Басты ақпаратЖаңалықтар

Үлескерлер енді алданбайды

Астанада арзан бағаға пәтер алуды көздеп, бар ақшасын іргетасы ғана қаланған үйлерге салған үлескерлердің көбі алданып қалғаны жасырын емес. Олар соттың есігін талай рет тоздырып, жергілікті биліктен көмек сұраумен болды. Енді 10 қазаннан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң күшіне енгеннен кейін, үлескерлер алданбайтын болады. Себебі, онда құрылыс компанияларына деген талап пен тәртіп күшейді.

245effadf41c6129f4fe7accc564ef86_xl

ҚАРЖЫНЫ ҚЫМҚЫРҒАН КІМДЕР?
Жалпы, жыл басынан бері жөн-жосықсыз үй салушыларға қатысты 11 қылмыстық іс қарауға алынған. Оның төртеуі сотқа жіберілсе, жетеуі өндіріске алынды. Астана қаласы Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Қалдарбековтың мәліметіне сүйенсек, «Алаяқтық» бабы бойынша «Ақжол» тұрғын үй кешенінің басшысы 101 үлескерден 800 млн теңге көлемінде қаржы иеленген. Бүгінде оның басшысы Ербол Манашевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жөнелтілді. Сонымен қатар, «Араби-1, 2» және «Самал» тұрғын үй кешендерінің 183 үлескерінен 1 млрд 700 мың теңге көлемінде ақша иеленген «Квартира НС» мекемесінің директоры Медет Бектеміровке қатысты іс, «Столичный-2», «Аниса-1», «Көктал-2», «Абат» тұрғын үй кешендеріне тиесілі «Төленді» компаниясының төрағасы Айдын Байжұмановқа қатысты пәтерлерді екі рет сату фактілері бойынша іс сотқа жіберілді.

2015 жылы да дәл осындай оқиғалар тіркелген. Ол кезде 7 қылмыстық іс қарал­са, екеуі сотқа жіберіліпті. Нәтижесінде құрылыс компанияларының басшылары айыпты деп танылып, түрлі мерзімдерге темір торға жабылды.

Гүлжан КИВЕНОВА,
Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқар­масы басшысының орынбасары:
– Жаңа құжаттың артық­шылығы өте көп. Әсіресе, жылда қайталанатын мәселе – үлескерлер және үлескерлік қаржы тарту мә­­селесі қатаң бақы­ланады. Құ­ры­лыс компаниялары арнайы ке­пілдендіру қорының кепілдігін алмайынша, ешкімнен қаржы тарта алмайды. Сонымен қатар, екінші дең­гейлі банктердің жобасына қа­тысуы тиіс. Үшіншіден, үйдің қаң­қасы толықтай көтерілуі керек. Осы заңдылықтар толық орындалмайынша, ешқандай ком­­панияның үлескерлерден қар­жы тартуға құқы жоқ. Жаңа құжат ережесі бойынша құрылыс нарығындағы тәжірибесі бар, аудиторлық тексерістен сүрінбей өткен құрылыс салушы компаниялар ғана қатыса алады. Бұл өз кезегінде құрылыс саласындағы бәсе­кені арттырады.

ЖАҢА ЗАҢНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?
Қала әкімдігінде және Астана қала­сының Ішкі істер департаментінде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қа­тысу туралы» жаңа заңның жай-жап­сары кеңінен түсіндірілуде. Аталған құжатқа сәйкес, үлескерлерден ақша тарту және ақша тартуға рұқсат беруді бақылау күшейді. Мәселен, аталмыш заңда үлескерлердің ақшасын тартудың үш жолы қарастырылған. Біріншісі – кепілдендіру қорының кепілдігін алу. Келесі – екінші деңгейлі банктердің жобасына қатысу. Ал үшіншісі, тұрғын үй қорының ғимараты салынғаннан кейін ғана үлескерлерден ақша тартуға рұқсат беріледі.

Астана қаласы Мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау басқармасы бас­шысының орынбасары Дәулет Дос­құлов аталмыш заң аясында тәуекелдерді азайтып, құрылыс саласындағы айқын­дылықты, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғау, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуді қарастырған жаңа тетіктер іске қосылатынын айтты.

«Мұнда үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алудың үш жолы қарастырылған. Барлық жағдайда үлескермен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың типтік келісімі жасалуы тиіс. Бұл ретте үлескерлер салушылардың құрылыс құжаттарымен танысуға құқылы. Сонымен қатар, үлескерлердің қаржысын тартудың аталған жолдары құрылыс салушыға және уәкілетті компанияға жоғары біліктілік талаптарын қояды. Құрылыс нарығындағы тәжірибе кем дегенде 3 жыл, ал тұрғызылған ғимараттардың жалпы ауданы кем дегенде 9 мың шаршы метр болуы керек» дейді ол.

Енді тұрғын үй құрылысына қатысты азаматтардың қаржысын заңсыз тартатын барлық келісімдер жарамсыз деп танылады. Заң талаптарын орындамаған құрылыс салушылар қылмыстық қудалауға түседі.

Гүлмира АЙМАҒАМБЕТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button