Әлеумет

Анимация жайы алаңдатады

Кеңестік дәуірден бастау алған қазақ анимациясы бүгінде қалың көрерменнің көзайымына айналды ма? Бүгінгі цифрлы нарықтың қарыштап дамыған заманында сапалы әрі танымды дүниелердің жарыққа шығуына жол ашылды. 1967 жылы алғашқы қадамын жасаған мультипликация өнеріне биыл 54 жыл толып отыр.

[smartslider3 slider=1557]

Бүгінде отандық анимация қатары «Мұзбалақ», «Ер Төстік және Айдаһар», «Күлтегін», «Қазақ елі», «Тарих керуені» сынды халқымыздың тарихы мен ұлы тұлғалардың ерлігін насихаттайтын толықметражды фильмдерімен толықты. Дегенмен қазіргі кезде көрсетілетін мультфильмдердің көбін психологиялық, педагогикалық немесе этикалық тұрғыдан сауатты құрылған деп айту қиын. Тіпті баланың санасына қауіп төндіретіндері де жоқ емес. Қазір көк жәшіктен америкалық және жапондық мультфильмдер жиі көрсетіледі. Отандық кино саласы мамандарының айтуынша, шетелдік анимациялық өнімдер мүлдем басқа мәдениеттің элементтерін насихаттайтын көрінеді. Ұстаз қауымы да бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені кейбір мультфильмдерді көрген баланың бойынан агрессияны байқауға болатынын айтады.

«Шетелдік анимацияда атыс-шабыс, зұлымдық, кейіпкерлердің бұзықтық көрсетуі, үлкенді сыйламауы сияқты баланың психологиясына кері әсерін тигізетін көріністер өте көп. Бұл тұста ата-аналарға баласының теледидардан болсын, YouTube желісінен болсын не қарап жатқанын қадағалау маңызды. Негізі, 7 жасқа дейінгі балаларға отандық мультфильмдерді көрсетуді ұсынамын. Сол кезде балада қазақ тілі мен мәдениетіне деген құрмет қалыптасады» дейді көкшетаулық психолог-ұстаз Айнұр Ыбыраева.

Балалар орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмдерді көреді, оған бір-ақ себеп бар. Өйткені ондағы анимация көрерменді өзіне баурап алады. Неге? Бояуы қанық, дыбысталуы мен монтажы да тартымды. Қазақстандық аниматор Әбдіқадыр Сабыр соңғы жылдары бұл жұмыс бізде де қарқын алғанын айтады.

«Көрермен есебінде айтар болсам, Қазақстанда санаулы ғана анимация бар. Оның өзін өлместің қамы есебінде қабылдаймын. Сондықтан біздің балалар мен немерелер, сәбилеріміз шетелдік анимацияны жиі көреді. Елімізде анимация саласының бәсеңдеп қалуының бір себебі – нарық пен бәсекелестік қалыптаспаған. Үкіметтен инвестиция құйылып, қолдау көрсетілуі қажет. Коммерция жағынан есептейтін болсақ, құйылған ақша кемі өзін-өзі өтеуі керек немесе 10-15 па­йыздық пайдамен келуі керек» дейді мультипликатор әрі аниматор Әбдіқадыр Сабыр.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезов. Бүгінде сондай бесіктің бірі, яғни таным мен тәрбие қайнары мультфильмдер екендігі даусыз. Кешегі балалар орыс­тың «Қап, бәлем, тұра тұрын» қызықтаған болса, бүгінгі балалар – «Маша мен аюды» көріп мәз. Олармен отандық аниматорларымыздың қай туындысы бәсекелесе алады? Расында да, теледидар мен интернетте көрсетіліп жүрген отандық мультфильм­дердің көркемдік деңгейі көңіл көншітпейді. «Алдар көсе» мультфильмінде халқымыздың ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкерінің образдары бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз аяққа басылған болып шықты. Мысалы, «Алдар көсе» мульт­фильмінде бір кемпір үйіне көңілдесін кіргізіп алып, шалын ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ойдан шығарылған, ұлтымыздың дәстүріне жат қылық емес пе? Оны көрген бала қандай тәлім алады?

Саннан сапа туындайтыны белгілі. Отандық мультфильм­дердің саны да, сапасы да көңіл көншітпейді. Кейбір мультфильмдердің атауы да жағаңды ұстатады. YouTube желісіне «Қазақша мультфильмдер» деп жазсаң, «Таяқ жейтін бала», «Мақтаншақ қыз», «Тіріліп кеткен таулар», «Шаршаған есек» сынды аты да, заты да ойға қонымсыз мультфильмдер шыға келеді. Бұдан отандық аниматорлар баланың психологиясына, тәрбиесіне немқұрайды қарайды деген ой түйесің.

Отандық мультфильмдердің барлығына бірдей топырақ шашпаймыз. «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жүрген: «Данышпан қарға», «Балапан және оның достары», «Әли мен Ая», «Ғажайыпстанға саяхат» сияқты көңіліңе жылу ұялататын мультфильмдер де бар. Бес жасқа дейінгі балалардың ой-өрісін, ойлау қабілетін дамытып, қазақтың ұлттық өнері мен мәде­ниетін дәріптеп, айналадағы болып жатқан құбылыстарға түсініктеме беретін танымдық мультфильм­дер. Осы орайда «Сақ» киностудиясын тілге тиек етсек. Жүрек жұтқан батырларды, әділ билерді, ақын-жазушыларды жас ұрпаққа насихаттап жүр. Ұлтымыздың ұлағатты тұлғары туралы мультфильм түсіргені мақтауға тұрарлық.

Қорыта айтқанда, бүлдіршіндердің ақыл-ойының дамуы мен тәлім-тәрбиесіне отандық мультфильмдердің әсері зор. «Бала көргенін қайталайды. Сондықтан отандық анимацияны дамыту қажет. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қомақты қолдау болса…» дейді сала мамандары.

 Камила Әбділманова,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің студенті

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button