Қоғам

Шаттыққа толы шаңырақ

Жақында қалалық «Мерейлі отбасы» байқауының соңғы сыны өтеді. Оған елордадағы көп отбасылар қатысып жатыр. Солардың бірі – Төлегеновтер әулеті.

Бұл шаңырақтың иесі – Әлібай Төлегенов. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компания­сында жиырма жылдан бері жұмыс істейді. Мамандығы – механик. Техниканың құлағында ойнайды. Содан ба, әріптестері оны қатты құрметтейді. Әлібай ағамыз көп сөзге жоқ. Оған қарағанда Күлзира жеңгеміз ашықтау екен. Барын жайып салды. Үйдегі отанасының мамандығы – жоғары білімді педагог-тәрбиеші. «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көр­сету орталығында еңбек етеді. Бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар ем алады. Күлзира апай­дың өзі балажан. Бала десе емі­реніп тұрады. Сол мекемеде 20 жылдан бері абыройлы қызмет істеп келеді. «Әлеуметтік саланың үздігі» деген белгімен марапатталған. «Мүмкіндігі шек­теулі жеткіншектермен жұмыс істеу оңай емес. Ертемен қызметке келіп, бірден балалардың қасынан табыламын. Оларды жуындырып, тамақтандырамыз. Сабақ үйретеміз. Алғашында қиналғам. Қазір үйреніп кеттім» дейді апай жымиып.
Төлегеновтер отбасы бас шаһарға 1997 жылы қоныс аударған. Негізі, екеуі де Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Өрнек деген ауылдан болады. Бала күндерінен бір-бірін жақсы біледі. 1981 жылы екі жас отбасын құрады. 1982 жылы тұңғыш сәбиі Бибігүл дүние есігін ашады. Қазір ол да үш баланың анасы. «AL-STAR» ЖШС-те кассир болып жұмыс істеген. Бүгінде үйде уақытша бала күтімімен отыр. Екінші баласы – Бейбіт 1984 жылы туған. С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін бітірген. Жоғары білімді маман. Оның да екі баласы бар. Кенжесі Бейімбет 1990 жылы өмірге келген. Қазір ол қалалық өрт сөндіру саласында істейді.
«Ақмола Астана болғанда қатты қуандық. Содан осында көшіп келдік. Бірден жолдасым екеуміз жұмысқа орналастық. Балалар ержетті. Олар жоғары оқу орнында оқыды. Қазір үшеуі де өмірден өз жолдарын тапты. Немерелерім өсіп келеді. Әсіресе, үлкен немеремнен үміт күтемін. Есімі – Диас Шалабаев. Қазақ ұлттық өнер университетінде оқиды. Виолончель аспабында ойнайды. Талай халықаралық конкурстарда топ жарған. Жақында Түркияда өткен байқаудан жүлдегер болып оралды. Жолдасым екеуміз көпбалалы отбасында өстік. Өзім өскен үйде он бала болды. Әкем – соғыс ардагері. Қазір арамызда жоқ. Анам бар. Сеңгірлі сексеннен асқан. Біздің бар қызығымызды көріп, ортамызда отыр» деді Күлзира Исламқызы.
Міне, еліміздегі шаттыққа толы шаңырақтың бірі… Ал мұндай берекелі отбасылар жүздеп емес, мыңдап саналатыны анық.

Азамат ҚҰСАЙЫН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button