Қоғам

ҮЛГІЛІЛЕР ҮРДІСІ

«Мерейлі отбасы-2017» ұлттық байқауының қалалық кезеңі мәресіне жетті. Кеше «Астана» концерт залында байқаудың қорытындысы шығарылып, елорда бойынша топ жарған отбасыларды марапаттау салтанаты өтті.

kbb_6589-kopirovat

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл төр­тінші жыл қатарынан ұйымдастырылған байқау­ға астаналық 61 отбасы өтініш тапсырды. Тиісті комиссия отырыстарында отбасылар туралы мәліметтер жан-жақты сарапталып, ашық дауыс беру арқылы жеңімпаз алты отбасы анықталды.
– Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Қазақ ежел­ден ата мен әженің үлгі-өнегесін көріп өсті. Ал ондай отбасыларда өскен балалар дәстүр-салтты берік ұстанып, шаңырақ ырыс-берекеге кенеледі. Елбасымыздың көреген саясатының арқасында қазір елімізде үлгілі отбасылардың саны көбейіп келеді. Соның бір жарқын мысалы – осы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Қазақстанның өсіп, гүлденуіне де осындай әулеттердің тигізер ықпалы мол, – деген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бірінші орын алып, жүлде ретінде екі адамға туристік жолдаманы иеленген Лестегі отбасын марапаттады.
Бұл отбасы – 10 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ұл-қыздарының әрқайсысы білім, өнер, спорт салаларында жетістіктерге жеткен. Ал отанасы Маржан

Әлиқызы Елбасының қолынан «Алтын алқа» төсбелгісін алған.Тағы бір бірінші орын иегері – Бимолдиндер отбасы. Бұл әулеттің үлкендері Бержан ата мен Кенжетай апаның қосыл­ғанына 52 жыл толып отыр. Тыл ардагері, 82 жас­-тағы Бержан ата талай жыл Қорғалжын өңірінде қара­пайым еңбек етті. Кенжетай апа екеуі 6 бала тәрбиелеп, олардан 18 немере көріп отыр. Ұлдары мен қыздары, келіндері мен немерелерінің көбісі әскери салада немесе құқық қорғау органдарында абыройлы қызмет етуде.

Екінші орынға және тұрмыстық техника алуға 150 теңгелік сертификатқа Айтхожиндер мен Елеусізовтер отбасылары ие болды. Сайран Айтхожин – «Ақсұлтан» кәсіп­орының директоры. Өлең, әңгіме жазатын ол қазіргі таңда өмірбаяндық кітап жазып жатыр. Отағасы болашақта бұл еңбегін «Алтын қалам» байқауына тапсыруды жоспарлап қойған екен. Осы отбасында ең үлкені 15 жаста, кішісі 2 жаста жеті бала өсіп келеді. Олардың аналары – Айнаш Жүнісова «Алтын алқа» иегері.
Ал Ақылбек Елеусізов – «Сембол» фирмасының жұмысшысы. Оның жары Ұлжарқын Серікбайқызы – № 61 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі төрт бала өсіріп отыр.

Үшінші орынды Қаңтарбаевтар мен «Ауылшаруа­шылық үздігі» төсбелгісінің иегері Серікқазы Байқоңыровтың отбасы иеленді. Оларға тұрмыстық техника алуға 100 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Жүлделерді қо­ғам қайраткері Оразкүл Асан­ғазы, ҚР Президенті жанындағы отбасы істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Салтанат Байқошқарова, Астана қалалық мәслихатының депутаты Зейнолла Шібкенов, Астана қаласы қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаев, «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай тапсырды. «Формат» тобы, «Наз» би театры, өзге де өнерпаздар жиналғандардың көңілін көтерді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button