Айтпайын-ақ деп едім!

Төбеден темір жауғанда..

Әр мерекенің тұсында елдің алдында жүрген, (бәрін бізге танып-білу міндет емес) азаматтарымыз орден-медальдармен марапатталып, абыройы асқақтап жатады. Айтатыны жоқ, мемлекеттік наградаға ие болғандар маңдай терімен елге еңбегін сіңіргендер және олардың мемлекет тарапынан  марапатқа өте лайық екендігіне дауымыз жоқ. Қуаныштымыз.

Марапат дегеннен шығады, бәріміз де азын-аулақ еңбегіміздің еленгенін қалайтын да, дәмететін болып алдық. Сол темірлердің сыңғырымен мерекелік көңіл-күйімізді көтеретін болдық. Біздікі пенделік қой. Ол да қайсыбірімізге жетсін. Бірақ қолдан бермегенді жолдан алатындар да жоқ емес көрінеді. Мемлекет тарапынан бақылау болмаған соң жекелеген адамдар да сол жылтырақ темірді қолдан соғып, көңілі қалағандарға марапат ретінде тарататын болыпты. Кейбірі «мемлекеттік награда емес» деп куәлікке қосып жазып қояды екен.

 Әлеуметтік желілерді аралап жүріп, бір кісінің «Ұлттық рухты көтеру жолындағы еңбегі үшін берілген «Матай Бөрібай батыр» медалімен» марпатталғанын көрдік. Шын мәнінде ұлттық рухты көтерсе, ол кісі «Құрмет», «Парасат» сияқты ресми мемлекеттік марапатқа лайық емес пе? Атаулы даталарға арналып шығарылса жақсы, аты мен затына қарағанда жай темір ғой деп қоя салуға болмас. Тіпті, оны төсіне қадаған адам баршаның талқысына түсіп, сүйіншіленіп жатса, ойлануға тура келеді. Мұның өзі құндылықтардың көбесі сөгілуіне негіз болмасына кім кепіл?

Әлеуметтік желіде  желіп жүрген бір видеодағы «Ел ағалары» деген орденнің тарихы елең еткізді. «Жақсылықтың жаршысы, ұлағатты шаралардың ұйытқысы, ел мәдениетінің «Алтын ордасы» педагогика ғылымының докторы, профессор Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы басқаратын Ұлттық академиялық кітапхана «Ел ағалары» атты ерекше маңызды жаңа жобаны ойлап-тауып, іс-жүзіне асыру үстінде. 2021 жылдың 18-желтоқсаны күні есімі елімізге кеңінен танымал меценат, кәсіпкер, қоғам қайраткері Жұмағұлов Төкен Танаұлының 80 жасқа толуына арналған салтанатты жиналыс өткізілді. Сонда мен осы орденді мерейтой иесі Төкен Танаұлына табыс еттім!» деп Сәдібек Түгел ағамыз «фб»-да сүйіншіледі. Әрине, Үмітхан Дәуренбекованың іскерлігіне шәк келтірмейміз, маңызды жобалардың бірін бірге өткіздік те. Марапатталған тұлға да лайықты, танымал. Мәселе жобаны қоғамдық ұйым емес, мемлекеттік мекеме – руханият ордасының өткізуінде, орден белгілеуінде болып тұр.

Біз кейбір облыс, қала, аудандар жыл сайын оншақты адамды «құрметті» азамат жасайды, солардың бәрі лайық тұлға ма деп күмән келтіріп жүрсек, енді «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атақ пен төсбелгі пайда болыпты. Оны иеленген адам дерегі арнайы шығарылған энциклопедияға енгізіледі. Атынан ат үркетін атақты еншілейтін «лайықтылар» шығындануына да тура келеді екен. Атақ қуғандар аз-маз шығынына айылын жия қоймас…

Әлеуметтік желіден алманың шығу тегінен сыр шертетін деректі фильм түсірген француз режиссері Катерин Пэкс «Ұлы дала ел анасы» орденімен  марапатталғанын оқыдық. Бейресми марапаттар өзімізден артылып, шетелге кетіп жатыр екен.

Жеке тұлғалар, қоғамдық ұйымдар конвейерге қойған осындай қаптаған орден-медальдар мемлекеттік марапаттардың бәсін тым төмендетіп жіберген жоқ па?! Осындай «табысты» жобалардың аясында жекелеген азаматтардың мемлекеттің міндетін мойнына алып, өзінің салтанатын тасытуына тыйым болмағаны ма?

Десек те, төбеден темір жауса да жертезек болып қалады екен. Пендеміз ғой, жақында, құда-құдағиға да арнап төсбелгі соғатынын білдім. Біз де үміттілердің қатарындамыз, әлден тапсырыс беріп, болашақ құда-жегжатымның өңірін жалтыратып қойсам ба екен?! Қой дейтін кім бар, кәне?!..

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button