Білім

Талабы таудай

Ел жүрегі елорда болса, астаналық дарынды оқушылар – ел болашағын айқындайтын, қазақ көшін алға сүйрейтін жастар. Дарынды балалар мен талантты оқушылар әлемдік, республикалық білім додаларында топ жарып, астананың абыройын асқақтатып келеді. Солардың бірі Ғалымжан Бақтыбай – дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

2023 жылы биология пәнінен Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық олимпиадаға қатысып, қола медаль иеленген Ғалымжан – астаналықтардың абыройын асқақтатқан оқушы.

Ол – жасынан ерекше дарынымен, тез қағып алатын айрықша қабілетімен көзге түскен талантты оқушы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың (биология пәні) 2022, 2023 жылғы алтын медаль иегері.

– Биологияға деген қызығушылығым пандемия кезінде онлайн оқығанда оянды. Ботаника тақырыбы, өсімдіктер туралы кітап менің биологияны таң­дауыма әсер етті. Білгенімді, жиған-тергенімді өзімізден кейін білім алып жатқан іні-қарындастарыма үйретуден жалықпаймын, олар осы пәнді таңдаған болса, қандай кітаптар оқу, қалай іздену керегін жеткізуге тырысамын, – дейді Ғалымжан бізбен әңгімесінде.

Ғалымжанның таудай талабын, асқақ арманын, ерекше еңбекқорлығын ұстаздары да байқаған.

– Ғалымжан – ерекше талантты, табанды, еңбекқор оқушы, болмысы ерекше бала. Алдына мақсат қойып, оны орындай алған оқушы. 7-сыныптан бастап биология пәнін таңдаған ол осы саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп, күні бойы кітапханада отырып ізденетін. Айрықша дарын иесі, – дейді лицей директорының орынбасары Гүлнәр Рахимова.

Дарынды балаларды тәрбиелеп, үкілеп, білім бәйгесіне қосқан Астанадағы дарынды ер балаларды оқытатын «Білім-инновация» лицейі – ел мақтаныштарына білім нәрін сепкен ерекше оқу ордасы, шәкірттері әрқашан халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүр. Лицейде жоғары білікті мұғалімдер оқушыларға ағылшын тілін және нақты ғылымдарды терең зерттеу­ді үйретеді. Лицей түлектері қазір әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып, елімізде, шетелде ірі компанияларда жемісті еңбек етіп жүр.

– Ғалымжанның оқуға, білуге деген қызығушылығы жоғары, талабы биік. Ата-­әжесінің тәрбиесін алған ол ауылдағы мектепке 6 жасынан барды. Астанаға келген соң мектептердегі барлық пәндерден жарыс­тарға қатысып жүрді. Ол білім додаларымен қатар, спорт жарыстарына да үнемі қатысады. Су добымен, еркін күреспен айналысып, көрші республикаларда өткен сайыстарға барды, – дейді әкесі Еркін Тасболатов.

Табандылықты, жігерлі болуды, шынығуды әкесінен үйренсе, биологияны зерттеу, адамзатқа көмектесу мақсаты анасы Айшат Базарбекқызынан дарыды. Анасы – білікті кардиолог дәрігер. Онымен кездес­кенде, ол баласы туралы толғана әңгімеледі.

– Әрине, баласын барлық ана мақтайды ғой, бірақ Ғалымжанның идея­сы, барлық адамзатқа көмектессем, осы саладан жаңалық ашсам деген ойлары мені ерекше қызықтыратын. Ол жасынан өз ісіне тиянақты, аз сөйлейді, көп іс тындырады, сондай ұқыпты бала болып өсті. Биология, ботаника тақырыбындағы кітаптарды, мақалаларды көп оқыды, көп ізденді, өз бетінше ойлай алатын зерек бала болып қалыптасты, екі қарындасына қамқор аға, жанашыр бауыр, ата-анасына мейірімді болғаны қуантады, – дейді анасы Айшат.

Ғалымжан болашақта биология ғылымы бо­йынша әлі зерттелмеген, ашылмаған тақырыптарды зерттеп, топпен зертханалық жұмыстар жасауды армандайды. Адамдардың, жалпы тіршіліктің өмір сүруіне қажетті жасушаларды зерттеу, олар туралы көбірек білу ұнайды. Осыны көбірек оқып, ғылыми зерттеулер жасап, жаңалықтар ашқысы келеді. Қазірдің өзінде әлемнің 7 үздік университеттерінің тізіміне кіретін «Nanyang Technological University»-ге оқуға түсіп тұр, бұйырса, одан өзге АҚШ-тағы, Канададағы әлем университеттеріне де тапсырып, бағын сынау үшін емтихандарға да­йындық үстінде. Білімді отбасынан шыққан Ғалымжан әлі де талай білім додаларында жеңістерге жетіп, биіктерді бағындырары сөзсіз.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button