Басты ақпаратҚұқық

Талап күшейсе, тәртіп те нығаяды

«Елорда ақпарат» медиаресурсы мен «Астана» радиосының бірлескен «Елорда тынысы» жобасының кезекті бағдарламасына қаланың құқық қорғау органының қызметкерлері қатысты.
Бұл жолы радиотыңдаушылардың өздерін мазалап жүрген толғақты мәселелеріне орай қойған сауалдарына Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Ғосман Жакин, Әкімшілік полициясы басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Нұржан Әділов, Көші-қон қызметі басқармасының айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Қанат Досмағанбетов, Астана қаласы ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Нұрзат Секербай жауап берді.
Әңгіме, негізінен, қаладағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы, қылмыстың ашылу көрсеткіші мен жергілікті полиция қызметі, қала көшелері мен аулаларда орнатылған бейнекамералар жұмысы, тағы да басқа мәселелер төңірегінде өрбіді.

Басты міндет – қылмыстың алдын алу
«Өткен он айдың қорытындысы бойынша елордадағы қоғамдық тәртіптің сақталуы қалай?» деген сауалға алғашқы болып жауап берген Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ғосман Жакин: «тұтастай алғанда, қалада криминогендік жағдай қалыпты» деді. – Бұл бағытта жоспарлы түрде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ішкі істер органы қызметкерлерін жұмылдыра отырып, күндізгі уақытта да, түн мезгілінде де түрлі рейдтер жасалады. Осындай жүйелі қолға алынған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде кейінгі кезде аса ауыр, ауыр қылмыстар мен көшелерде, қоғамдық орындарда жиі тіркелетін тәртіп бұзушылықтар мен ұсақ бұзақылықтар азайғанын айтты.
Сондай-ақ, оның айтуынша, биыл көктемнен бастап елордада «Қауіпсіздік пен жайлылық» бағдарламасын толық орындау мақсатында үлкен іс-шаралар қолға алынған. Ішкі істер органдары, мемлекеттік кіріс, қылмыс­тық атқару жүйесі, тұрғын үй инспекциясы қызметкерлерінің қатысуымен «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген.
– Әсіресе, қылмыстың ізі суымай ашылуына қоғамдық тәртіп сақшыларының бар күш-жігері жұмылдырылады, – деді Ғосман Сапарғалиұлы. «Ішкі істер органы қызметкерлерінің басты міндеті саналатын қылмыстың алдын алуға, оны дер кезінде ашуға қазір бұрынғы қай кезден де жіті мән беріліп отыр. Бұған қала тұрғындары мен қаланың көшелері мен аулаларында орнатылған бейнекамералардың көп септігі тиюде» дей келіп, осы сөзіне дәлел ретінде жақында ғана Бөгенбай батыр даңғылындағы бір дүкенге түн жамылып үйдің төбесі арқылы ұрлыққа түскен жігіттің әрекетіне «Сергек» бейнекамерасының көмегімен тосқауыл қойылғаны мысалға келтірілді.
Осы жерде жүргізушінің «Қалада «Сергек» бейнекамерасы іске қосылғалы қоғамдық тәртіпті бұзушылар саны қаншаға азайды? Айыппұл төлеушілер саны артты ма, кеміді ме?» деген сұрағына Астана қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полициясы басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Нұржан Әділов жауап берді.
– Үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінен бері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында елордада «Сергек» кешенді бағдарламалар жүйесі аппараты жұмыс істеп келеді. Бұл бейнекамералар қоғамдық көлікке арналған жолақтармен жүріп, жол ережесін бұзғандарды тіркейді. Қазіргі кезде қаладағы он екі қоғамдық көлік жолы желісінде осындай камералар орнатылған.
«Сергек» бейнекамера жүйесі жұмыс істегелі елорда көшелерінде жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғалары азайған. Мәселен, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу өткен жылдың осы кезеңінде 407 болса, биыл ол 172-ге дейін кеміп отыр.
Сондай-ақ, аталған аппарат жүйесі жұмыс істегелі жол-көлік оқиғалары да азайған. Айталық, «Сергек» іске қосылған 15 қыркүйек пен 30 қыркүйек аралығында 425 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал өткен жылдың осы кезеңінде 515 жол-көлік оқиғасы орын алған еді. Са­лыс­тырып қарасақ, бұл жерде де оң көрсеткіштерді байқаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамдық көліктердің жүргізушілері жасайтын жол-көлік оқиғалары да анағұрлым төмендеді.
Бүгінгі күні қоғамдық көліктерге арналған арнаулы жолақтармен жүрген 4000-нан аса жол ережесін бұзушылық тіркеліп, осыған орай, 27 миллион теңгеден аса айыппұл салынды, – деді ол.

