Жаңалықтар

Шарапатты шара

Кеше Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеу­меттік қызмет көрсету орталығында Қазақстан халқы ассамблеясы мен қалалық әкімдік жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне арналған қайырымдылық шарасы өтті. 

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы зейнет жасына жеткен жандарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғыз­басты азаматтарға қызмет көрсету мақсатында құрылған. Мекеме 1989 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2007 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен аталмыш мекеменің жаңа ғимараты ашылған болатын. Мекеме қызметінің басым бағыты – орталықты мекендейтін қариялардың сұранысы мен қажеттілігін толық қамтамасыз ету. Мұнда тұрақты және уақытша тұруға арналған 400 орын қарастырылған. Аталмыш орталықта 12 ұлттың өкілі бір-бірімен тату-тәтті күн кешіп жатыр екен. Соған орай кәріс, қарақалпақ, татар-башқұрт сияқты қаладағы бірқатар этномәдени орталықтарының өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшіліктің көңілін көтерді. «Поляки», «Оберег», «Возрождение», «Злата» сынды қоғамдық бірлестіктер де қайырымдылық шараның өтуіне атсалысты. Әсем әннен ерекше әсер алып, шат-шадыман күй кешкен қамкөңіл жандарға мерекелік сыйлықтар да табыс етілді.
Шара барысында сөз алған Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен қайырымдылық шараның мақсаты туралы айтып өтті.
– Этномәдени орталықтарының өкілдері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде түрлі шаралар өткізіп тұрады. Осындағы жандарға тәтті тағамдар ұсынып, оларға сый-сияпат жасайды, – дейді Л.Құсайынова.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button