Басты ақпарат

Тәуелсіздік күнін әлем қалай тойлайды?

Тәуелсіздік күнін тойлаудың біздің елдегіден бөлектеу нұсқаларын білу бәріңізге қызық шығар?! Соны ескеріп, өзімізге ерекше көрінген АҚШ, Индонезия, Үндістан және Мексика тәжірибесін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Бір жағынан, болашақта осы мемлекеттерге сапар шегіп, дәл тәуелсіздік тойы қарсаңында топ ете түссеңіздер, не істеу керектігінен хабардар боласыздар. Сонымен…

АҚШ: тұрғындар хот-дог жеп жарысады

Отшашу, барбекю және… хот-дог жеуден чемпионаттар. АҚШ тұрғындары Тәуелсіздік күнін бұларсыз елестете алмайды. Мерекенің ресми атауы «Independence Day» болғанмен, америкалықтардың көпшілігі оны сол күннің қарапайым атауымен, яғни, «Fourth of July» немесе «July Fourth» («Төртінші шілде») деп атайды.
Тарихи деректер бойынша, 1776 жылғы шілденің 4-інде АҚШ-тың Ұлыбританиядан тәуелсіздігі туралы декларацияға қол қойылған. Бұл сол кездегі Солтүстік Америка континентінің шығыс жағалауындағы 13 британиялық колонияның бірлескен шешімі болатын. Олар өздерінің төл ақшаларын басып шығарып, Британ империясына алтын мен күмістен салық төлегісі келмеген-ді. Мұның соңы соғысқа ұласып, нәтижесінде Құрама Штаттар деп аталатын мемлекет метрополиядан тәуелсіздігін алып бөлініп шықты.
Жыл сайын бұл күні қалалар америкалық тудағыдай қызыл, ақ және көк түстерге боялады. Вашингтонтағы Ұлттық аллея нағыз мерекенің ордасына айналады: Капитолийге қарама-қарсы бетте «A Capitol Fourth» («Төртінші Капитолий) атты дәстүрлі тегін концерт ұйымдастырылады. Оған шамамен жарты миллиондай адам барады екен. Тұрғындар салтанатты шараны тамашалап болғаннан кейін саябақтардағы көгалдарда барбекю жасауға кіріседі. Сондай-ақ мейрам күні Сент-Луис, Бостон, Сан-Диего және Чикаго қалаларында – халықаралық азаттық фес­тивальдері, Атлантада «Peachtree Road Race» атты жүгіру марафоны өтеді. Ал Нью-Йорктегі 103 қабаттық зәулім ғимарат – Эмпайр Стэйт Билдингтің сыртқы жарығы қырмызыдай қып-қызыл түске ауысады.
Кешкісін америкалық аспан фейерверктердің таңдай қақтырарлық жарқылына бөленеді. Тіпті, олардың кейбірі Гиннестің рекордтар кітабына да еніпті. Америкадағы пиротехникалық ұйымның дерегіне сүйенсек, былтыр ел тұрғындары отшашуларға 1 миллиард доллар жұмсаған көрінеді.
Америкалықтар соңғы 100 жылда әр Тәуелсіздік күнінде хот-дог жеу­ден жарысуды да әдетке айналдырған. Бұл күні америкалықтар 150 миллиондай хот-дог жейді екен. Қазіргі уақыттағы рекордсмен Джои Честнат 72 хот-догты 10 минутта тауысыпты.

Индонезия: көшелер тудың түсіне боялады

Егер сіз Индонезияға 17 тамызда барсаңыз, ағаш басына өрмелеуге дайын болыңыз. Жарысты ұйымдас­тырушылар биік жаңғақ ағашын маймен сылап, ұшар басындағы бұтақтарға сыйлық салынған себеттерді іліп қояды. Ал жарысқа қатысушы жастар өз денелерін баспалдақ ретінде пайдаланып, жоғарыға қарай бірінші жетуге тырысады. «Panjat Pinang» деп аталатын бұл ойын индонезиялықтар үшін Тәуелсіздік күніндегі, өздерінше айтсақ, «Hari Kemerdekaan Indonesia» мейрамындағы басты шаралардың бірі болып саналады.
Индонезия өз тәуелсіздігін 1945 жылғы 17 тамызда алған. Оған де­йін мемлекеттің аумағы сөз жүзінде Нидерландының еншісінде, ал іс жүзінде Жапонияның басқыншылығында болған.
Мерекеге дайындық елде әдетте бірнеше апта бұрын басталады. Барлық ғимараттар мен көшелер мемлекеттік тумен түстес ақ және қызыл ленталармен безендіріліп, «Dirgahayu RI» («Индонезия Рес­публикасы жасай берсін!» деген мәтіндегі плакаттар мен баннерлер ілінеді. Біздер тойға дайындалған секілді, индонезиялықтар бұл мереке алдында сенбіліктер жасап, көшелерін сыпырып, ағаштары мен газондарын тегістеп, дуалдарын бояй­ды. Сондай-ақ әрбір үй сыртына Индонезияның туын іліп қоюға да тапсырма беріледі.
Ағашқа өрмелеуден басқа, бұл күні жергілікті тұрғындар өздерінің «krupuk» атты чипстерін жеуден, мотоциклдер мен велосипедтерді безендіруден, арқан тартысудан, бірін-бірі жастықтармен соққылаудан, күріш салатын қаптарды киіп алып жарысудан бақ сынайды. Мұндай шаралардың бәрін әр қалалар мен ауылдарда құрылған мерекелік комитеттер ұйымдастырады.
Шоппинг сүйгіш индонезия­лықтар да тәуелсіздік күнін асыға күтеді. Өйткені дәл осы күні елдегі ірі сауда орталықтары мерекелік жеңілдіктерін ұсынады.