«Резеңке пәтерлер» мәселесі реттелді
Қаладағы тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың кезбелік өміріне байланысты қоғамдық тәртіп сақшылары тарапынан қандай шара алынатынын сұраған қала тұрғынына Ғосман Сапарғалиұлы:
– Рас, қысқа қарай күн сал­қын­дай бастаған кезде белгілі ­бір тұрағы жоқ адамдар жылу құбыр­лары мен көп қабатты үйлердің жертөлелерін паналауға көшеді. Сондықтан бұл мәселелерге орай қала тұрғындарының алаңдау­шылығын жақсы түсінеміз. Біз де осы тұрғыда тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеміз.
Өздеріңізге белгілі, қалада мұндай азаматтарды паналататын арнайы бейімдеу орталығы бар. Алайда ол жерге тек өз еркімен барған адамдар ғана қабылданады. Кімді болса да мәжбүрлеп апаруға қақымыз жоқ. Ол жерде барлық жағдай жасалған. Келіп түскен адамдарды медициналық тексеруден өткізіп, сырқаттарын емдейді. Ке­йін жеке басын куәландыратын құжаттар береді. Тіпті белгілі бір мамандықтар бойынша оқытып, арнайы курстардан да өткізеді. Мұнда белгілі бір тұрағы болмай келген адамдар алты айға дейін тұруына болады.
Біздің байқағанымыздай, осындай қаңғыбастық өмір кешіп қалған жандар, неге екені белгісіз, көбіне арнайы бейімдеу орталықтарына барғысы келмейді. Қалтасында ақшасы болмаса да, ішер ас, киер киімге мұқтаж болып жүрсе де, әр жерді паналап, еркін өмір сүргенді тәуір көреді. Сосын олардың кейбірі ұрлық жасауы мүмкін. Қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, ұсақ бұзақылыққа баратын жағдайлары да аз емес. Сондықтан олармен тұрақты түрде жұмыстар жүргізіледі, – деді.
«Жақында әлеуметтік желіде бір адамдар өз пәтерлерінде мүлде бөгде адамдардың тіркелгені туралы айтып, шағымданды. Осы жөнінде не айтасыз?» деген сауалға «Бұл мәселеге байланысты мына жайларды айтуға болады» деді Астана қаласы Ішкі істер департаменті Көші-қон қызметі басқармасының айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанат Досмағанбетов. – 2015 жылдың қазан айынан бері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мекенжайдың тіркеу кодын жүргізіп келеді. Ал 2017 жылдың 23 қазанынан Астана мен Алматы қалаларында қанатқақты жобалар жүзеге асырылуда. 1 қарашадан бастап еліміз көлемінде мекенжайлық тіркеу коды негізінде мекенжайлық мәліметтердің жаңа түрі енгізіле бастайды. Содан кейін электрондық үй кітапшасы әзірленеді. Сол арқылы қай үйде, қай пәтерде кім және қанша адам тіркелгені тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрады. Ал әзірге электронды тіркеу кітапшасы іске қосылмағандықтан, нақты мәлімет бере алмаймыз.
«Биыл көктемде Елбасы елорданың дамуына арналған алқалы жиында қаладағы «резеңке пәтерлер» туралы сын айтқан болатын. Осыған байланысты не дер едіңіз?» деген сауалға Қанат Досмағанбетов:
«Бұл мәселемен біз күнделікті айналысып келеміз. Өздерінің бас пайдасы үшін үйлеріне жүздеген адамды тіркеп, тәртіп бұзғандардың барлығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз тіркелген адамдар шығарылды. Бұл жағдай қазір толық реттелді деп айтуға болады. Ал қалада мұндай жағдай бірен-саран кездесіп жатса, алдағы уақытта олармен де жүйелі жұмыстар жүргізіледі» деді.
«Естеріңізде болса, жыл басында қолданыстағы заң талаптарына бірқатар өзгерістер енгізіліп, Астана қаласында тұратын адамдар тұрғылықты жерлерінде тұрақты немесе уақытша тіркеу­ге тұруы керектігі міндеттелген еді. Осыған орай, Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс істеуге көшті. Пәрменді жүргізілген іс-шаралардың арқасында екі мыңнан аса пәтерден заңсыз тіркеген 21500 адам есептен шығарылды. Тіпті көптеген жерлерде кейбір пәтер иелері бір кезде өздері тіркеген адамдарын есептен шығаруды да ұмытып кеткендігі белгілі болды. Осындай 195 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деп сөзін сабақтады.

