Елордада – елшілер

Вилли Кемпель: Өз аймағының тұрақтылық факторы

Аустрия мен Қазақстан – әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосып келе жатқан елдер. Халықаралық сарапшылар қос мемлекетті өздері орналасқан аймақтарда тұрақтылықтың факторы бола білген елдер деп бағалайды. Биыл – осы екі ел арасындағы ынтымақтас­тықтың орнағанына 29 жыл. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Аустрия­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Вилли Кемпельмен сұхбаттасудың сәті түсті.

[smartslider3 slider=1559]

– Елші мырза, Қазақстанның 30 жылдағы тәуелсіз даму жолына, өзгерістеріне қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстан соңғы отыз жылда нақты дамыған табысты жолға түсті, сөйтіп танымал өңірлік және ғаламдық ойыншыға айналды. Әсіресе елдің экономикалық жетістіктері таңқалдырады. Мереке үстінде барша қазақстандықтарды мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!

– Екі елдің қарым-қатынасы қандай деңгейге көтерілді? Алдағы уақытта қандай салалардағы ынтымақтастықты дамыту, басымдық беру қажет деп санайсыз?

– Қос елдің арасындағы қарым-қатынас өте жоғары деңгейде, екі жақ та барлық деңгей бойынша дамуды жеделдетуге ұдайы қызығушылық танытып келеді. Әсіресе, экономикалық саладағы қарым-қатынасты дамытудың үлкен әлеуеті боларына сенімдімін. Әлемдік пандемия аясында Аустрия халықаралық, соның ішінде Қазақстанмен іскерлік әріптестікті ұлғайтуға арналған «ReFocus Austria» деп аталатын жаңа бизнес-бастаманы жүзеге асыруға кірісті. Дегенмен Қазақстан мен Аустрия бұрыннан бірге табысты жұмыс істеп келе жатқан басқа да салалар бар, мәселен, ядролық қарусыздандыру мәселелері соған жатады.

– Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды?

– Қазақстанда тұрғаныма бір жылдан асты, келгелі бері мұнда әртүрлі адамдармен танысып, кездестім. Олардың ішінде саясат, экономика және мәдениет саласының белді тұлғалары бар. Мұнда маған ұнайды. Қазақстандық әріптестеріммен тығыз араласып, қарым-қатынасымды жақсарта түсуге тырысамын. Бұл ретте мен біраз тәжірибе жинап қалдым. Сосын мені қазақ даласының кеңдігі мен табиғатының сан алуандығы таңқалдырмай қоймайды.

– Елордамыз несімен ерекшеленеді? Сіздің елдің астанасынан не үйренуге болады? Бас қаламызды дамытуда нені ескерген жөн деп ойлайсыз?

– Елорда XXI ғасырдағы сәулет өнерінің сәтті жетістігі, інжу моншағы деп санаймын. Көгалдандырылған және заманауи белсенді өмір сүруге қолайлы қаланы жақсы көріп қалдым. Әріптестер және дос­тарыммен елорданы аралап серуендегенді ұнатамын. Өзім негізгі жұмысымнан бөлек қосымша көркемөнерпаздық, яғни поэзия, сурет салу, театрға қызығатын болғандықтан, Қазақстанның өнер және мәдениет мекемелеріндегі танымал өнер адамдарымен байланыс орнаттым.

– Қазақстанда демалыс өткізу сізге ұнай ма? Бұл салада қандай кемшіліктер бар? Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз? Қазақстанға сіздің елден келетін туристерге осында демалған ұнай ма?

– Қаланың қақ ортасында орналасқан Аустрия резиденциясы парктерге, музей мен мейрамханаларға, галереяларға тез баруға жақын жерде тұр, сондықтан қоғаммен байланысты жылдам орнатуға мүмкіндік мол. Елорда халқы – өте қонақжай, ашық. Мұнда кез келген керекті нысанға жаяу да, велосипедпен немесе көлікпен жету өте қолайлы. Сондай-ақ елордадан Қазақстанның басқа кез келген өңіріне ұшақпен, пойызбен, автомобильмен жету еш қиындық тудырмайды. Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек Ақмола өңірі мен Қарағанды, Алматы, Семей, Өскемен қалаларын көрдім, бұл жерлердің де табиғаты мен қонақжайлылығы елордадан кем түспейді.

– Өз еліңізді және Қазақ­станды бір ауыз пікірмен, сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

– Аустрия – табиғаты бай мәдени ел, ал Қазақстан – бай мәдениеті бар табиғат елі.

– Екі ел арасындағы мәдени, саяси, басқа да байланыстар жақсы дамығаны белгілі. Сондай-ақ білім саласында да тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осы орайда бүгінде Аустрияда қанша қазақстандық жастар білім алуда және керісінше Қазақстандағы аустриялық студенттер саны қанша, екі жақтың жастарын қос елдің білім саласындағы қандай артықшылықтары қызықтырады деп ойлайсыз?

