Басты ақпаратҰлт ұпайы

Ұлттық киноны өзге ұлт өкілі жасай алмайды

Сламбек Тәуекел 1948 жылы Павлодар облысында өмірге келген. Бүкілодақтық кинематография институтын тәмамдаған. Ұзақ жылдар бойы «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етті. Бірталай басшылық қызмет атқарды. Бірақ көзі қарақты қауым оны дарынды режиссер ретінде жақсы таниды. Бүгінде белгілі азамат елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет істейді. Жалынды жастардың ұстазы. Таяуда талантты тұлғамен кездесіп, өмірі мен өнері туралы кең отырып сұхбаттасқан едік. 

ҚАЗАҚЫ РУХТЫ АЯЛАДЫҚ

– Сламбек Тілеуғабылұлы, еге­мен­діктің елең-алаң шағында «Батыр Баян» фильмін түсірдіңіз. Дәл сол кездегі екі өкпеден қыс­қан экономикалық жағдайға қа­рамай, осындай көркем дүние жа­сауға батылыңыз қалай барды?
– Бауырым, бұл туынды оңай­лықпен жүзеге асқан жоқ. Басынан бастап айтайын. Мен 1971 жылдан 1990 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясында үзіліссіз еңбек еттім. Яғни кино өндірісіне ғұмы­рымның он тоғыз жылын ар­надым. Оның он жеті жылында басшылық қызмет атқардым. Содан доптай домалап тоқсаныншы жылдар жетті. Өз еркіммен жұмыстан босап, шығармашылықпен айна­лысқым келді. Өмір болса шапқан аттай зулап барады. Қиялымда жүрген бірталай дүниелер бар еді. Соларды жарыққа шығарсам деп ойладым. Әуелде дауылпаз ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы атаман Анненковтың азап вагоны секілді жантүршігерлік оқиғаны бейнелейтін психологиялық дра­ма түсіргім келді. Осыны қабырғалы қаламгер, сценарист Смағұл Елубайға айттым. Екеуміз бұрыннан қатар жүрген доспыз. Ол болса: «Сәке, менде күйіп тұрған бір тақырып бар. Ол – Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы. 1993 жылы арқалы ақынның жүз жылдығы тойланады. Соған Үкіметтің қаулысы шықты. Ақынның бір шығармасынан көркемсуретті фильм жасаңдар деген. Сен соған бағыңды сынап көрсей» деп қайрай жөнелді. Ойланып қалдым. Әрі Мағжан ағамыздың поэмасын жақсы білемін. Содан қойдым да кеттім.
– Онда киностудияда жоқсыз…
– Жоқпын. Ол кезде шығарма­шылыққа шыққан режиссерлер штаттан тыс жұмыс істейді. Енді киноны түсіру үшін қаржы керек. Жан-жаққа жүгірдім. Қомақты ақша да қолға оңай түспейді ғой. Осы Ақмолада облыстық кинофикация басқармасының басшысы болған Ырыскелді Жақсыбеков деген ағам бар еді. Бұрыннан таныс­пыз. Киностудиядағы жиындарда кездесіп, жақын сыйласып жүрдік. Сол кісінің Мағжан Жұмабаевты өте жақсы көретінін білемін. Ақын жырларын жатқа айтатын. Содан оған қоңырау да шалмай, Алматыдан ұшақпен осында ұшып келдім. Бірден ағаның үйіне бардым. Оның себебі де бар. Ырыскелді Дәуренбекұлының баласы бизнесмен екенін білемін. Өзі Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітіріп, осында «Цесна» корпорациясын құрған. Содан Ырыскелді ағама баласы осы «Батыр Баян» фильмін түсіруге қаржылай көмектессе, бұл туралы Үкіметтің қаулысы бар екенін, қысқасы бар жағдайды таратып айттым. Бұған дейін елімізде жеке адамның ақшасына кино түсіру деген болмаған. Ырекең ойланып отырды да: «Бұлар банк ашамыз деп жүр еді. Ол жағын білмедім. Бірақ сен банктен қаржыны несие түрінде алсаң, оған Үкіметтің қаулысы кепілдік болады. Кейін оны қайтаруға да мүмкіндік бар. Балама айтып көрейін» деді ақсақал. Бұл уақытта бүгінгідей қаптаған екінші деңгейлі банктер жоқ. Сонымен, күндер өте берді. Мемлекет тарапынан Үкімет қаулысы орындалмауға бара жатты. Киноны өзім дербес жасауға тура келді. Тоқ етері, Әділбек маған фильмді түсіруге қаржы тауып берді. Сондықтан мен Әділбек Ырыс­келдіұлын Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз продюсер деп айтамын.
