Жаңалықтар

«Шапағаттың» қожайыны қаңтарда анықталады

Келер жылдың басында «Шапағат» коммуналдық базары жекенің қолына өтеді. Бұл туралы «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нұрлан Жақып қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясындағы стра­тегия­лық маңыздылығын ескере отырып, «Astana» ӘКК құзырлы органдарға базарды жекешелендіруді болдырмау туралы бірнеше рет хат жолдаған. Алайда экономиканы жаңғырту негізінде Мемлекеттік комиссияның 2018 жылдың 25 мау­сымдағы шешіміне сәйкес, корпорацияға «Шапағат» коммуналдық базарын бәсекелестік ортаға өткізу туралы жұмыстарды жалғастыру тапсырылған екен. Бұл ретте «Astana» ӘКК» АҚ корпорацияға тиесілі жарғы капиталындағы 100 пайыз үлесін мемлекеттік реестрдің порталында тендер арқылы сатуға шешім қабылдаған. Соған орай, аталмыш базарды сату туралы 11 және 27 желтоқсан күндері екі рет тендер жарияланып, екеуінде де нәтиже болмаған.
– 11 желтоқсан күні тендер алғаш рет жарияланғанда оған бір-ақ үміткер қатысты. Алайда заңдылық бойынша үміткерлердің саны кем дегенде екеу болуы керек. Сол себепті тендер нәтижесіз болды. Ал екінші ретінде екі үміткер қатысқанмен, олардың біреуінің құжаты талапқа сай болмай, тендер тағы да тоқтатылды. Ендігі тендер өткізу шарасы келер жылдың қаңтар айы­ның басында жүзеге асырылады. Жалпы, 2017 жылы бұл базардың кіріс қаржысы 80 миллион теңгеге жуықтады. Биылғы кіріс мөлшері алдағы күндері белгілі болады. Ал болашақ базар қожайыны ондағы қазіргі жағдайды осы қалыптан өзгертпеуі тиіс. Мәселен, әлеуметтік азық-түлік бағалары өспейді. Отандық 50 тауар өндірушінің өнімдері саудаланады. Өз қолдарымен жасаған дүниелерін сатылымға қоятын бірқатар зейнеткерлерге әдеттегідей біршама орын тегін ұсынылады. Оның бәрі тендер құжатында толық жазылған. Біз мұны қатаң бақылауда ұстаймыз, – дейді басқарма төрағасы.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button