Елорда тынысы

Тегін азық-түлік таратылды

Рамазан – мейірім мен қайырымдылық айы. Осы ретте, ­Нұр-­Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ауқымды қайырымдылық шарасы биыл да жалғасын тапты.

[smartslider3 slider=2621]

5 сәуір күні Әзірет Сұлтан мешітінде елордадағы әлеуметтік әлсіз топтар қатарына жататын 1500 отбасына тегін азық-түлік үлестірілді. Демеушілердің көмегімен дайындалған азық-түлік сөмкелерінде ұн, сұйық май, күріш, шай секілді күнделікті керек заттар жиынтығы бар.

«Қайырымды істер марафоны» аясында өтіп жатқан дәстүрлі қайырымдылық шарасында азық-түлік сөмкелері көпбалалы, толық емес, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, зейнеткерлер мен 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар азаматтардың отбасыларына жеткізіледі. Мұқтаж жандарға көмек қолын созу – қоғамға ортақ парыз. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мұсылман қауымын қайырлы аймен құттықтай отырып, барша қайырымды жандарды осындай игі шараға атсалысуға шақырады» деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Қайырымдылық шарасына еріктілер де белсенді қатысты. Азық-түлік сөмкелерін қызметкерлер мен еріктілер мешіттердің көмегіне жүгінген немесе әкімдікке алдын ала өтініш білдірген қаланың әр аумағындағы мұқтаж жандардың қолына жеткізіп берді.

Ізгілікті шараның игілігін көріп, қоғамның жылуын сезінген Нұргүл Аймағамбетова «Қасиетті айда мұқтаж жандарға, соның ішінде ерекше бала тәрбиелеп отырған маған да көмек қолын созып, ыстық ықыласын білдіріп жатқан әкімдікке, демеушілерге, еріктілерге мың да бір рақмет! Жомарт жүректі жандарға Алла разы болсын!» деп, қайырымды жандарға ақ алғысын жаудырды.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button