Елордада – елшілер

Уфук ЭКИДЖИ: Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды серіктес

Соңғы отыз жылдың ішіндегі екі ел арасын жалғаған Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ сияқты халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың мәдени, гуманитарлық, экономикалық байланыстардың тамырын тереңге жайғанына куәміз. Отыз жыл толғалы отырған тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған Түркия болғаны ақжолтай қадам ретінде жұртымыздың жадында қалды. Осы ретте екі ел ынтымағының басында жүрген Түркияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук ЭКИДЖИ мырзаға ілтипатымызды білдіре отырып, бірнеше сұрақтарымызға жауап беруін өтінген едік.

[smartslider3 slider=97]

– Елші мырза! Екі елдің саяси-экономикалық қарымқатынасына қысқаша шолу жасасақ, Орта Азия елдерімен салыстырғанда қандай деңгейге көтерілді? Түрік инвесторларының үлесі мен көлемі қандай? Алдағы уақытта қандай салалардағы ынтымақтастықты дамытып, қай бағытқа басымдық беру қажет деп санайсыз?
– Түркия-Қазақстан қатынастары сауда, инвестиция, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, білім және әскери ынтымақтастық сияқты көптеген салаларда өзара тиімділік негізінде дамып келеді. Біз, әрине, бұған куә болып отырғанымызға қуаныштымыз. Дегенмен елдеріміз арасындағы байланыстарды одан да жоғары деңгейге көтеруге әлеуетіміздің жеткілікті екенін айтқым келеді. Біздің мақсат – ынтымақтастығымыз бен қарым-қатынастарымызды әртараптандыру және арттыру. Қазақстан Орталық Азиядағы біздің ең маңызды серіктесіміз деп айта аламын. Бұған біздің экономикалық қатынастарымыз жақсы мысал бола алады. 2020 жылы екіжақты сауда көлемі пандемия жағдайына қарамастан 3 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Алайда біз бұл санды одан да жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Біздің ортақ мақсатымыз – сауда көлемін 10 миллиард АҚШ долларына жеткізу. Түркия – Қазақстан экономикасында маңызды инвестор елдердің бірі. Түркиядан Қазақстанға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 4,2 миллиард АҚШ долларынан асады деп болжануда. Қазақстан да Түркияға инвестиция кұюда; оның жалпы көлемі шамамен 1 миллиард долларды құрайды. Қазақстанда түрік капиталымен жұмыс жасайтын компаниялар саны 2500-ден асады. Сондай-ақ мердігерлік шарты бойынша түрік компанияларына жүктелген мемлекеттік жобалардың құны 30 миллиард долларға жеткен.
Менің ойымша, бірлескен инвестициялар тұрғысынан жекелеген секторларда байланыстар орнату пайдалы болуы мүмкін. Қазақстан – көмірсутегі энергия көздерінен басқа, жел мен күн энергиясы тұрғысынан әлеуеті бар ел. Жаңартылатын энергия көздері саласында да ынтымақтасуға мүмкіндіктер бар. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласындағы әртүрлі білім мен тәжірибемізді қолдана отырып, инвестициялық мүмкіндіктер туғыза аламыз. Бұдан бөлек, болашақта жоғары технологиялық өнімдер саласында ынтымақтастық орнатылуы мүмкін.
– Қарапайым тұрғындар деңгейіндегі байланыстар туралы не дейсіз? Екі жылға созылып бара жатқан індет екі ел арасындағы туризм саласына біршама өзгерістер енгізді. Келешекте мәденигуманитарлық байланыстар қалай түзіледі деп ойлайсыз? Елшілік ұсынып отырған нақты жобалар бар ма?
– Шын мәнінде, біздің халықтарымыз деңгейіндегі қарым-қатынас өте жақсы деп айтуға болады. Екі халық бір-бірін жақсы көреді, құрметтейді. Дегенмен бір-бірін одан әрі жақсы білуі және түсінуі үшін түрлі жобалар жүргізуге болады.
Түркия Қазақстан азаматтарының демалыс үшін ең жиі таңдайтын елдердің басында тұр. Індетке дейін Түркияға жылына 400 мыңға жуық қазақстандық азамат барса, 2020 жылы пандемияға байланысты 140 мыңға жуығы барған екен. Қазақстан азаматтарының Түркиядағы ең жақсы көретін қалалары – Анталья, Ыстанбұл, Измир және Мугла.
