Жаңалықтар

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Елорданың құрылыс қарқыны ешқашан бәсеңдеген емес. Қала халқының саны көбейген сайын тұрғын үй нысандары да көптеп бой көтеріп келеді. Астана қаласы Статистика департаментінің ресми мәліметтері әкімдік қолға алған құрылыс жобаларының үздіксіз жалғасып, пайдалануға берілетін баспана саны ұлғая беретінін айғақтайды.

turgyn_ui

Мәселен, 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте Астана қаласы бойынша тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 99 081,4 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттар үлесі 18,3 пайызға жеткен.
Биыл барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 14 903 пәтерге арналған тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1 644 497 шаршы метрді құрады. 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткішпен салыстырғанда биылғы аудан көлемі 29 пайызға көп екенін атап өткен жөн.
Елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келуші халықтың қарасы да көбейіп келеді. Бұл ретте жеке салушылар жалпы ауданы 124 791 шаршы метр тұрғын үй салған. Өткен жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы көлемінде жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 7,6 пайызды құрады.
Елордада 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салудың орташа нақты шығыны 128,9 мың теңгені, оның ішінде жеке салушылардың тұрғызғаны 105,2 мың теңгені құрады.
Еске сала кетейік, 2030 жылға қарай Астана қаласының тұрғын үй қорын 37 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту шаралары тақырыбындағы дөңгелек үстелде Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай Астана қаласының халық саны 1 миллион 220 мың болғанда, елордадағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 37 миллион шаршы метрге жетуі тиіс. Бұл ретте бір тұрғынға 30 шаршы метрден келетін норма қарастырылып отыр.
«Бүгінгі таңда Астананың тұрғын үй қоры 19 миллион шаршы метрді құрайды. Соңғы 18 жылда 15,5 миллион шаршы метр пайдалануға берілген. Яғни, 2030 жылға дейін белгіленген межеге жету үшін жыл сайын 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы қажет» деген қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун 2015 жылы қалада 1 миллион 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтқан еді. Жоспар бойынша енді бұл көрсеткіш ағымдағы жылы 2 миллион шаршы метрге жеткізілмек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button