– Қаржы табылды, енді іске кірістіңіз…
– Сценарийді Смағұл Елубай жазды. «Мағжан дастанды киноға әдейі арнап жазған секілді. Ешқандай салмақ болған жоқ. Жырды оқып отырғанда оқиғалар көз алдымда өріліп отырды» деп айтты ол маған. Ал фильмді түсіруге де көп уақыт кетпеді. Бас-аяғы 38 күн ішінде бітірдік.
– Қайда түсірдіңіз?
– Осы Арқада. Көкшетау мен Степняк қаласының арасында «Қазгородок» деген жер бар, сонда түсірілді. Бурабай мен Жұмбақтасқа да бардық. Шығар­машылық жұмысқа сол кездегі Көкшетау облысының басшылары қолдау білдірді. Олар бізге жергілікті жұрттан атты сарбаздар жасағын жинап берді. Негізі, мұндай дүниені 4 айда жасайды. Біз қаржының аздығынан асықтық. Бәріміз бір шағын автобусқа тиеліп барып, тиеліп қайтамыз. Қазіргілер 20-30 көлікпен жүреді ғой.
– Актерларды қалай таңда­дыңыз?
– Ол да тез арада шешілді. Оған жұртшылыққа онша танылмаған актерларды таңдадым. Баян батырдың рөліне Тараздағы Жұ­мақан Әбдіқадыровты лайық көрдім. Жұмақанның бір ерекшелігі – атқа өте мығым оты­­рады. Өзі де екі иығына екі кісі мінгендей тұлғалы азамат. Ал қалмақ қызының бейнесіне байқау жарияладық. Содан өткен қыз баланы алдық. Батырдың інісі Ноянды Кеңес Нұрланов ойнады. Қалмақ қызының ағасын қырғыз актері сомдады. Бұл оқиға қазақ пен жоңғар арасында өрбігендіктен, жоңғарларды қалай суреттеуіміз керек деп көп ойландық. Ақыры, шешімі табылды. Кәдімгі ызыңдаған сона бар ғой. Соны суретші Ыдырыс Қарсақбаев екеуміз ақылдасып отырып, актерлардың киімдерін сонаға ұқсатып тіктірдік.
– Түсіру жұмыстары аяқталды. Содан кейін не болды?
– Негізгі шаруа бітті. Енді оны жоғары жаққа көрсету қажет. Сөйтіп, фильмді сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов пен Қаржы министрінің орынбасары Мырзахмет Ауановқа апардым. Екеуі киноны көрді. Ұнатты. Енді осы екі азаматқа жұмысқа кеткен шығынды өтеуге көмектессеңіздер дедім. Екеуі бір-бірімен ақылдасып, оның жөнін айтты. Алдында Әділбек маған: «Бізге ешқандай артық ақша қажет емес. Кеткен қаржыны қайтарып берсеңіз болды» деген еді. Сонымен, оның ақшасы қайтарылды. Үкіметтің қаулысы да орындалды. Қызылжарда дүбірлеп өткен Мағжан Жұмабаевтың жүз жыл­дығына «Батыр Баян» толық метражды фильмі тамаша тарту болды. Жұртшылық оны жылы қабылдады. Әрине, қаржының аздығынан туындыда жетпей тұрған олқылықтар бар. Оны толықтыруға қолым қысқа болды.
– Бастысы, атойлап тұрған рух бар…
– Енді кинодан қазақы рухты аямадық.

МАХАМБЕТ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ КИНОНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

– Жалынды ақын Махамбет фильмінің қоюшы режиссері болдыңыз. Мұны, білуімше, басқа мамандар қолға алған секілді еді. Оған қайдан келдіңіз?