Әсіресе, демалыс орындарынан баспана сатып алатын қазақстандық азаматтар саны да көбейген. Соңғы жылдары Қазақстан азаматтары Түркиядан үй сатып алған шетелдіктер тізімінің басына шыққан.
Түркия туристік мақсатпен келетін Қазақстан азаматтарына визасыз режим мерзімін 3 айға дейін ұзартты. Ал Қазақстанға келетін түрік азаматтары үшін бұл мерзім небәрі 1 ай. Сондықтан Қазақстан түрік азаматтары үшін аталған мерзімді 3 айға дейін ұзарта алады.
Елшілігіміз мәдениет, білім және өнер салаларында іс-шаралар мен жастарға арналған жиындар өткізіп тұрады. Мұндай байланыстар көбейген сайын гуманитарлық қатынастарымыз да күшейе түседі.
– Түркия – туризмі дамыған елдердің бірі. Ел экономикасында зор үлесі бар туризмді дамытудың оң тәжірибесімен бөліссеңіз…
– Түркия – әлемдегі маңызды туризм орталықтарының бірі. Пандемияға дейін жылына орта есеппен 40-45 миллион шетелдік турист Түркияға келетін. Бұл көрсеткіш 2019 жылы шамамен 45 миллион болса, 2018 жылы шамамен 40 миллион болған еді. Туризм бүкіл әлем бойынша COVID-19 індетінен ең көп зардап шеккен салалардың бірі болды. Өткен жылы пандемияға байланысты Түркияға шетелдік туристер салыстырмалы түрде аз келді, дегенмен бұл көрсеткіш 13 миллион адамды қамтыған. Биыл Түркияға келетін шетелдік қонақтардың саны тағы да артады деп күтілуде.
Эпидемиялық процесс саяхат ұғымына жаңа тенденциялар енгізді деуге болады. Мысалы, адамдардың көп шоғырланған жерлерден аулақ болуға бейімділігі, жеке виллалар жалдап, шағын топтармен яхта турларын жасап, керуен форматындағы қонақүйлерді жалға алуы табиғат ту ризміне деген қызығушылықтың артқанын көрсетіп отыр.
Әрине, туризм туралы айтылғанда, ойға табиғат пен теңізден бөлек нәрселер де түседі. Түркия денсаулық сақтау, ғылыми конференция, тарих, діни және мәдени туризм сияқты салаларда да жоғары деңгейге жеткен.
– Екі ел арасындағы рухани байланыстың орны ерекше деп санаймыз. Себебі түбі бір түркінің ұрпағы екендігіміз – соның дәлелі. Осы бағыттағы әдеби-рухани достық байланыс қалай дамуы керек? Мысалы, Румидің Түркия жеріндегі Ясауи ілімі, Юнус Эмре сияқты шайырлардың мұрасы бізде аз насихатталып жатқан жоқ па?
– Сіз айтқандай, бауырлас халықтар арасындағы рухани қарым-қатынастардың орны бөлек. Біздің дініміз, тіліміз, тамырымыз бір. Бізде Абай, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Юнус Эмре, Хаджи Бекташ-и Вели сияқты көптеген рухани және әдеби тұлғалар бар. Бұл құндылықтар біртұтас дүниенің бөліктері болып табылады, олар біздің сенім мен мәдениет әлемімізді қалыптастырды және байытты. Осы себепті біз олардың бәрін ризашылықпен еске аламыз.
Біз тарихымыздағы осы маңызды рухани және әдеби қайраткерлерді бірге зерттеу, түсіну, түсіндіру және насихаттау арқылы және осы бағытта іс-шаралар жүргізу арқылы қарым-қатынастарымызды одан әрі тереңдете аламыз. Бұл салада штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Халықаралық Түркі академиясы жемісті жұмыс атқарып келеді.
Мысалы, биыл Түркияда «Юнус Эмре және түрік тілі жылы» болып жарияланды. Осыған байланысты біз Нұр-Сұлтан қаласында Юнус Эмренің ескерткішін орнату бойынша әкімдікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өз кезегінде Түркияның көптеген қалаларында Абайдың ескерткіштері орнатылған.
Қожа Ахмет Ясауи түркі сопылық дәстүрінің негізін қалаушы болған және ғасырлар бойы түркілердің рухани өміріне бағдар беріп келген. Ясауиден бір ғасыр кейін өмір сүрген Юнус Эмре Анадолыда бұл дәстүрдің жалғаушысы болды. Ол толеранттылық, махаббат пен гуманизмнің нышаны бола білді. Сіз айтқандай, Қазақстанда осы маңызды тұлғаларды насихаттау баяу жүріп жатқан сияқты.

