ЖаңалықтарҮйренетін үрдістер

Бауырлас қала басылымдарынан

ДУБАЙ: МИЛЛИОН ЖАСҚА КОДИНГ ТІЛІН ҮЙРЕТПЕК

The National.ae, 24 қазан

Біріккен Араб Әмірліктерінде бір миллионға жуық жасты келешектің тілі – кодингке үйрететін оқу-ағарту бағдарла­масы басталды.

Мұндай бастамаға вице-президент және Дубайдың әміршісі, шейх Мұхаммед бин Рашид әл-Махтумның жаһандық қоры мұрындық болып отыр. Осы мақ­сатта Дубай келешек қоры арнайы ArabCoders.ae веб-порталын ашты. Жобаға онлайн-курстар ұсы­натын «Udacity» сервисі және Таяу Шығыста персонал таңдау қыз­метімен танымал Bayt.сom порталы қолдау білдірмекші.
Бағдарлама аясында веб-сайт құрастыру, мобильді интерфейс, Андроид қосымшаларын жасау және мәліметтерді талдау (data analysis) бойынша сан-салалы онлайн курстар ұсынылады. Үш айлық оқу бағдарламасынан өткеннен соң үлгерімі жақсы 1000 студентке арнаулы сертификат пен шәкіртақы табыстап, бағдарламашыларға ар­налған жарысқа қатысуға мүмкіндік беріледі. Кодтаушылар жарысында 10 үздігі марапатталады. Бас жүлдегердің сыйақысы – 1 миллион доллар, қалған тоғызына 50 мың доллардан ынталандыру сыйлығы беріледі. Жүлдеден ұстаздар да құр қалмайды. Студенттердің дауыс беру нәтижесінде анықталатын үздік ұстаздардың әрқайсысына 200 мың доллар сыйақы тағайындалды.
Жалпы, қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктері мұнайға тәуелсіз экономика құру үшін білім саласын­да жаратылыстану, технология, инженерия және математиканы оқытуға айрықша күш салып отыр. «Жобамыз арқылы Араб түбегіндегі жастардың өміріне қамқорлық танытып, олардың келешегіне үміт сыйлағымыз келеді» дейді шейх Мұхаммед бен Рашид. Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметі бойынша Таяу Шығыс-Солтүстік Африка аймағындағы халықтың 65 пайызы жасы 25-ке толмаған жас­тар екен, алайда олардың 27 пайызы – жұмыссыз. Bayt.com былтыр таратқан есепке сенсек, еңбек нарығындағы қат мамандықтар мен жастардың қазіргі кәсіби білік­тілік деңгейі сәйкеспейді. Ал цифр­лы технология саласы келешекте мыңдаған жұмыс ұсынатын алаң ретінде еңбек нарығында жаңа тренд қалыптастырады.

РИГА: ТУРИСТ ТАРТУҒА ТАЛПЫНАДЫ

Latviannews.lv, 7 қараша

Ригаға шетелдік продюсерлердің назарын аудару үшін қала муниципалитеті 2018 жылы Берлинде өтетін Еуропа фильм нарығы (Europa Film Market 2018) шарасына қатыспақшы.

«Мұндай маңызды ша­раға қатысу Риганың, жал­пы Латвияның тар­тымды фильм тү­сіру алаңы ретінде халықаралық деңгейде танытып, қалаға инвестиция тартуға, туризмді дамытуға мүмкіндік береді» дейді Рига қала консулдығының даму жөніндегі комиссия төрағасы Максим Толстой. Рига муниципалитеті Ұлттық фильм орталығы және Латвия фильм қауымдастығымен бірлесіп, аталмыш фестивальде Риганы таныстыру үшін арнайы қаржы көзін қарастырып отыр.

АММАН: ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ФОРУМ ӨТТІ

Alghad.com, 10 қараша

Осы аптада Иордания астанасы – Амманда Дүниежүзілік ғылым форумы өтті. «Бейбітшілік жолындағы ғылым» тақырыбымен өткен форумға әлемнің 120 елінен келген ғалымдар мен Нобель сыйлығының лауреаттары, инвес­торлар, саясаткерлер қатысты.

