Саясат

Үлкен дода: даңқ пен дақпырт

Республикалық партия атынан АҚШ президенттігінен үміткер, елдің қазіргі басшысы Дональд Трамп пен оның бітіспес бақталасы, Демократиялық партияның өкілі Джо Байден 29 қыркүйек күні сайлау алдындағы алғашқы дебаттарын өткізді. Бірақ қос тараптың жарыссөзі салиқалы саясаткерлердің пікірталасынан гөрі бірін-бірі жазғырып, тамақ жыртысқан ұрыс-керіске көп ұқсап кетті. Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-та Президент сайлауы 3 қарашаға белгіленген.

Америка, Америка…

АҚШ-тағы президент сайлауына дүниежүзі жұртшылығы көз тігіп отыр. Өйткені алып мемлекет тұтас әлемнің дамуына ықпалын жүргізеді. Құрама Штаттары әлемдік экономикада да, әлемдік саясатта да көшбасында тұр. Сондықтан Америкада болып жатқан елеулі өзгеріс­тер, оның сыртқы саясаттағы ұстанымы басқа барлық мемлекеттердің тағдырына қатты ықпал етеді.
Оның әскери әлеуеті бүкіл әлемдік әлеуеттерді қосқандағы жиынтықтан да күшті. Құрама Штаттарының әскери бюджеті 716 млрд долларды құрайды. Салыстыру үшін: Ресейдің әскери бюджеті 40 млрд доллар. Америка ғаламдық жүйенің түпқазығына айналды, оның әскери-саяси одақтары алты құрылықтың барлық ірі мемлекеттерінде бар: Еуропада, Азияда, Таяу Шығыста, Латын Америкасында. НАТО – АҚШ-тың ең басты көп қырлы одақтасы. Доллар – әлемдік резервтік валюта және халықаралық есеп айырысудың негізгі валютасы. Экономикасының көлемі ақшаның айырбас курсы бойынша – әлемнің бірінші экономикасы, ал сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша – Қытайдан кейін екінші.
АҚШ-тың көшбасшы болуының тағы бір сыры бар: ел тарихының басым бөлігі және әлемнің даму тарихының елеулі бөлігі осы елдің идеологиясының дұрыстығын көрсетті, әлем халықтары сол жолды таңдады. Соңғы 80 жыл бойы әлем Американың аузына қарады, сол құрған әлемдік тәртіп аясында өмір сүрді. Сондықтан дүниенің төрт бұрышы түгел АҚШ-тағы президенттік сайлауға көз тігіп отыр.