Ясауиді Қазақстанда Түркістан қаласынан тыс жерлерде жұртшылық жақсы білмейді және насихаттамайды, мысалы, мен оның ескерткішін еш жерден кездестірмеппін.

– Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды? Елордамыз сізге несімен ерекшеленеді? Сіздің елдің астанасынан не үйренуге болады? Бас қаламызды дамытуда нені ескерген жөн деп ойлайсыз? Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз?
– Қызмет бабымен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Қазақстанға келе жатқанда осында жұмыс жасайтынымызға бүкіл отбасымыз болып қуандық. Осы уақыт ішінде біз өзімізді осындағы қалыпты өмір ағымына бейімдеп үлгердік. Ата жұртымызда жұмыс істеу – біз үшін бақыт пен мақтаныш.
Өмірінің маңызды бөлігін әртүрлі елдерде өткізген адам ретінде мен Нұр-Сұлтанды қалыпты, таза, қауіпсіз және өмір сүруге ыңғайлы қала деп айта аламын. Қала құрылысы басынан бастап жоспарлы түрде салынған. Бұл жағынан ол көптеген әлем астаналарынан ерекшеленеді. Түркияның астанасы Анкара да республиканың құрылуымен астана болып жарияланып, құрылысы жоспарлы түрде салынған. Бүгінде Анкарада 5 миллионға жуық халық тұрады, бұл бірқатар елдердің халқынан көп. Осы орайда муниципалды қызметтер, инфрақұрылым жұмыстары мен елді мекендерді жоспарлау кейбір қиындықтар тудырады. Екі қала осы мәселелер бойынша өз білімімен және тәжірибесімен бөлісе алады. Сонымен қатар, елдеріміздің астаналары арасында бауырлас қала қатынастары орнатылып, екіжақты байланыстар қарқынды жалғасуда.
Нұр-Сұлтанның ішкі аймағы кең және қала тегіс жерде орналасқан. Бұл ерекшеліктің арқасында ол – өсуге қолайлы қала. Алайда ол тез кеңейген сайын қаланың барлық бөліктеріне бірдей сапалы қызметтерді жеткізу қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан өсуді жүйелі бақылау және біртіндеп іске асыру маңызды.
Қалада серуендеуге болатын көптеген жасыл аймақтар мен саябақтардың болуы маңызды әрі бұл – жақсы ерекшелік. Осылайша адамдар таза ауада демалуға мүмкіндік алады. Біз де кейде отбасымызбен бірге саябақта серуендеп, демалып тұрамыз. Бізге, әсіресе, Президент саябағында серуендеген ұнайды. Мұнда біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, маусым айында «Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясын» аштық.
– Елші мырза, әңгімеңізге рақмет, екі елдің алтын көпіріндей қызметіңізге табыс тілейміз!

Айгүл УАЙСОВА

ҚЫСҚАША ӨМІРДЕРЕК:
Уфук Экиджи 1970 жылы Измирде дүниеге келген. 1993 жылы Бурсадағы Улудаг университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдап, 2018 жылы Уфук университетінің магистратурасын бітірген. Кәсіби лауазымын 1993 жылы Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Оңтүстік Африка, Таиланд, Германия және Австрия сияқты елдердегі Түркияның дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істеді. 2015 жылы Франкфурттағы (Германия) бас консул миссиясын аяқтаған соң, қайтадан Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында қызмет етті. 2020 жылғы қаңтардан Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі. Елші Экиджи үйленген, бір баласы бар. Неміс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button