Қоғам

Сана түзелсе – адам, адам түзелсе – қоғам түзеледі

Жуырда ҚМДБ форум өткізіп, онда имамдардың атқаратын діни рәсімдерінің тізілімі мен қызметтік міндеттемелерін айқындайтын «Жеті рухани қазық», «Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғыр­намасы», «Діни рәсімдер тізілімі» атты құжаттары қабылданды. Осының бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында көтерілген мәселелер төңірегінен өр­биді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти  Серікбай қажы Оразға осы ретте бірнеше сұрақ қойған едік.

– Еліміздің түкпір-­түкпірінен 500-дей имам жиналып қабылдаған бұл құжаттардың мән-­маңызы неде?
– Тұңғыш қабылданып отырған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғыр­намасы» мұсылманды имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік деген жеті қасиетке шақырады. «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжатында дін қызметкерінің нақты құзыреттері жазылған. «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізімі және міндеттері» құжатында діни лауазымдар тізілімі, атқаратын қыз­меттері, міндеттері, т. б. нақты көрсетілген. Онда дүниеге келген балаға азан шақырып ат қоюдан бастап, қайт­қан адамның жаназасын шығарып, хатым-құран оқуға дейінгі бүкіл тәртіптері жазылған. Тарихы­мызға зер салсақ, «ахун», «қалпе», «ишан» деген діни лауазымдар болған. Олардың атқаратын діни қызметі бір болғанымен, бағыты мен саласы әртүрлі. Осы ретте біз діни рәсімдердің тізілімін әзірлеп, бекіттік.
– Бұл құжаттар неге қажет болды, заман талап етіп отыр ма, қоғамда қажеттілік туындады ма?
– Бұл – заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. 45 тармақтан тұратын тізілім – қоғамға қажетті діни рәсімдер. Адамның өмір салты жиі құбылған заманда рухани құндылықтар аса маңызды. Мақсатымыз – рухани құндылықтарымызды, ойларымыз бен ұсыныс­тарымызды ортаға салып, бұдан кейінгі уақытта қабылдаған құжаттардың аясында қоғамда, жастар тәрбиесінде жұмыс істеу.
– Имамдар жасаған діни рәсімі үшін қарапайым халықтан ақы алады деген пікірлерге не айтасыз?
– Діни рәсімді өткізу кезінде оның қызмет ақысына, яки болмаса көрсеткен қызметіне ешқандай да сыйақы, төлемақы алу деген талап та, тілек те жоқ. Түпкі мақсаты – өз қалауымен тегін өткізу. Діни рәсімді атқарған имам 30-35 мың алады деген – жай сөз. Нақты бір имам 30-35 мың теңге мөлшерінде тариф қойып, көрсеткен діни қызметі үшін ақша алатын болса, онда ол имам сол қызметке лайықты емес. Дін қызметкерлерінің белгілі бір төлемақысы, тарифі жоқ. Болмайды да.
– Осы күні адамдар жұмыс таба алмаса да, жолы болмаса да билікті, жүйені кінәлап, сынау­ға дайын. Ал жетістікке жеткен адамдар қандай мәселе туындаса да себебін тек өзінен іздейді екен. Дін бұған не дейді?
– Болашақтан үміт күткен адам әуелі проблемаларды ойламайды, керісінше, мүмкіндіктерді қарас­тырады. Әр нәрсенің қайырын тілеп, мүмкіндікке ұмтылған пенденің өткінші мәселесі өздігінен шешіле бастайды. Өйткені мүмкіндік алғы шепке шыққан сәтте уақытша қиындықтар екінші орынға ығысады. Ақылды адам сынақты жақсылыққа айналдыра біледі. Психологияда «ынсапсыз менталитет» деген тұжырым бар. Бұл – өмірдегі сәтсіздіктерді өзгеден көру деген ұғымға саяды. Айналадағы адамдардың ғибратты ғұмырынан шабыт ала білетін кісіде «парасатты ойлау» психологиясы қалыптасады. Бейнелеп айтқанда, біреудің мерейі тасып жатқанда, жігері құм болып, сергелдеңге әсте түспейді. Оны «неге?» деген сауалдан бұрын «неге болмасқа?» деген ойлар үмітіне қанат бітіреді. Өмірдегі сынақты сабырға жеңдірген жан парасат биігінде қала бермек. Рухани жан дүниесі бай адам осы жолды таңдайды.
– Сіз көпшілікпен кездес­кен сайын «толық адам» сипатын ашықтап, жүрек тазалығы туралы айтасыз. Бүгінгі адамның көзқарасынша, егер адамның білімі, қызметі бар, тұрмысы тәуір болса ол «толық адам» саналады, ал бірақ қоғамда келеңсіздіктер, жемқорлық, қылмыс­тың көбеюі біздің «толық адам» ұғымын тиісінше түсінбегендігімізден орын алып отырған жоқ па?
– Адамның рухани әлемін ішкі рухани жан-дүние және сыртқы амал-әрекет деп қарастыруға болады. Екі негіз өзінің көркем үйлесімін тапқанда ғана хакім Абай меңзеген «толық адам» деңгейіне жетеді. Алла елшісінің: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Ол – жүрек» деген хадис-шарифінің пәлсапалық мәні – осы. Адам өз ойын негатив пікірге толтырса, сана соның ықпалынан шыға алмай қалады. Қоғамда көрініс тапқан ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, мәселелерін шешудің бір ғана ­қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Пенденің бойындағы иман-сенім – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек.
– Соңғы кездері имамдардың жаңа имиджін қалыптастыру мәселесіне қатысты айтылғанда дін адамдары елдік мәселеге келгенде үнсіз қалады деп сын айтылып жатады.
– Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. Дін қызметкерлері мұны айтудан ешқашан жалыққан емес. Өйткені пайғамбарымыз прогреске үндеген. Дамудың жолын көрсеткен. Керітартпа көзқарас алға жылжуды тежейді. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отбасын ізгілікке тәрбиелеу, елдің игілігіне қызмет ету, тұрақтылық пен тыныштыққа тілеулес болу, міне, Отанды сүю деген осыдан басталады. Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Ардақты пайғамбарымыз ­Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың» деп қоғамға шуа­ғын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.

Сұхбаттасқан
Жадыра Шамұратова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button