– Кино әлемінде кездесетін қызық жағдайлар көп. Кейде алғашқы жұмыс сәтті болса, екіншісі көңілден шықпай жатады. Бұл фильммен маған дейін Ресейдің төрт режиссері жұмыс істеген. Солардың ешбіреуінің жұмысы сценарий авторы, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовке ұнамады. Мен ол кезде ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіндегі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасымын. Бірде министр Есетжан Қосыбаев шақырды. Барсам, онда Олжас Омарұлы отыр. Олжекеңді ертеден білем. Киностудияда бірге істедік. Маған әуелі: «шенеунік болып кетіпсің ғой» деп күлді де, негізгі шаруасына көшті. Бұған дейін фильмге өзге елден мамандар шақырғанын, олардың бәрі көңілден шықпағанын айтып: «Мен енді режиссер қазақ болғанын қалап отырмын» деп ойын ашық айтты. Тартынған жоқпын, келісімімді бердім. Жұмысқа кірістік. Менің алдымда болған ресейлік режиссер Сергей Бодров Махамбет рөліне әнші Бүркітті таңдапты. Бұл менің көңілімнен шықпады. Басты рөлге актер Берік Айтжановты қаладым. Жалпы, Беріктің кинодағы бағын Махамбет ашты. Исатайды Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов сомдаса, Баймағамбет Айшуақов рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Әбділманов ойнады. Түсірілім жұмысы Алматының түбінде, баяғы «Қыз Жібек» фильміндегі табиғаты әсем жерлерде жүрді. Киноны белгіленген мерзімде аяқтадық. Олжекең оны көріп, бір басылымға «Махамбет арқылы ұлттық киноның жаңа бір кезеңі басталды» деп мақала жазды.
– Қазір осы көркем дүние экраннан көрінбейді.
– Оның себебі бар. Біреулер: «Бұл кино көтеріліс жасаудың методикалық құралы секілді көрінеді» деген сөз айтыпты дейді-міс. Осы ұшқары пікір тәуір туындыны шетке сырып, жолын бөгеп тұрған секілді.
– Сіздің «Жерұйық» фильміңізді көрермен жылы қабылдады. Оның да жанды тебірентетін тұстары жетерлік.
– Өзім Ресейдегі Новосібір облысы Шылым ауданы деген жерде өмірге келгем. Қырқымнан шықпай әке-шешем Павлодарға қоныс аударған. Ол кезде шекара ашық. Сондықтан бала күнімнен ұлтаралық қатынастардың қыры мен сырын жақсы білемін. Қазаққа олардың көзқарасы бірқилы түзу болды деп айта алмаймын. Адамның ішін қынжылтатын жайттар кездесті. Әсіресе, мұғалімдер тарапынан. Жетінші сыныпқа дейін мектепте үздік оқыдым. Бір төрт алып көрген емеспін. 9-клас­та бір орыс мұғалімі әдебиеттен жазған шығармама екі қойыпты. Мен оған қатты ренжідім. Әлгі оқытушыға: «Жазған шығармамды беріңіз. Қатемді көрейін десем», маңайына жуытпайды. Онда бұл «әдейі жасалған әрекет» дедім де, автобусқа отырып, аудандық оқу бөліміне барып, болған жағдайды айтып бердім. Өзім көрші ауылдағы ағам үйіне кетіп қалдым. Айтқан шағымым бойынша ауылға комиссия келіп, әлгі мұғалімнің жұмысын тексеріп, қызметінен босатады. Содан кейін мектебімізде шовинистік көзқарас өзгерді.
– Жалпы, киноның идеясы қайдан туды?
– Бірде Алматыдағы Корей театры «Память» деген спектакль қойды. Соны барып көрдім. Қойылымның мазмұны маған ұнады. Баяғыда нағашы әжем Ырсалды ауылға келген өзге ұлт өкілдерін қалай қарсы алғандарын айтып отыратын: «Шымнан соғылған қуықтай үйімізге неміс пен шешенді бала-шағасымен кіргізіп, үш отбасы бір шаңырақтың астында тұрдық» деп. Содан әлгі пьесаның авторы – корей жігітіне хат жаздым. Мына спектакльді кеңейтіп, кино түсірейік деп. Сце­нарийді Лаврентий Сон екеуміз жаздық. Фильмнің басты идеясы елімізге сонау қиын-қыстау жылдары жер ауып келген жұртты қазақтардың қалай қарсы алып, жарты нанды бөліп жегендерін көрсету болатын. Ондағы бас кейіпкер Орынбай – өмірде болған адамның прототипі. Оны талантты актер Болат Әбділманов ойнады. Ол күрделі образды жақсы ашты. Ал НКВД қызметкерінің рөлін белгілі режиссер, актер Нұрқанат Жақыпбаев сомдады. Бір сөзбен айтқанда, кинода адамдардың қилы тағдыры арқылы тарихи кезең шындығын ашуға тырыстық. Туынды Талдықорған жақта, кәрістер көп қоныстанған Үштөбеде түсірілді. Оған өзім басымнан кешкен оқиғаны сыналап кіргіздім.
