Таным

Тарихи тойтарыс

Ұлы Отан соғысының тағдырын шешкен бірден-бір ұрыс – 1943 жылдың 5 шілдесінен 23 тамызына дейін, 49 күнге созылған Курск шайқасы. Жан алысып, жан беріскен бұл айқасқа екі жақтан алты мыңдай танк, төрт мыңдай самолет жұмылдырылып, 2 млн жауынгер қанды қасапты басынан кешті. Атап айтсақ, Кеңес әскері жағынан 1,3 миллиондай, Немістер жағынан 900 мыңдай әскер ұрысқа қатысқан еді. Мұны, сондай-ақ, «Курск иініндегі шайқас» деп те атайды. 

Сол уақытқа дейін Қызыл армия шегіну үстіне шегінумен болады. Бірақ, 1942 жылдың қысында Кеңес әскері Курск маңын­да жау шебін 150 шақырымдай кейін ығыстырып, ұзындығы 200 шақырымнан асатын иін жасайды. Осы иінді қос бүйірінен шабуылдап, Курскіні қоршауға алмақ болған жау 5 шілде күні «Цитадель» операциясын бастайды. Кеңес әскерінің күткені де сол еді. Себебі, Курск маңына мықтап бекінген қызылдар жау әскерін әлсіретіп, үлкен шығынға ұшыратамыз деген жос­пармен тастүйін отырған болатын. Қорғаныс шебінің мықтылығының бір белгісі сол – әр шаршы шақырым жерге 1500-ге жуық мина көмілген еді. Дегенмен, Германның «Тигр» атты танкісіне қарсы тұратын соғыс техникасы жоқ-ты. Біздің зеңбіректер «Тигрге» 400-600 метрден оқ дарыта алатын болса, оның 2 мың метрден кез келген нысанды жайратуға күші жететін еді. Бұған қоса, атып түсірілген барлау самолетінен табылған құжат бойынша, Гитлер армиясы бұлардың қай жерде қанша зеңбірек құрғанына дейін біліп отырған болып шығады.

Жағдайдың қиындығына қарамастан, қанды қырғында жау шабуылы тойтарылып, соғыс тізгіні түбегейлі қызыл әскердің қолына өтеді. Сол себепті Курск түбіндегі жеңіс – Екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистерге берілген тарихи тойтарыстың басы болды деуге толық негіз бар.

Осы майданда қан төккен қазақстандық жауынгерлер де аз емес. Біз Курск шайқасының 70 жылдығы қарсаңында сол бір сұрапыл соғысты көзімен көрген ардагерлермен жүздесіп қайтқан едік.

«Әкемнің ізімен аттандым»

Қаматай Тоқабаев 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай станциясында дүниеге келіпті. Он екі жасынан Қарасу колхозында өгіз бағып, шөп шауып, қабырғасы қатпаған бала шағынан еңбекке араласады. Жасы он беске келгенде теміржолда жол монтері болып жұмыс жасайды. Бірақ, бұғанасы бекімеген жас жігіт үшін бұл жұмыс ауырлық етіп, омыртқасына зақым келеді. Осының зардабынан екі мәрте ота жасатып, 1942 жылдың тамыз айында ғана әскерге жарамды деп танылады да, 18 жасында майданға 261-полк, 310-атқыштар дивизиясы құрамында аттанады.

Бара салысымен Ленинград блокадасына түскен олар Сталинград айқасына қараша айында араласады. Сонда трактор зауытын қорғап, күніне төрт-бес шабуылды тойтарып тұрады. Әуеден бомба тастамақ болған жау ұшақтарын да атып түсіріп, жерден басып алмақ болған жаяу әскеріне де оқ боратып, маңайлатпай қояды. Осы кезде немістердің бір бөлігі Сталинградқа кіріп те үлгерген екен. Бірақ, қала үшін болған жойқын ұрыста жау әскері шегінуге мәжбүр болады. Осының бәрін тебірене еске алған Қаматай атамыз: «1943 жылы 2 ақпанда қаланы азат еттік» дейді ауыр күрсініп.

