Жаңалықтар

СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ СОҢҒЫ БАТЫРЫ

Иван-Косенков

1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа қатысқан ержүрек майдан­герлердің қатары күн санап сиреп барады. Қазіргі таңда еліміз бойынша 5 мыңның үстінде ғана соғыс ардагері қалған. Ал, сол қиян-кескі қырғында жүріп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Осы қаһармандардан 70 жылдыққа  жалпақ қазақ елі бойынша аман-есен жетіп отырған көзі тірі жалғыз батыр – 92 жасқа таяған Иван Васильевич Косенков. 

Батыр атамыз Алматы облысының Үштөбе қаласында тұрады. Майдангер Шығыс Қазақстан облысына қарасты Богословка ауылында 1923 жылы дүниеге келген. Сол жерден жеті жылдық мектепті тәмамдап, еңбекке араласады. Отызыншы жылдардағы халықты қалжыратып кеткен ауыр зұлматтан ел еңсесін енді жиып келе жатқанда, тұтқиылдан соғыс бұлты төнгені мәлім. Ел ішіндегі қолына қару ұстай білетін ер азаматтардың барлығы жаппай әскер қатарына тартылды. Солардың қатарында жас жігіт Иван да болды. Ол нағыз соғысты 1942 жылы Новомосковск селосынан бастаған. Артиллериялық құрамның сержанты болған Иван Косенков Украина жеріндегі қанды ұрыстарды бастан кешіреді. Әсіресе, кеңес әскерлері үшін Днепр шайқасы өте ауыр болғаны тарихтан мәлім. Жау әскерлері де тастай бекініп, беріспей жатып алды. Дәл осы ұрыста 20 жасқа жаңа толған ержүрек жігіт ерен ерлік көрсетеді. Мұздай құрсауланған жаудың бетін қайтару үшін жас сержант өзінің құрамымен Днепропетровск облысының Солонянский ауданына қарайтын Войсковое селосы маңында Днепр өзенінен өтіп, оның батыс жағасындағы плацдармға басып кіріп, оны бақылауға алады. Одан соң Войсковое селосының оңтүстік шетінен бұзып кірген құрам немістің екі мәрте  шабуылын тойтарып, екі артиллериялық қаруын, екі автокөлігін жойып, жау әскерінің бір топ солдаты мен офицерін жер жастандырады. Осылай алты күн мен түнге созылған шайқаста батыр қаруласы Михаил Голяков екеуі үш танктің алдын бөгеп, снаряд тиелген автомашина мен бронетранспортерді жарып, көзсіз ерлік жасайды. Оған осы жанқиярлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың  22 ақпандағы Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» деген жоғары атақ берілді. Сол кезде ол нәбары 21 жаста еді.

Иван Васильевич майдан даласында 333-ші атқыштар дивизиясының 1118-ші атқыштар полкі құрамында жүріп, Мәскеуден Болгарияға дейін толарсақтан саз кешіп барған. Соңғы шайқаста ауыр жараланып, туған еліне оралады.

Оқ пен оттың ортасынан аман орал­ған батыр соғыстан кейін бейбіт өмірде де теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өз ісінің кәнігі шебері атанады.

Майдангердің жұбайы мен жалғыз ұлы осыдан алты жыл бұрын дүниеден озған екен. Қарияның қазіргі таңда төрт немере мен төрт шөбересі бар. Ең кішісін атасының құрметіне Иван деп атапты. Ол қазір жеті жаста.

– Бұйыртса, осы немересі алдағы жетпіс жылдық торқалы тойға атасын жетелеп алып шықпақ ойы бар, – дейді майдангердің қызы Ольга Ивановна.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button