Камера – қауіпсіздік кепілі
«Қаладағы кептеліс кезінде жол ережелерін қасақана бұзатындарға байланысты қатаң шара қолдануға болмай ма?» деген радиотыңдаушының са­уалына орай Нұржан Әділов:
– Ондай жол ережесін бұзушылар кездеседі. Біз оларды көше қиылыстарында қойылған бейнекамералар арқылы көріп, талай рет әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Әсіресе, қала тұрғындары жұмысқа барар, жұмыстан қайтқан кешкі мезгілде, түскі асқа шыққанда көлік тасқыны кептелісіне тап болатыны рас. Міне, осындай кезде кейбір «пысықайлар» басқа жүргізушілерге кедергі келтіріп, жол ережесін бұзады. Мұндай келеңсіздікпен жол полициясы қызметкерлері күресіп келеді.
Ал көше қиылыстарынан өту туралы айтар болсам, оқушылар мектепке барарда, мектептен шығып, үйлеріне қайтарда жол полициясы қызметкері көше қиылыстарын реттеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс бізде жылдар бойы тұрақты жүргізіліп келе жатыр, – деді.
Ал «осыдан тоғыз жыл бұрын берілген көп қабатты тұрғын үй кешеніне бейнекамералар қашан қойылады?» деген сауалға:
«Астана қаласы Ішкі істер департаментінің шұғыл басқару орталығына қазір қалада 795 бейнекамера қосылған. Қала әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта бұл бейнекамераларды одан әрі көбейту жоспарланып отыр. Кейінгі кезде осындай бейнекамералардың керектігі жөнінде тұрғындардың көбі түсініп, бірігіп, қаржы шығарып орнатуда. Көптеген аулаларға қазір шлагбаумдар қойылған. Осының барлығы қауіпсіздік пен ыңғайлылық үшін керек екенін уақыт көрсетіп отыр.
Аталып отырған Сарыарқа ауданы бойынша біз бұл мәселені қала прокуратурасымен бірігіп шешетін боламыз. Қазір «қауіпсіз аула» жобасы бойынша қылмыс көп жасалатын аумақтағы аулаларға бейнекамералар қою жұмысы жалғасып келе жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселені де назарда ұстайтын боламыз. Негізі, бейнекамералар қауіпсіздік кепіліне айналуда» деген жауаптар берілді.
Тікелей эфирдегі бағдарлама барысында радиотыңдаушылардан сұрақтар үздіксіз түсіп жатты. Олардың көбіне бағдарлама қонақтары барынша түсінікті де қысқа жауап беріп отырды. Ал сауалдардың бір легіне Ішкі істер департаментінің қызметкерлері кейінірек жазбаша түрде толығырақ жауап беретін болып келісті.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button