Қала мен Сала

Түнгі рейд: Карантин талаптары сақтала ма?

Елімізде 25-29 тамыз күндері аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Сол арқылы елордада түнгі уақыттарда карантин талаптары қаншалықты сақталатындығын тексеріп, айыптыларға жауапкершілік жүктеу қарастырылған.

Осыған орай өткен сейсенбіде түнгі сағат 22.00-де полиция қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге қаланың сол жағалауындағы ойын-сауық орталықтарын, көңіл көтеру орындарын аралауға шықты.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мадияр Айтуғанов рейд барысында қоғамдық орындар, дәмхана, мейрамхана сынды нысандар тексерілетіндігін айтты.
«Ішкі істер министрінің нұсқаулығына сәйкес, тамыздың 25-29 аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы басталды. Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Ұлттық ұлан жасақтарымен бірігіп және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен елордада түнгі рейдтерге шығып тұратын болады. Басты мақсат – қаладағы эпидемиологиялық ахуалды сауықтыру, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, жол жүрісі тәртібін қатаң сақтау және карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз ету» деді Мадияр Айтуғанов.
Естеріңізге сала кете­йік­­, Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева өткен мәлімделерінің бірінде көптеген қала тұрғындары мен ұйымдардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамайтынын, ол басқа адамдардың вирус жұқтыру қауіпін үдете түсетінін айтқан болатын.
«Шектеу шараларын сақтау қаншалықты айтылып жатса да, тұрғындардың басым бөлігі короновирус індетінің барлығына сенбейді және ескертуге құлақ аспайды. Тіпті қарапайым қорғаныс талаптарын орындағысы келмейді: беттұмша тағу, аралық қашықтықты сақтау, қолды антисептиктермен жуу. Біз індет қаупі толық қайтпаса да, бірқатар шектеу шарттарын талап ете отырып, қаладағы кәсіпорындардың, ұйым­дардың жұмыстарын қайтадан жалғастыруына мүмкіндік бердік. Бірақ жаңадан КВИ тіркелу тежелетін емес, бұл кейбір мекеме-ұжымдардың сақтандыру шараларын орындамайтындығын білдіреді» деген еді бас санитарлық дәрігер. Оның айтуынша, егер қалада санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ушығып кететін болса, шектеу шаралары қазіргі кезге қарағанда күшейтілуі де мүмкін.
Бүгінде карантин талаптары жеңілдетілгенімен түнгі сағат 23.00-де қалада барлық дәмханалар, мейрамханалар, барлар жабылуы тиіс. Бірақ соған қарамастан түнгі уақыттарда жасырын жұмыс істейтін сауық орындары бар. Сондықтан ресми топ сағат 23.00-ден кейін Есіл аудандық полиция басқармасының ғимаратынан түнгі рейдке аттанды. Алдымен ат басын тіреген орын – Тұран даңғылы бойындағы «Астаналық саябақта» орналасқан қонақ үй. Полиция қызметкерлері келгенде қонақ үйдің ашық даладағы дәмханасында отырған жастардың қарасы қалың еді. Алайда олар полиция қызметкерлерін көргенде жылдам таралуға мәжбүр болды. Тек полицияның қолына мейрамхананың үш вип-залында туған күн тойлаған жастар түсті.
Бұдан кейін тексеру тобы Сауран көшесі бойында орналасқан барларға бас сұқты. Солардың бірінде де дәл осындай жағдай қайталанды. Полиция түнгі қыдырысты ұнататын жастар емін-еркін кальян шегіп, көңіл көтеріп отырғанда үстерінен түсті.
Полиция қызметкерлері аталған сауық орындарында болған клиенттерге коронавирус індеті толық жойылмағандығын, оның таралу қаупі әлі де жоғары екенін түсіндіріп, әкімшілік айыппұл салды. Сауық орындардың басшылары да айыппұл арқалады. Айта кетерлігі, карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2778 теңге / 30 АЕК – 83 340 теңге), ал кәсіпкерлік субъектілеріне 230 АЕК-тен (638 940 теңге) жоғары сомада айыппұл салынады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button