ЖаңалықтарҚоғам

Үйлену оңай, үй болу қиын

Өткен аптада Астана қалалық Әділет департаментінің АХАТ бөлімінің қызметкерлері көңіл көншітпейтін көп деректерді алға тартты. Бас қала бойынша 2608 неке тіркеліп, 972-сі бұзылып отырған көрінеді. Ал өткен жылдың бірінші тоқсанында 2573 некенің 1012-сі бұзылған. Салыстырмалы түрде өткен жылы да, биыл да некеге тұру саны мен оның бұзылуы тең жартысына жуық көрсеткішті аңғартып отыр. Сонда отау құрған үш отбасының бірінің шаңырағы шайқалыпты.

Stock Photo

Содан да болар, бұқаралық ақпарат құралдарында әлеу­меттің өзекті мәселелерінің ішінде отбасы институтының бүгінгі ахуалы туралы жазыл­мағаны кем де кем шығар. Қоғам қайраткерлері, социо­лог-психолог мамандармен қоса, дін қызметкерлері де осы мәселеге қайта-қайта айна­лып соғып, өз пікірлерін айтып, алаңдаушылығын біл­діруі де заңды. Өйткені, бұл көр­сеткіштер ажырасқан жұп­тың саны ғана емес, оның сыртында отбасылық құндылықтардың кейін шегініп, жастардың үлкен өмірге даяр­лығының деңгейін білдіреді. Жастардың жауапкершілігінің кемдігі мен отбасылық шең­беріндегі әлеуметтік бағдардың басқа пі­шін­ге айналып келе жатқанын да көрсетеді.
Астана қалалық Әділет де­пар­та­ментінің Азаматтық хал актілерін тіркеу мен апостилді қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Раушан Зарирова осы мәселе жөнінде өз пікірін айтқан еді. «Жұмыс барысында әртүрлі жағдай болады, егер он жұп ажы­расуға арыз алып келсе, ойлануға белгіленген бір ай мерзім ішінде оның екі-үшеуі татуласып үлгеріп, арыздарын кері алып жатады. Демек, жастардың асығыс шешім қабылдауына әсер етіп, мүмкіндігінше кеңес беру арқылы бұл үдерісті тоқтатуға атсалысуға әбден болады» дейді Раушан Кабдухамитқызы.
Расында, маман тиімді амалды ұсынып отыр.

?????????????????????????????????????????????????????????

Неке сарайы неге жоқ?

Десек те, жастар қаласында отау көтеретін жастарға барлық жағдай жасалып отырған жоқ. Соның бірі – бас қаламызда әлі күнге дейін Неке сарайы салынған жоқ. Осы бағытта жұмыс істейтін бірнеше сарай­лардың қызметі өте қымбат, оған екінің бірі тәуекел етіп, алғашқы отбасылық шаттығын атап өте алмайды.
Айта кету керек, орталық­тандырылған Неке сарайы болмаған соң, жастар әр аудан­дағы АХАТ бөліміне келеді. Онда отырған жалғыз маман тек жастардың арыздарын тіркейді. Одан басқаға мұршасы жоқ. Ал есік алдында кезек күткен жастардың ренжитіндей реті бар. Өміріндегі алғашқы сәттері осылайша сән-салтанатынан айырылып, қара төбел күндердің біріне айналады. Осыдан кейін, қимайтындай қандай қасиет қалды деп ойлайсыз? Міне, осы жерде тағы бір мәселе басын көтереді. Байқағанымыз, арыз берушілердің дені дүкеннен нан сатып алуға шыққандай, үстіне шорты не жыртық джинси, аяғына сүйретпесін іле салып келе салады екен. Ма­ңыз­ды оқиғаға атүсті қарауы­ның екінші жағы бар. Бұл жаңа өмірдің маңыздылығы мен жауапкершілігін көмес­кілен­діреді. Ақ некенің ерекше қасиетіне мән берілмеген соң, жастарға отбасын құру да, ат құйрығын үзіп, бір-бірін көрместей ажыраса салу да оп-оңай.
Біз маманмен кездесуге барған күні мынадай жағдай болды. Таңертең ажырасуға арыз берген жұбайлар түске дейін татуласып үлгеріп, түстен кейін арыздарын қайта алыпты. Сіз бұған не дейсіз?!

Бейнетін бала тартады

Дегенмен, екі жұптың шаңырағы шайқалып ортасына түскенде, ортадағы сәбидің басына қасірет үйірілетіні анық. Бала алдындағы жауапкершілікті емес, жеке бастарының мүддесін ойлағандар бұғанасы қатпаған баланың жайын ойлап жатпайтыны белгілі.
Ал ажырасу дегеніміз не? Бұл – тек ерлі-зайыптының ғана емес, айналасындағылардың да көңіліне қаяу түсіретін, біраз уақытқа дейін өкініші орнына келмей, есеңгіретіп жіберетін жағдай. Ал ортада бала болса, тіпті қиын. Өйткені, балалар тек ата-анасы бірге болғанда ғана бақытты сезіне алады. Оның салдары жылдар өте келе жаңғырып, күндердің күнінде жарымжан жандар өсе келе осы жайтты басынан өткеріп, ажырасқандар қатарының келесі легін толтырады екен. Өкінішке қарай, бұл – ғылыми дәлелденген, өмірдің ащы шындығы.
Наталья Семененко, психолог: «Отбасы үш қағидатқа сүйенеді. Иеархия, яғни, ерлі-зайыптылар міндетті тең көте­руші, серіктестер болып табылады. Олар отбасы алдын­дағы жауап­кершілікті де, міндетті де тең алып жүруші, бір сөзбен айтқанда, серіктестер. Және отбасының эмоционалды жағдайына да теңдей жауап береді. Екіншісі – отбасы құрмет пен ілтипатқа негізделуі шарт. Сыйластық болмаған жерде ересектердің бірге тұруы ақылға сыймайды. Ең соңғы басты қағидат – «алу» мен «берудің» алтын ортасын білу. Егер әйелі нәрестемен үйде отырса, онда ол да отбасының игілігі үшін міндетін атқарғаны. Егер күйеуі ерте кетіп, кеш келіп, табыс тауып жатса, ол да жанұясы үшін. Демек, ерлі-зайыптылар бір жақты болмай, өздерінің міндетінің «маңызды, маңызсыз» деп бөлмей, әділетпен қарап, тең бөлісе білу керек. Сонда ғана отбасы жарасымы артады. Бұл қағидаттар бұзылса, шаңырақ та құлап, ортаға түседі».
Бұл, әрине, ғылыми не­гіз­­делген, отбасылық прин­цип­тердің бастысы ретінде қа­перге алуымыз керек. Алайда, замандардан бері қалыптасқан асыл дәстүрлеріміз, ата мен неме­ре, әке мен бала, ана мен қызы, аға мен қарындас сияқты ізгілікке құрылған қарым-қаты­настарды жаңғыртып, соны негізге алғанда да адаспаймыз. Сонда ғана қоғамдағы отбасылық институттың іргесін бекітіп, құндылықтарымыз қалпына келіп, жарымжан көңіл­ді жан­дардың саны азаяр еді.
«Осылардың жоқтығы, белгілі бір құндылықтарды бағытқа алмағандар – дейді психолог, – ажырасқанда ортадағы баланы қару етіп, өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін барын салуы белең алуда. Содан келіп, бала қайсының қабағына қарарын білмей, қайғылана түседі».

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button