– Қандай?
– Фильмнің басында шаңғы теуіп келе жатқан Орынбайды соңынан қасқырлар қуатын эпизод бар. Бұл оқиға менің басымнан өткен. 8-сыныпты аудан орталығындағы интернатта жатып оқимын. Жаңа жыл қарсаңы. Мерекені үйден қарсы алсам деп ойладым. Одан әрі қысқы каникул. Біздің ауыл ауданнан отыз шақырым. Ортада бір ауыл бар. Содан шаңғымен жолға шығып кеттім. Күн шайдай ашық. Күпейкемдегі белбеуіме кішкентай балташа қыстырып алдым. Шаңғыны өте жақсы тебемін. Мылтықты да бір кісідей атамын. Сонымен, аппақ қар үстімен зырғып келемін. Жолдағы ауылдан өттім. Күн райы бұзыла бас­тады. Жел күшейіп, сырғыма жел тұрды. Ымырт жабылды. Көзге түрткісіз қараңғылық орнады. Желден ықтап, бағытымнан сәл қиыс кетіппін. Бірнәрседен сезіктенгендей болдым. Артыма бұрылым қарасам, жер ба­уырлап үш қасқыр келе жатыр. «Біттім» деп ойладым. Зәрем зәр түбіне кетті. Көзім алдымда тұрған маяға түсті. Арақашықтық – 20-30 метр. Соған жетуге асықтым. Шаңғыны босатып, қолыма балташамды алдым. Маяға жетіп, шөпті үңгіп кіріп кеттім. Олар маяны айналып, үстімнен түссе, шаруамның біткені. Бар қаруым – балтам ғана. Қасқырлар маяға таман жерде шоқиды да отырды. Сөйтіп, бір-бірімізді аңдып отырғанда көзім ілініп кетті. Оянсам, үстімде ақ тышқандар секіріп жүр. Жұлдыздар аспанға іліп қойған шам секілді, жарқырап тұр. Сол түні маяға қонып, ертемен үйге аман-есен жеттім. Әке-шешемнің дегбірі кетіп, алаңдап отыр екен. Ал фильмде Орынбай маяны өртейді.
– Кинода танымал конструктор Калашниковтың бейнесі бар. Ол жасап жүрген қаруының ша­руа­сымен жер ауып келген неміс ға­лы­мымен ақылдасады. Бұл болған оқиға ма?
– Қазақстанға қоныс аударған неміс ғалымы Раушенбах болғаны рас. Бірақ ол Калашниковпен кездесті ме, кездеспеді ме, біл­мей­мін. Бұл эпизод көркемдік тұр­ғысынан алынды.
– Көркем ғана емес, деректі киноның да шеберісіз. Осы бағытта біраз шаруа тындыр­дыңыз.
– Иә, мен алдымен режиссерлікті деректі фильмнен бастағам. 1989 жылы елімізде алғаш Нау­рыз мерекесі тойланған кезде «Армысың, Наурыз!» деген деректі туынды жасадым. Содан соң «Қағажу ауыл», «Террордың қанқұйлы іздері» және академик Қаныш Сәтбаев туралы түсірдім. Көрнекті ғалымның өмірі қайшылыққа толы. Оның: «Жезқазғанды мен ашқам жоқ, мені Жезқазған ашты» деген сөзінде терең мән жатыр. Балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаев ақсақал жайында жасадым. Қазақстанның халық әртісі, тағдырдың ауыр теперішін көрген Кененбай Қожабеков туралы «Төзім» деген толық метражды деректі фильм шығардым. Бұл жұмыс көпшілікке ұнады.

ТАМЫРСЫЗДЫҚҚА БАЛТА ШАБУ КЕРЕК

– Жақсы, аға. Өз басым деректі дүниені қызығып көремін. Басқа жұрттың да туындыла­рын қараймын. Бірақ… Иә, бі­рақ біздегі тұлғалар туралы түсірілген деректі фильмдерде бас кейіпкердің жан-дүниесі толық ашылмайды. Оның өмір­дегі сүрінген, күйінген кездері айтылмайды. Қайта, мақтан сөз көп. Бұған не айтасыз?