– Білім және оқыту – екі жақты қарым-қатынастың маңызды элементіне жатады, себебі бұл салалар басқа елдің мәдениеті мен нақты тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ туризмге, бизнесмендер мен өнер қайраткерлерін алмастыруға, сонымен қатар саяси кездесулерге қатысты. Коронавирус пандемиясының барлық салаға теріс ықпалы болды, сондықтан бүгінгі көрсеткіштер айтарлықтай жоғары емес, бірақ екі тарап та барлық салада өзара байланысты нығайтуға үлкен қызығушылық танытады. Биыл қыркүйек айының ортасында елордада 35 аустрия сарапшысымен, соның ішінде 25 компания өкілдерімен өккен екіжақты аралас экономикалық комиссиялық кездесу соны дәлелдеді, сөйтіп бұл індет басталғалы өткізілген бірінші іскерлік отырыс болды.

– Бүгінде Қазақстанда қанша Аустрия азаматы тұрақты өмір сүреді және олардың мұнда тұрақтап қалуына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

– Қазақстанда аустриялықтар аса көп емес, алайда елге деген мәдени, саяси және экономикалық тұрғыда қызығушылықтың үлкен екені сөзсіз. Ұзақмерзімді перспективада мұны 400 аус­триялық компания өкілдері дәлелдейді.

– Сіз атаған аустриялық компаниялар Қазақстанмен белсенді іскерлік қарым-қатынаста, оның ішінде Аус­трияның қатысуымен 83 бірлескен кәсіпорын қызметін жүзеге асырады. Аустрия – кәсіпкерлік саласы мықты дамыған ел, ал сырт көз ретінде Қазақстандағы, Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкерліктің дамуына қандай баға бересіз?

– Қазақстандағы кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда деп санаймын, бұл ретте жаңа бастамалар мен жаңа коммерциялық ұйымдарды және басқа да мүмкіндіктерді көруге болады. Аустриялық компаниялар өкілдері өз кезегінде озық тәжірибелермен алмасуға мүдделі және бұл мәселеге оң тұрғыда қарайды. Аустриядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2020 жылдың қорытындысы бойынша 40 млн АҚШ доллардан асты. Қазақстан мен Аустрия арасындағы тауар айналымы 2021 жылғы қаңтар-шілде кезеңінде 96,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға жоғары (84,6 млн АҚШ доллары). Қазақстаннан Аустрияға 2021 жылғы қаңтар-шілдеде экспорт 59,1%-ға төмендеп, 1,0 млн АҚШ долларын құрады. Ал Аустриядан Қазақстанға импорт 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 16,2% – ға өсіп, 95,4 млн АҚШ доллар көлемінде болды.

– Аустрия астанасы Вена – нағыз классикалық өнердің отаны, екі ел арасындағы мәдени байланыстар қалай дамып жатыр?

– Мәдени қарым-қатынастар өте жақсы және қарқынды дамып жатыр, ол мәдениеттеріміздің тарихын да, заманауи кезеңдерін де қамтиды. Әсіресе, Оралда және елордада Израиль елшілігімен және қала әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылған, Рада Харушева жетекшілік ететін «Аялаған алақан» сынды балаларға қатысты шаралар, картиналар көрмесі ерекше назар аударуды қажет етеді.

– Біздің газет арқылы астаналықтарға қандай тілек айтасыз?

– Ғаламдық және өңірлік сын-қатерлер мен экономикалық және экологиялық мүмкіндіктер мол дәуірде Қазақстанда тұратын барлық адамдардың ниеттестігі мен ынтымағының зор болғаны жөн. Қоғамның барлық салаларында азаматтардың бір-бірімен тығыз байланысын насихаттау керек. Барша қазақстандықтарға табыс пен бейбіт өмір тілеймін

Қысқаша өмірдерек:

Аустрияның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Вилли Кемпель 1961 жылы 13 мамырда Венада дүниеге келген. Неміс тілі – ана тілі, оған қоса ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген, испанша жақсы біледі. 1983 жылы Вена университетінен жоғары білім алған, заң ғылымдарының докторы атағы бар. 1985 жылы Венадағы Дипломатиялық академияны қауіпсіздік және экологиялық сая­сат саласы, сонымен қатар халықаралық қаржы институттары бойынша оқып бітірген. АҚШ пен Норвегияда білімін жетілдірген. Клара есімді 13 жасар қызы бар. Қосымша қызығушылық танытатын сүйікті салалары: ротари, саясат, мәдениет, сая­хат, сурет, театр, спорт. Еңбек жолын 1985 жылы отбасылық істері бойынша аудандық сотта бастап, 1986 Сыртқы істер министрлігінің хаттама және Шығыс Еуропа бөлімінде қыз­мет етті. Одан кейін БҰҰ бөлімшелері және басқа да халықаралық ұйымдардағы Аус­трия өкілдігінің бірінші хатшысы, Аус­трияның Тель-Авивтегі елшілігінде кеңесші және миссия басшысының орынбасары, Еуропалық одақтағы Аустрияның тұрақты өкілдігінде ішкі саясат бөлімінің басшысы, Еуропалық комиссияда халық­аралық сарапшы, 2016 жылы Аустрияның Катар мемлекетіндегі елшісі және тағы да басқа қызметтер атқарған. Ал Қазақстандағы елшілік қызметі 2020 жылы 15 қыркүйекте басталған.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button