Басты ақпаратЖаңалықтар

Тұрғын үйдің нарқы қандай?

Отандық сарапшылардың пайымынша, елімізде тұрғын үй бағасы арзандап келеді. Жылжымайтын мүлік саласының мамандары елдегі дағдарысқа қарамастан, тұрғын үй саласындағы сауда тұрақты екенін алға тартады. Ресми мәлімет бойынша Астанада 2015 жылдың маусымы мен 2016 жылдың маусымы аралығында үйдің шаршы метрі 288 мың теңгеден 344 мыңға дейін көтерілген.

img_9757-2

ҚАЗАНДАҒЫ БАҒА
Ал қазан айында бір шаршы метрдің орташа бағасы 338 800 теңгені құрады. Тәуелсіз сарапшы Бақытбек Мүсілімұлының пікіріне сүйенсек, Астанадағы жылжымайтын мүлік құнының арзандауы жыл соңына дейін жалғаса беретін болады.

– Жалпы, Астанада тұрғын үйді сату және сатып алу үрдісінің тепе-теңдігі байқалады. Қазан айының басында сатылымға 38 мыңнан астам пәтер қойылды. Оның 5 мыңнан астамын үйдің иелері ұсынса, қалған бөлігін арнаулы компаниялар мен тұрғын үйді сатумен айналысатын мамандар ұсынған. Өзіміздің зерттеуімізге сүйенсек, ең арзан үйлер – 1965-1970 жылы тұрғызылған оң жағалаудағы ескі жатақханалар. Сәйкесінше, олардың шаршы метрі кішкентай әрі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал қымбат үйлер, әрине, Есілдің сол жағалауында. Кейде құны 2 млрд теңге болатын үйлер де сатылымға шығады, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, тұрғын үй бағасының арзандауына бірнеше факторлар әсер етеді. Тұрғындар тарапынан үй сатып алуға деген сұраныстың азаюы немесе сатылымға шыққан жаңа объектілердің көбеюі және маусымдық кезеңдер мысал бола алады.

Сонымен қатар, тұрғын үй саудасында барынша тиімді тәсілдер қолданысқа еніп келеді. Түрлі акциялар мен жеңілдіктер, қолжетімді ипотекалық несиелендіру және клиенттерге арналған бөліп төлеу бағдарламаларын айтуға болады.

СҰРАНЫСТА – СОЛ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ҮЙЛЕР
Астанада үш аудан бар. Эконом кластағы үйлер Алматы және Сарыарқа ауданында көп болса, бизнес және элиталық үйлер, әрине, Есіл ауданына тиесілі. «Қай ауданның үйлері өтімді?» деген сауалды сол саланың маманына қойғанды жөн көрдік.

Аруна СЕРАЛЫҚЫЗЫ,
Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман:
– Менің ойымша, тұрғын үйдің бағасы тұрақты. Дәл қазір 34-46 шаршы метр болатын бір бөлмелі үйлердің құны оң жағалауда 12-14 млн болса, сол жағалауда 15 миллионнан жоғары. Сәті келіп саудаласса, 2 миллионға дейін түсетіндер бар. Айта кетейін, үйлердің бағасы тамыз айында шамалы көтерілді. Қазір бастапқы қалпына қайта келді.
Тәжірибемнен білемін, бізде сол жағалаудағы үйлерге сұраныс көп. Өйткені мұнда жаңа үйлер, әкімшілік-іскерлік орталықтар бар. Біздің мамандар қысқа қарай бағаның арзандайтынын айтады. Бұл – жылдағы жағдай. Сосын көктемге қарай қайтадан көтеріледі. Ал тура бір жылдан кейін, яғни «ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталғаннан соң, тұрғын үйдің бағасы міндетті түрде арзандайтын болады деп ойлаймын.

astana2

АЛУАН-АЛУАН БОЛЖАМ БАР…
Астанадағы тұрғын үйдің бағасы туралы болжам айтпаған сарапшы кемде-кем. Жыл басталмай жатып, тұрғын үй саласын зерттеумен айналысатын отандық сайттар мен порталдар өз ойларын ортаға тастады. Олардың бірі 2016 жылы бағаның қымбаттауы байқалмайды десе, енді бір сарапшылар 9 айға дейін қалыпты болатынын қадап айтқан.

Әрине, өткен жылдың тамыз айында доллар бағамының күрт көтерілуі тұрғын үй нарығына тікелей әсер еткені белгілі. Мұндай жағдайды бақылауға алған кейбір компаниялар объектілерді сатуды уақытша тоқтатты. Дегенмен сарапшылар бағаның арзандауы немесе қымбаттауы арасында айырмашылық шамалы ғана екенін мәлімдеген болатын.

АСТАНА АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА
Үйдің бағасынан бөлек, құрылыстың қарқынына тоқталсақ, әрине, Астана қаласы көш бастап тұр.

Жыл басынан бері елордада 1,3 млн астам шаршы метр пайдалануға берілген. Қалалық Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың жеті айында тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 74 144,8 млн тең­гені құраған. Осылайша негізгі ка­питалға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражат үлесі 19 пайыздан асады.

Ал Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун 2030 жылға қарай Астана қаласының тұрғын үй қоры 37 миллион шаршы метрге жететінін айтқан. Өткен жылы қалада 1 миллион 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жоспар бойынша бұл көрсеткіш ағымдағы жылы 2 миллион шаршы метрге дейін жеткізілуі мүмкін.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

(Сурет фотограф
Айбек Ахановтың Instagram парақшасынан алынды)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button