Жаңалықтар

«СҰҢҚАР СӘКЕН» КІТАБЫ

Китап (1)Жуырда С.Сейфуллин мұражайында «Сұңқар Сәкен» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа туынды ақын мұражайы қызметкерлерінің жинақтауымен жарыққа шыққан. Салтанатты кешке елордалық зиялы қауым өкілдері мен кітапсүйер көпшілік қатысты.

Басқосуда мұражай директоры, ақын Несіпбек Айтұлы сөз сөйлеп, ұлт қай­рат­керінің тарихи тұлғасы жөнінде әңгі­меледі. «Бұл жинаққа Сәкеннің замандасы, үзеңгілесі Ілияс Жансүгіровтен бастап, інілері Қасым Аманжоловтың, Сырбай Мәуленовтің және орта буын, кейінгі толқын ақындардың көрнекті қаламгерге арнаған өлең-жыр, толғаулары топтастырылды. Арда ақынның 120 жылдық мерейтойына орай әзірге мың данамен оқырманға жол тартқан ғибраты мол бұл кітап Сәкен Сейфуллинге өлеңнен орнатылған тағы бір ескерткіш деп білеміз» деді ол.

Ақын Нұрғожа Ораз Сәкен өлеңдерін саралап, шығармашылығын әңгімеледі. «Ол заманының қысымынан кең көсіліп жаза алмады, айналасы «Маяковскийге еліктеп, өлеңнің мәнерін бұзды» деп орынсыз айыптады. Алдағы уақытта оның тек лирикалық өлеңдерін жинақтап, жарыққа шығару керек» деген ұсынысын да білдірді Н.Ораз. Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімов анасы келін болып түскенде ауылға қонақ болып келген серіні көргенін асқан  ілтипатпен еске алып отыратынын айтты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Қасен Абаев орыс тіліндегі арнауын тарту етіп, отандық суретшілердің «Сұңқар Сәкен» тақырыбындағы картиналарын жинақтап, елордада көрме ұйымдастыруға уәде етті.  Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов «Сәкеннің музыкалық мұрасы» атты еңбектің көп ұзамай жарыққа шығатынын сүйіншіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Қа­рағанды облысының әкімдігі Сәкен Сей­фуллиннің 120 жылдық мерейтойы­на әзірлік жұмыстарын бастап кеткен. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те аталмыш шараны ел­ор­дада өз деңгейінде атап өтуге арнайы тап­сырма берген.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button