Руханият

Ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртқан жан

Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны секілді, Отансыз да өмір сүрмек емес. Ал ел іргесінің берік болуы әрбір азаматтың игі ісімен өлшенетіні сөзсіз. Астана қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінде бүгінде көпшілікке ұлттық кәдесый бұйымдарын жаңғыртушы, еліміздегі жекеменшік көне жәдігерлер музей-қорының негізін қалаушы, этнограф-топтамашы ретінде танылған Баһаргүл Төлегенқызының «Ұлы дала жауһарлары» атты жеке көрмесі ашылды.

Баһаргүл ханым жинаған ұлтымыздың асыл құндылықтарының әрбірінен ұлтын сүйген жүректің үнін естіп тұрғандай әсерде болдық. Көрмедегі көз тартарлық бұйымдардың саны 350-ден асады. Жәдігерлердің дені көне дүниелер. Көрме сөресінен қазақ халқының байырғы бұйымдарын, атап айтсақ, түскиіз, тоқылған кілемдер, күміс, алтын бұйымдармен әрлеп жасалған шолпы, алқа, шаштеңге, өңіржиек, өрнекті түймелер, білезік, сырға сынды сәндік бұйымдарды көре аласыз. Қазақ хандығы кезеңіндегі сауыт-саймандар, ХІІІ-ХVІ ғасырларда жасалған қолөнер туындылары, ХІХ ғасырға тән аңшының пілте мылтығы, ХVІІІ ғасырдағы теңгелі камзол мен кимешек, үш ғасыр бұрын жасалған жез самаурындар, болат кесе, мыс құман секілді жәдігерлер тарихымызға сапар шеккізіп, халқымыздың тұрмыс-салт бұйымдарымен терең таныстырады. Кезінде шеберлердің көз майын тауысып жасаған қолөнер бұйымдары қашанда қастерлі, бағалы. Ескі мұраларды жинауды 20 жыл бұрын бастаған Баһаргүл ханым коллекциясындағы 1855 жылы Тула қаласындағы қару-жарақ зауытында жасалған мылтық пен ғасыр бұрын біз кестемен тоқылған түскиізді Әскери-тарихи музей қорына сыйға тартты. Қазіргі таңда халқымыздың тарихынан сыр шертетін көрме келушілерге тегін қызмет көрсетіп жатыр. «Басты мақсатым – халыққа, әсіресе жас ұрпаққа қазақтың ұлттық жауһарларын насихаттап, оның маңыздылығын дәріптеу» – дейді Баһаргүл Төлегенқызы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтың таңдауымен «100 жаңа есім» жобасына енген Баһаргүл ханымның бұл көрмесі Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып отыр. Көрмеге келген жұрт ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін, әдет-ғұрпымыздың қандай болғанын көріп, рухани күш-қуат жинап қайтады. Бұл – Баһаргүл ханымның талай жылғы табанды еңбегі мен маңдай терінің жемісі десек қателеспейміз. Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген Баһаргүл Төлегенқызы Пекин мемлекеттік университетінің биология факультетін бітірген. Пекинде жүргенде қытай халқы өз тарихына аса мән беріп, байырғы бұйымдарын көздің қарашығындай сақтайтынын байқайды. Олардың біразын Баһаргүл ханымның өзі де көріп, тәнті болған екен. Сол кезде «Мен өз халқымның асыл мұраларын жинап, бай дәстүрін насихаттаймын» деп алдына мақсат қояды. Міне, 20 жылдан бері көне жәдігерлерімізді жинап, көпшілікке таныстырып жүрген Баһаргүл ханымға «атамның, әжемнің көзі еді» деп, ескі бұйымдарын алып келушілер де бар екен. Коллекциясындағы тарихи дүниелердің қатарын толықтыру үшін Баһаргүл ханым оларды сатып алуға да дайын. Кішкентайынан анасының сырмақ, кесте тігіп, текемет басқанын көріп, өнерге жақын болып өскен қыздың бүгінде арманы орындалды деуге болады. Ұлттық құндылықтарымызды жинап қана қоймай, мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосып жүрген Баһаргүл ханым бүгінде елдің ыстық ықыласына, алғысына бөленіп жүр. Бұдан асқан қандай марапат болуы мүмкін?! Еңбектің еленгені осы емес пе?! Жұртшылықты әлі талай жауһар дүниелеріңізбен қуантып, рухани байлық сыйлай бересіз деген сенімдеміз. Ең бастысы басыңыз аман болсын, еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button