Үміткерлердің тағдырын шешетін теледебат

Жалпы қай елдегі болсын президенттік сайлаудың маңызы зор, ал Америка құрылығында оған деген көзқарас тіпті алабөтен. Президенттіктен үміткерлердің жарыссөзге шығуы баяғыда-ақ көрерменді ең көп жинайтын, рейтингісі аса жоғары айрықша телешоуға айналған. Мәселен, 2016 жылы Дональд Трамп пен Хиллари Клинтонның таққа таласын теледидардан әлемнің түкпір-түкпірінен 84 млн адам тамашалапты(!). Сарапшылар бұл жолғы Дональд Трамп пен Джо Байден президенттік сайлаудағы финалдық дебатын 100 млн-нан астам көрермен көреді деп топшылап отыр.
Теледебаттар – үміткерлер үшін ойы әлі де әрі-сәрі болып отырған көп сайлау­шыны өзіне бұрып әкетуге берілген үлкен мүмкіндік, әрі үлкен сынақ. Үміткерлер оған тыңғылықты дайындалады. Абайсызда айтылып кеткен бір ауыз сөзі немесе жағымсыз гримі президенттік сайлаудың тағдырын шешіп кетуі оп-оңай. Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сенсек, сайлаушылардың үштен екісі таңдау жасауларына теледебаттардың әсері зор болғанын айтқан. Ал 29 қыркүйек күні Дональд Трамп пен Джо Байден арасында өткен дебаттан көрермен қандай таңдау жасағанын айту қиын.
Дебаттың негізгі тақырыбы Жоғарғы Сотқа жаңа мүше тағайындау, 200 мың ел азаматтарының басын жалмаған коронавирус індеті, соның кесірінен миллиондаған адамның жұмыс орнын жоғалтуы, сайлау заңы нормаларының сақталуы және нәсілшілдік теңсіздікке қарсы толастамай тұрған халық толқуы туралы болуы керек-тін, алайда қос үміткер белгіленген форматтан қайта-қайта ауытқып, сөз салғыластырып, жоспарлы тақырыпты үстірт қана жанап өтті. Жарыссөзді жүргізіп отырған белгілі модератор, Fox News телеарнасының журналисі Крис Уоллес 1,5 сағатқа созылған дебат барысында бұра тартқан екеуін жүйеге түсіремін деп әлек болды.
Жоғарғы Соттың қайтыс болған судьясы Рут Гинзбургтың орнына жаңадан сот мүшесін тағайындау жөнінде Дональд Трамп оған менің қақым бар деп өзеуреді. Алайда Джо Байден жаңа судьяны президенттік сайлауда жеңіске жеткен үміткер ұсынуы тиіс деп жеңістік бермеді.
Ал коронавирус індетіне қатысты Дональд Трамп пен Джо Байден бірін-бірі тіпті ашық айыптауға көшті. Байден COVID-19-дан 200 мың америкалықтың өлуіне Трамп кінәлі десе, өз кезегінде АҚШ президенті федералдық билік емдеу мекемелерін медициналық жабдықтармен және беттұмшамен қамтамасыз етіп жатқанда, Байден экономикалық дамуды белгісіз уақыттарға дейін тоқтатып қоюуға талпынды деді.
Джо Байден The New York Times газетінің дерегіне сүйене отырып, Дональд Трамптың кіріс салығынан жалтарғанын, егер өзі сайлауда жеңіске жетсе, салық заңын байлар төлем төлеуден қаша алмайтындай етіп өзгертетінін айтты.
Президент Трамп Джо Байден вице-президент болып тұрған кезде ұлы Хантер бірқатар елдермен сүбелі келісімшарттарды қалай ғана бекіте қойған деп таңданды: «Сіздің ұлыңыз Қытайда, Украинада және басқа мемлекеттерде мол табысқа кенелді» деді Дональд Трамп. Хантерге тиесілі компания Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың әйелінен 3,5 млн доллар алғанын еске алды. Байден «табыстың бәрі заңды» деп ақталды.
Сондай-ақ екеуінің ағымдағы жылдың көктемінде америкалық бірнеше қалаларда жаппай орын алған тәртіпсіздіктің себеп-салдары туралы түсініктері де бір-біріне кереғар. Джо Байден Дональд Трампты нәсілшілдік кегін тұтатты деп айыптады.
Саяси доданы бақылап отырған сарапшылардың көпшілігі дебат кезінде үміткерлердің шамадан тыс эмоцияға берілгенін, бірі-бірінің жеке бастарына тиіскенін айтады. Бұрын-соңды мұндай жарыссөздерде қолданылмайтын «өтірікші», «сайқымазақ» деген теңеулерге де жол берген. Тіпті одан да сорақы сөздер айтылды. Соның кесірінен сайлаушылар үміткерлер туралы, олардың жоспарлары туралы тиянақты ештеңе ести алмады.
Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, дебатты көрген америкалықтардың 83%-ның көңілі қоңылтақсып қалған екен. Сарапшылардың зерттеуінше әзірше Байден сайлаушылардың 50% дауысын, Трамп 41% дауысын иеленіп тұрғанға ұқсайды. Бірақ бұл саяси доданың басы ғана, шешуші кезеңге дейін жағдайдың күрт өзгеруі әбден кәдік. Сондықтан әліптің артын күтейік, ағайын!

Бұл науқанға қанша қаржы жұмсалды?

АҚШ-тағы президенттік сайлау кейінгі жылдардағы ең қымбат науқан болғалы тұр. Федералды сайлау комиссиясының деректеріне сүйенсек, бүгінге дейін үміткерлердің оған шығындаған жиынтық ақшасы $3,7 млрд-тан асып кеткен. Салыстыру үшін: 2016 жылғы президенттік науқанның жиынтық бюджеті $2,21 млрд-ты құраған.
Тамыз айында демеушілер Байденге – 365 млн доллар, ал Трампқа 154 млн доллар жинап берген. Қыркүйек айында Байденнің сайлауалды қорында қордаланған ақша Трамппен салыстырғанда 141 млн долларға көп болған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button