Елорда тынысы

Жолдар тез әрі сапалы жөнделуі тиіс

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жол жөндеушілерге қатаң талап қойып, уақытты созып жүруге болмайтынын және сапасыз істелген жұмыстың қабылданбайтынын мәлім етті.

[smartslider3 slider=2622]

«Ұзаққа созылған қыс мезгілі аяқталып, абаттандыру маусымы басталды. Елордада әдетте жылыту маусымы шамамен 8 айға созылады. Қазір қаланың барлық ауданында санитарлық тазалау жұмыстары басталып кетті: көпірлерді, қоршауларды, жол белгілерін жуу, көшелерді қоқыстан тазалау және тағы басқалар. Негізгі бағыттардың бірі – жол салу және жөндеу. Бүгін қаланы аралау барысында тұрғындар жиі шағым айтатын бірнеше жерлерге бардым. Мәселен, А.Бектұров, Қ.Мұхамедханов, Қ.Қайсенов, Қабанбай батыр көшелері, «Венский квартал», «Zam Zam» тұрғын үй кешендерінің ауданы, Binom мектебі және тағы басқалары. Қала тұрғындарының шағымдары орынды. Жол жөндеу жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізіледі» деді қала басшысы.

Ол жол жөндеу жұмыстарына қатысты төрт бағыттағы іс-шараларды былайша түсіндіріп берді:

«Біріншіден, жөндеу жұмыс­тары жүргізілетін көшелердің тізіміне адам көп жүретін, жаңа әлеуметтік нысандар (мектеп және т. б.) орналасқан, сондай-ақ салынып жатқан аудандарды қосуды тапсырдым. Бір айта кетерлігі, құрылыс жүріп жатқан аудандарда жол жоба бойынша салынып жатыр: алдымен инженерлік желілер толық салынады, содан кейін барып қана негізгі асфальт төселеді. Ал оған дейін жүруге жарайтын уақытша жол салынады. Екінші: жол жұмысы кезінде қаланың оң жақ бөлігі мен елді мекендерге көңіл бөлеміз. Себебі елді мекендерде қаламыз ел астанасы болғалы асфальт көрмеген жолдар бар. Соңғы жылдары 300 көшені жөндеп, салдық. Үшіншісі: біз үшін қала тұрғындарымен өзара байланыс орнату маңызды. Өздеріңіз білетіндей, былтыр біз Birge платформасын іске қостық. Бұл платформаға тұрғындар қаланы түрлі бағытта дамыту бойынша ұсыныс жібереді. Сол сияқты жобаларға дауыс беріп, олардың арасындағы ең жақсысын таңдайды. Үздік жобалардың бір бөлігін біз іске асырдық. Қала тұрғындары Birge платформасы арқылы жол инфрақұрылымы мәселелеріне қатысты жүгіне алады. Сол сияқты әкімдіктің, оның ішінде аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілері арқылы да ұсыныс жіберуге болады. Ол ұсыныстарды өз кезегінде мамандарымыз зерттеп, тиісті шаралар қабылдау үшін қаперге алады. Төртіншіден, жоғарыда айтылғандарды ескерер болсақ, тиісті басқарма мен жол жөндейтін ұйымдарға жауапты әрі ауыр міндет жүктеледі. Климаттық жағдайларға байланысты қаламызда абаттандыру уақыты қысқарады».

Елорда әкімі жол жөндеу­шілерге: «Уақытты созып жүруге болмайды әрі сапасыз жұмысқа жұмсайтын уақыт жоқ. Жол жөндеу жұмысы өте сапалы орындалуы тиіс. Сапасыз жұмыстарды қабылдамаймыз. Ал тиісті деңгейде орындалмаса сотқа береміз, кемшілік жібергендер олқылықтарды өз есебінен жөндейді» деп қатаң ескертті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button