– Енді оған ұлттық мента­ли­тетіміздің әсері бар. Жаңағы айтқан Кененбай фильмін көргенде, баласы әкемнің бар қырын ашыпсыз деп солқылдап жылады. Арамыздан ерте кеткен Сағи Әшімов туралы түсірдім. Тақырыпты актердің баласы Аңсар арқылы өрбіттік. Фильм Асанәлі ағаға ұнады. Ол да көзіне жас алды. Содан кейін Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров жа­йында деректі фильм неге түсірмеске деп ойладым. Кеңес өкіметінде ондай ерлік жасаған азамат жайында бір жылдың ішінде жасалатын. Бізде 24 жыл өтсе де, ешқандай үн жоқ. Сосын сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке хат жаздым. Деректі дүниені ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тақырыптық жоспарына кіргізуге көмектесіңіз деп. Алдымен барлық Тоқтар жүрген жердегі бейнематериалдарды жинақтап алдым. Тоқаң – биігіне өз еңбегімен жеткен азамат. Екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Жетім өскен. Әкесі дүниеден ерте өткен. Қысқасы, батырмен екі жыл жүрдім. Жетпіске толғанда Мәскеуге бардық. Тоқтармен амандасуға сондағы барлық ұшқыш-сынақшы, ғарышкер дос­тары келді. Бәрі – кеуделерінде алтын жұлдыз жарқыраған батыр. Қысқасы, Тоқтар туралы 52 минут болатын толық метражды фильм жасадым. Министрлікке фильмді 1 сағат 20 минут етіп тапсырдым. Олар уақыты көп деп қабылдамады. Әйтеуір, жақында «Қазақфильм» батыр жайында екі серия жасауға рұқсат берді. Соған көңілім жадырап қалды.
– Біраз жылдарыңыз «Қазақ­фильм» киностудиясында өтті. Қазір кешегі алыптар қалаған режиссерлік мектептің дәстүрі сақталды деп ойлайсыз ба?
– Біздің киноның тарихы Екінші дүниежүзілік соғыстың болуымен өрбиді. 1942 жылы Алматыға «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары көшіп келді.Солардың ықпалы бізге тиді. Қазақ киносы дегенде алдымен ойымызға осы салаға түрен салған Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин келеді. Бұлар кино әлемін биікке көтерді. Өкінішке қарай, Шәкен аға, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев – үшеуі 56 жасында өмірден өтті. Сұлтан аға алпыс жасында қайтыс болды. Бүгінде осы тұлғалардың шәкірті жоқтың қасы. Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаров қариямен жақын араластым. Сол кісі екеуміз елімізде кино мамандарын дайындайтын мектеп болса деп ойлайтын едік. Өйткені киностудияда қабілетті режиссерлер жетіспейтін. Еріксіз Мәскеудегі мемлекеттік кино комитетіне шығамыз. Олар бізге қайбір жөнді мамандар жібереді, өз таныстарын тықпалайды. Содан ғой, баяғыда «Қан мен тер» көркем фильмін түсірген Әзербайжан Мәмбетовтің жанына Мәскеу Мастюгин деген режиссерді жіберді. Содан Ақбаланың рөлін ойнаған актриса Әбдіжәміл Нұрпейісовке ұнамай, Әбекең сол фильмді ақыры осы күнге дейін көрмей кетті. Қазір еліміздегі үш жоғары оқу ордасында кино мамандары даярланады. Дегенмен бұрынғы режиссерлердің дәстүрі сақталады. Олардың еңбектері қазақ киносының құндылығы ретінде дәріптеледі. Олар жайында сабақ үстінде жастарға айтып отырамын. Бірақ бір орында тұра беруге тағы болмайды. Әлем киносы қайда бара жатыр? Оны да білген жөн. Бізге сондай даму қажет. Мәселен, «Көшпенділер» фильмін сынағанмен, оның кино өндірісіне енгізген жаңалығы бар. Жаңа технология алып келді.
– Бүгінгі түсірілген фильмдерден не ой түйесіз?
