат беретіндей көрінді маған. Күнделікті күйбең тірлікте мән бермейтініміз болмаса, шындығында шаштараздардың еңбегі оңай емес екен-ау.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button