Үндістан: шатырға шығып, батпырауық ұшырады

15 тамыз – Үндістан үшін Республика күнінен кейінгі екінші маңыз­ды мереке. Өйткені 1947 жылы дәл осы күні Үндістанның Ұлыбританиядан азаттығын растайтын акт күшіне еніп, елдің тұңғыш премьер-министрі Джавахарлал Неру Делидегі Қызыл форттың төбесіне тәуелсіз мемлекеттің үш түсті туын көтерген еді. Осылайша ежелгі елдің тарихындағы жаңа кезең басталған-ды. Содан бері Тәуелсіздік күнінде ту көтеру салтанаты көптеген қалаларда, тіпті, ауылдарда да дәстүрге еніп кеткен. Сондай-ақ мереке қарсаңында ел президенті өз резиденциясында сөз сөйлеп, ол жергілікті телеарналар арқылы көпшілікке таратылады.
Басқа мемлекеттердегі сияқты, Үндістанда да бұл күні көшелер ұлттық тудың түсіне боялады. Жұртшылықтың көпшілігі дупатта, сари секілді дәстүрлі киімдер мен жалаулар сатып алатындықтан, бұл күні, әсіресе, саудагерлердің жұмысы ерекше қызады. Мейрамның келгенін рикши (велосипедке жалғанған арба тәрізді қоғамдық көлік) жүргізушілеріне қарап-ақ біле берсеңіз болады. Олар да өз көліктерін жалаулармен сәндеп, мерекелік атмосфераны одан әрі жандандырады.
Батпырауықтар да Үндістандағы тәуелсіздік күнінің символына айналып кеткен. Бұл күні тұрғындар жаппай биік үйлердің шатырына шығып алып, алуан түрлі батпырауықтарды аспанға ұшырады. Биыл ел үкіметі жібі синтетикамен қапталған батпырауықтарды сатуға тыйым салды. Өйткені соңғы бірнеше жыл қатарынан тәуелсіздік күнінде көшедегі бірнеше адамның тамағын батпырауықтардың жібі кесіп кетіп, мерт қылған.
Үндістанның тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы тағы бір шаралардың бірі Кришна Джанмаштами деп аталады. Бұл фестиваль кезінде жүздеген адам пирамида пішінін құрап, ең биігіне шыға алған кісі төбедегі ірімшік толтырылған тос­тақты төңкеруі керек. Мұнымен қоса, мейрам барысында полицейлер де экстремалды трюктер жасау­дан жарысып, көпшілікке керемет шоу көрсетеді.

Мексика: «тәуелсіздік тамағын» пісіреді

Тәуелсіздік күнін мексикалықтар екі күн қатарынан тойлайды. 1810 жылдың 16 қыркүйегінде рим-католик шіркеуінің қызметкері Мигель-Идальго-и-Костилья қоңыраудың үнімен Долорес қаласының тұрғындарын жинап, испан билігіне қарсы шығуға үгіттеген-ді. Мексика өз тәуелсіздігін ресми түрде осы оқиғадан 11 жыл өткеннен кейін алғанымен, тәуелсіздік тойы 16 қыркүйекте аталып өтеді.
15 қыркүйек күні кешкісін жұртшылық ел астанасы Мехикодағы Конституция алаңына жиналады. Бұл жер Закало деген атпен де танымал. Закало – Мехиконың жүрегі іспеттес, мұнда ерте замандарда ацтектер өз ритуалдарын жасаған, түрлі наразылық шерулері өткен, жергілікті мерекелер тойланған. Дәстүр бойынша ел президенті 15 қыркүйек күні түнгі сағат 11-де Ұлттық сарайдың балконына шығып, патриоттық рухты көтеретін жалынды сөздер айтады. Оған жауап ретінде тұрғындар «Viva Mexico!» («Мексика жасасын!») деп бірауыз­дан айқайлап, фейерверктер атады. Егер дәл сол уақытта алаңда болсаңыз, жан-жағыңыздан жаңбыр­ша жауған кәмпиттерге кәдімгідей көміліп қалуыңыз мүмкін. Бұл мексикалықтардың майя мен ацтектер дәуірінен бері келе жатқан «пиньята» деп аталатын біздің «шашу» сияқты дәстүрі. Бұрынырақ олар батпақтан өздерінің құдайлары пішінінде ыдыстар жасап, ішін тәттімен толтырып, белгі берілгенде, таяқпен әлгі ыдыстарды сындырып, осылайша құдайларға құрбандық жасаған екен. Уақыт өте келе, адамдар осы ойынның заманауи нұсқасын мейрамдарда ойнау арқылы осынау ерекше ғұрыптың ұмытылмауына үлес қосқан.
Мексикалықтар тәуелсіздік күнінде «Chile en Nogada» атты ұлттық тағамдарын дайындайды. Аңыз бойынша бұл ас тұңғыш рет мемлекет тәуелсіздігі туралы декларация қабылданғаннан кейін әзірленіпті. Қызығы, оған тек қызыл, жасыл және ақ, яғни, ел туымен түстес ингредиенттер ғана қосылады екен.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button