Ардагердің әкесі Әбіш Тоқабай да Ақмолада құрылған 387-атқыштар дивизиясы сапында Мәскеуді қорғауға аттанған екен. Бұл дивизия сол кездегі ел астанасын жау қолына бермей, шабуылдың бетін қайтарысады. Артынша Калуга облысына кіріп, немістерді тықсырып қуып шығады. Өкінішке қарай, 1942 жылдың 22 тамызында Әбіш Тоқабай Ульянов ауданында ерлікпен қаза табады. Марқұмның денесі Калуга облысы Ульянов ауданы Ефимцево селосындағы бауырлас­тар қорымына қойылады. Ақсақал: «Биыл әкемнің де қайтқанына 70 жыл болды. Соған орай, әкейдің зиратына барып, құран оқытып, ас беріп қайттық» дейді.

Қаматай Тоқабаев Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі орденімен марапатталған. Сонымен қоса, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» сынды көптеген медальдардың иегері.

Ардагер тоқсанды иектеп қалса да, әлі күнге аттан түспеген. Зейнетке шыққаннан бері Астана торабындағы теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық қызметтен қол үзбей келеді.

«Авелиннің айтқаны әлі есімде»

«Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен» ерлердің бірі – Ахат Бекмадияұлы. Ол 1923 жылы қазіргі Астрахан ауданында дүниеге келіпті. Бірақ кіндік қаны тамған Қазқоскөл ауылы бүгінде жоқ.

Ахат атамыз 1939 жылы Қызылжар қаласындағы педучилищеге түседі. Соғыс басталысымен әскерге қанша сұранса да, оларды «оқуларыңды бітіріп алыңдар» деп, майданға жібермей қояды. Содан, 1942 жылдың мамыр айында оқу аяқталысымен әскер қатарына шақырылып, әуелі оқу-жаттығудан өтеді. Аз ғана уақыт ішінде әскери тәртіпті үйреніп, соғысқа аттанады.

Ахат Бекмадияұлы әуелде Мәскеу түбіндегі қорғаныс бөлімінде болады. Ал, 1943 жылдың жазында негізгі күш Орел-Курск ендігіндегі шайқасқа жұмылдырылғанда, олар Курск түбіндегі қорғаныс шебіне шақырылады. Қиян-кескі ұрыста кеңес әскері шабуылға төтеп беріп, артынша өздері алға ұмтылады. Осылардың қатарында шабуылға шыққан Ахат атамыз Беларусь жеріне таяғанда аяғына снаряд жарықшағы тиіп, жарақат алады. Бұл жарақаты жазылып, қайта қатарға қосыла бергенде 1944 жылы екінші мәрте жараланып, соғысқа жарамсыз деп танылады.

1944 жылы елге келісімен Колутон стансасында мұғалім болып жұмысқа орналасады. 1988 жылға дейін 44 жыл ұстаздық еткен ардагер арасында Есіл станса мектебінің директоры болып та қызмет істепті.

Биыл тоқсанға толып отырған ақсақалға: «Ата, соғыс жылдарынан қазақтардың есіңізде қалған бір ерлігін айтып беріңізші?» дегенімізде:

– 1942 жылдың қысында Рязань облысы Рязский қаласында он адам госпитальда жаттық. Солардың ішінде жалғыз қазақ мен едім. Арамызда Авелин деген мәскеулік орыс болды. Бір кезде ол маған: «Мәскеуді қорғауға қатыстым, немістермен бетпе-бет ұрыстық. Сонда мен қазақтардың найзаласқан ұрыстарда (штыковой бой) көрсеткен ерлігіне тәнті болдым. Олар бір қадам артқа шегінуді білмейтін еді» дегені есімде қалыпты. Ал, өзім айтсам мақтанған боламын ғой, – деді тебіреніп.

Ербол ЖАНАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button