Басты ақпаратҚала мен Сала

Сауда ойын–сауық орталықтарына рейд

Коронавирус індетінің алдын алу шараларына байланысты елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен мониторингтік топ бірқатар сауда, ойын-сауық орталықтарына рейд жүргізді.

Ынталы топ, ең алдымен «Asia Park» сауда ойын-сауық орталығына бас сұғып, ондағы сақтық шараларымен танысты. Олар сауда орталығының ішінде орналасқан дүкендер мен супермаркетті аралап, фитнес залда болды. Тексеріс барысында мониторингтік топ өкілдері сауда үйінде санитарлық талаптардың сақталғанын, мұнда қызмет көрсетушілер мен тұтынушылардың барлығы беттұмша тағып жүргенін атап өтті.
«Біз қалада карантин жария­ланғалы бері осы күнге дейін барлық сақтық шараларын қатаң орындап келеміз. Төтенше режим, әрине сауда-саттыққа кері әсер еткені рас, бірақ соған қарамастан адамдар кәсіптерінен қол үзген жоқ. Күнделікті табыстарын тауып жүр. Енді әкімдік жұмыс уақытын ұзартып, демалыс күндері де қызметтер көрсетуімізге мүмкіндік берсе деп үміттенеміз» деді «Asia Park» СОО директоры Андрей Чигарев.
Қазіргі кезде орталық күндізгі сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал супермаркеттің жұмысы сағат 23.00-ге дейін жалғасады. Дәріхана тәулік бойы үзіліссіз істейді. Демалыс күндері тек банк бөлімшесі қызмет көрсетеді. Әзірше, кинотеатрдың ашылуына рұқсат берілгенше онда ­жөндеу-жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Көпшілік орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған адамдарға қатысты хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынады. Ол үшін карантин ережесін орындамағандар бейнежазбаға түсіріліп, жинақталған материалдарды санэпидстанцияға жолдаймыз. Айыппұл көлемін сот анықтайды» дейді Есіл ауданының учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Мұрат Смағұлов.
Оның айтуынша, мұндай рейдтер қалада күнделікті жүргізіліп тұрады екен. Ескерте кету керек, санитарлық талапты бұзған жеке тұлғаға салынатын айыппұл көлемі мен заңды тұлғаларға, мәселен мекеме-кәсіпорындарға салынатын айыппұл айырмашылығы үлкен. Ол жеке тұлғаларға 80 мың теңгеден бастап, заңды тұлғаларға 4 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Мейрамханалар қызметтерін рұқсат етілген уақыт ішінде ғана көрсете алады және оларда бір мезетте 30-дан артық адамның жиналуына болмайды. Отасылық той-томалақтарға тыйым салынған. Түнгі клубтар сағат 23.00-де жабылуы тиіс.
Әзірге Есіл ауданында санитарлық талапты бұзушылық сауда ­ойын-сауық орталықтары тіркелмеген. Дегенмен кейбір түнгі клубтарда ереже бұзушылық жиі ұшырасқан. Есікті бекітіп алып, таң атқанша қызмет көрсететін мекемелер болады. Сондай-ақ келушілердің саны белгіленген мөлшерден асып кеткен фактілер де анықталған. Оларды анықтап, жазалау құқық қорғау органдарының міндеті.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы ­Арман Құрбанов індеттің алдын алу үшін жүргізіліп жатқан күнделікті шаралардан бөлек, мониторингтік топтың осындай рейдттер жасап тұруының да пайдасы зор екенін айтады.
«Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, біз мұнда коронавирустық инфекцияға қарсы санитарлық әрі профилактикалық ережелердің сақталуын тексереміз. «Asia Park» СОО-на кіреберісте талапқа сай дианометрия, дезинфекциялық төсеніштер қойылған. Кілемшелер есіктің көлемімен бірдей болуы керек. Орталық күзетшілері келушілерден сол кілемшеге міндетті түрде аяқтарын сүртіп өтулерін талап етуі тиіс. Сондай-ақ сырттан кірген әрбір адамның беттұмшасы болуын қатаң қадағалауы керек» деді ол.
Есіл ауданы бойынша үш мобилді топ жұмыс істейді. Олардың бірі таңертеңгі – 9.00-ден 13.00-ге дейін, екіншісі сағат 21.00-ға дейін, үшіншісі түнгі 2.00-ге дейін рейд жүргізеді. Айта кететін жайт, мониторингтік топтар кез-келген кәсіпорынға ешқандай ескертусіз, күтпеген жерден баруы мүмкін.
Әрі қарай мониторингтік топ «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығына ат басын бұрды. Зәулім кешенге күн сайын 7-8 мың кісі келіп-кетеді. Сондықтан адамдар көп шоғырланатын осындай орындардың жиі тексерілуі заңды. Байқағанымыз, бұл жерде де барлық санитарлық талаптар сақталған: кіреберісте заласыздандыру құрылғылары орнатылған. Келушілер мен қызмет көрсетушілердің бәрі беттұмшамен жүр.
Қаланың бас санитарының қаулысына сәйкес, сауда орталығында тиісті орындардың бәрін арнайы құрылғылармен жабдықтадық. Кіреберісте, лифт пен эскалатор алдында санитарлық талапты сақтау қажеттігі туралы ақпарат пен антисептик қойылған» деді «Хан шатыр» СОО-ның әкімшісі Темірбек Шоқанов.
Одан кейін топ мүшелері ­«Керуен», «Сарыарқа» сауда ­ойын-сауық орталықтары мен басқа да мекемелерде болды. Ол жерлерде келушілерге індеттің қауіптілігі, міндетті сақтық шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, астанада карантин жарияланған күннен бастап (2020 жылдың 19 наурызынан) бүгінгі күнге дейін санитарлық талаптарды сақтамаған 1700 факт анықталып, ол бойынша 700-ден астам хаттама толтырылған. Талап шарттарын сақтамаған жеке адамдар мен заңды тұлғаларға 166 млн теңге айыппұл салынған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button