– Бұрын кинодағы ең қиын жанр комедия саналушы еді. Қазір КВН-нен шыққан жігіттер осы жанрды тым жеңілдетіп жіберді. «Келинка Сабина» фильмі қаржылық табыс әкелгенмен, көркемдік сипат жоқ. Бірақ мемлекеттік деңгейде түсірілген туындылардың ішінде тәуірлері бар. Мысалы, Ақан Сатаевтың еңбектерін айтуға болады. Оған «Жаужүрек мың бала» фильмінің идеясын берген мен едім. «Айқын» газетінде ертедегі бір оқиға жайында қысқа хабар жарияланыпты. Қазақ қолын бастаған Болат хан мен Жолбарыс хан Түркістанды жоңғарлардан қорғауға аттанғанда, ауылда бала-шаға мен қатын-қалаш қалған ғой. Солардың арасынан 13-14-тегі балалар ұста болып, көрік ұстап, қару соғып, ауылды жаудан қорғайды. Ақанның киносына түскендер – әскер жасындағы бозбалалар. Ал олардың істегендері – баланың қылықтары. Соны он үштегі жеткіншектер жасаса, басқаша болар еді. Көрермен жас ерекшелігін сезбеуі мүмкін, дегенмен бірнәрсе жетпей тұрған секілді. Сондай-ақ, жақында «Алтын Орда» фильмін көрдім. 15 минут қана қарауға дәтім жетті. Бәрі өтірік. Кинода көркемдік болғанмен, ол тарихи ақиқаттан айнымау қажет.
– Көңіліңіз толған туындылар да бар шығар?
– Таяуда Елбасы Досхан Жол­жақ­сыновты қабылдады. Бұл Президенттің отандық киноны қолдауы деп ұғамын. Біз Досхан екеуміз көп пікірлестік. Бірақ оны «Біржан сал» фильмінің соңғы финалында асқан әншіні жын соққандай ауыртып қойғанын қабылдай алмаймын. Басқа форманы табуға болатын еді. Ал «Құнанбайдың» орны бөлек. Бұған шығарманың сценарийін жазған марқұм Таласбек Әсемқұловтың еңбегі едәуір болды деп ойлаймын. Ол жаңа көзқарастағы жігіт еді. Мен өз шәкірттеріме бұл киноның бір ғана кадры үшін көруге шақырамын. Құнанбайды итжеккенге айдап бара жатқанда бұрын бітіспес жау болып, үстінен арыз жазған Барақ алдынан шығып, аттан түсіп, оны көрген Құнанбай шанадан түсіп, екеуі қарама-қарсы омбы қарды кешіп, бір-біріне жүрген эпизоды керемет. Бұл – халық бірлігінің, ынтымағының бекзат көрінісі. Мұндай деталь ешқандай кинода болған емес. Осы сәтті форма үшін Досханды құшақтап, бауырыма бас­тым.
Жуырда экранға шыққан «Әміре­ні» әлі көрген жоқпын. Америкалық режиссер түсірген дейді. Бірақ қалталы азаматтың киноға қаржысын салғаны қуан­тады. Алайда ұлттық киноны өзге ұлт өкілі жасай алмайды. Қазақы болмыс, қазақы дәстүр, қазақы ұғымды қазақ қана ұғынады.
– Отандық телеарналар түсірген сериалдарды көресіз бе?
– Қазір осы сериалдар мәселесі көтеріліп жатыр. Бір қызығы, біздің арналар басшылығы сериал түсіруге кәсіби режиссерлерді шақырмайды. Оны басқа біреулер жасап жүр. Олардың жұмысына сын айтуға хақым жоқ шығар… Бірақ ешкінің өзі «мені сойса, қасапшы сойсын» демей ме? Сондықтан телеарналар кәсіби режиссерлермен жұмыс істесе, артық болмайды. Қалай болғанда да, ұлттық тамырсыздыққа жол беруге болмайды. Содан сақтанған дұрыс.
– Жетпіске толдыңыз, өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Ешқандай өкінішім жоқ. Сонау қиыншылық жылдары «Қазақфильмді» басқардым. Сол уақытта маған тығырықтан шығудың жолын нұсқаған Камал Смайылов, Әзербайжан Мәмбетов, Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Әкім Тарази және Ләйлә Ғалымжанова секілді ардақтылардың орны мен үшін бөлек. Қазақ киносының өрісін кеңейткен Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Михаил Есенәлиев сынды азаматтарды ұмытуға болмайды. Қалағаң жарықтық: «Күнде ертемен үйден қазақ киносын 2 см көтеремін деп жұмысқа келем, оның кешке таман 1 см төмен түскенін сезініп, уайымдап қайтамын» деп қалжыңдаушы еді. Сол секілді мен де отандық кино өндірісінің болашағына алаңдаймын. Алайда көңілде үкілі үміт басым. Мемлекет тарапынан осы салаға үлкен қолдау бар. Кино туралы заң қабылданбақ. Талантты жастар өсіп келеді. Сондықтан қазақ киносының жұлдызы жарқы­райтын сәт туады деп сенемін.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button