Форум 1999 жылдан бері ЮНЕСКО мен Ха­лық­ара­лық ғылы­ми ке­ңесі­нің бастама­сымен ұйым­дас­ты­рылып келе­ді. Ай­­талық, 2015 жылы Буда­пештте өткен фо­рум климаттың өз­геруі, қатер­лі ісік, тех­ногендік апат се­кілді XXI ға­сырдың сын-қатерлерін кеңінен тал­қылады. Ал Иор­­дания­да өт­­кен форум ға­лымдарды тұрақты даму және бейбіт­шілік сая­сатына қа­тыс­тыру, азық-түлік қауіпсіздігі және агро­­шаруашылық, қатерлі ін­­­детке қарсы күрес, т.б. өзекті мә­­се­лелерді ортаға сал­ды.

МӘСКЕУ: «ХРУЩЕВКАЛАРМЕН» ҚОШ АЙТЫСАДЫ

«Московский Комсомолец», 8 маусым – 3 қараша

Биыл көктемде Мәскеу мэриясы 1957-1968 жылдары салын­ған ескі бес қабатты «хрущевкаларды» сүріп тастап, орнына жаңа пәтерлер ұсынатын «Реновация» бағдарламасын қабылдаған еді. Ресей астанасындағы тұрғын үй қорын жаңғырту жобасы өте ауқымды: 2032 жылға дейін 5177 үй бұзылады немесе шамамен бір миллиондай мәскеулік жаңа қонысқа көшеді. «Астана ақшамы» бауырлас қаланың бірегей жобасынан 5 дерек беруді жөн көрді.

1. Қоныстану бөлме санына қарай «бір пәтерге – бір пәтер» қағидасымен жү- зеге асады. Алайда жаңа пәтерлер әлдеқайда кең болады.

2. «Реновация» бағдар­ла­ма­сына қатысу – ерікті. Тұрғындар арнаулы сайтта дауыс беру немесе тұр­ғындардың жалпы жина­лысын жасау арқылы өз ық­тиярын білдірді. Тіпті жаңа үйге көшу туралы ке­лісім­шартқа қол қой­мастан бұрын кез келген уақытта бағ­дарламаға қаты­судан бас тартуға болады.

3. Басында ескі үйден жаңа үйге көшетіндер кіріс салығы ретінде 13 пайыз баға айырмашылығын тө­леу қажет болды. Алайда Мем­лекеттік Дума заңға тү­зету енгізіп, тұрғындарды са­­лықтан босатты. Сондай-ақ, бағдар­ламаға іліккен тұр­­ғындар жыл сайын күр­делі жөн­деуге жиналатын алым­нан да босатылды. Үйлер әбден бұзылғанша, олардың апат­тық жағдайын қадағалап тұруды Мәскеу мэриясы өз мойнына алды.

4. Алғашқы кезеңге 210 алаң таңдап алынды. Ол жерде жиыны 568 бес қабатты үй орналасқан. Тұрғындар саны – 119,5 мың. 2017-2019 жылдары 59 үй салынып, 36,1 мың жан жаңа бас­панаға көшеді. Ал жаппай қо­ныстану 2020-2021 жылдары басталады. Айта кету керек, тұр­ғындарға пәтер үйреншікті ауданнан, тіпті өзі тұратын орамнан беріледі.

5. Жаңа тұрғын үй кешен­дері мен пәтерлер стандарты бекітілді. Пәтерлер комфорт класс санатында болады. Тұрғындардың кү­дігін сейілту үшін пәтердің ішкі интерьерін көрсететін арнайы «шоу рум» ашылды. Тұрғындар бұрынғысынан кеңірек үйге көш­кісі келсе, артық шаршы метрді өз ақшасына сатып алуына болады.

Дайындаған: Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button