Басты ақпаратҚоғам

Ұлттық ұлан – қауіпсіздік қалқаны

Бүгінде Ұлттық ұлан сарбаздары еліміздегі 11 стратегиялық және 3 маңызды мемлекеттік нысанды күзетеді. Ел тыныштығын сақтауға күн сайын 5 мыңға жуық әскери қызметші тартылатын болса, соның 1000-нан астамы бас қаламыздың тыныштығын қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Осы ретте елордалық жа­сақ­тың командирі Сәкентай Амантайұлымен әң­гі­мелескен едік.

– Сакентай Амантайұлы, өзіңіз басшылық етіп отырған 5573 әскери бөліміне қандай міндет жүктелген?

Сәкентай АМАНТАЙҰЛЫ, Ұлттық ұланның астаналық бөлімінің командирі

– Осыдан он жыл бұрын елор­дамыздың қауіпсіздігін күшейту мақсатында әскердің жедел мақ­саттағы құрамасын құру туралы шешім қабылданып, 2007 жылы 5573 әскери бөлімі құрылды. Аумағы 20 гектарды алып жатқан заманауи әскери қалашықтың құрылысы жеті жылға созылды. 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалашықтың ашылу салтанатына қатысып, әскери бөлімімізге өз қолымен Жауынгерлік Ту табыстады. Астаналық құрама – еліміз­дің бас қаласындағы қоғам­дық тәртіпті қадағалайды. Елор­дамыздағы әрбір ауқымды шарада қонақтар мен қала жұрт­шы­лығының қауіпсіздігін қамта­масыз етеді. Ұлттық ұлан Бас қол­басшылығына іс-сапармен келген шетелдік делегаттарға әскеріміздің әлеуетін, қару-жарақ, киім үлгілері мен әскери техникасын паш етеді. Қайсыбір батальонын алып қарасаңыз да, күні-түні дамыл таппай, құрама және қала тіршілігімен біте қайнасып жатады. Жеке құрамы жауынгерлік дайындығын күнделікті іс жүзінде шыңдап отырады.
– Жалпы Астана іргесіндегі Үркер шағын ауданында ор­наласқан осы әскери қала­шық­тың бүгінгі әлеуетіне келсек, қару-жарақпен жабдықталуы, мате­риалдық техникалық қамта­масыз етілуі тиісті деңгейде ме?
– Әрине. Төтенше жағдайларда, табиғи апаттар кезінде, күнделікті қоғам тыныштығын қамтамасыз ету қызметінде жауынгерлік міндеттерді сапалы орындау үшін құрамамыз тиісті техникамен толыққанды қамтамасыз етілген. Естеріңізде болса, былтыр осы кезде Талапкер, Қараөткел елді мекендерін, Астана аумағындағы тұрғын үйлерді су алу қаупі төнген болатын. Ақмола облысына қарасты Алва дамбасындағы, Нұра және Есіл өзендеріндегі су деңгейі мөлшерінен тасығанда құраманың жеке құрамы дабылмен көтерілген еді. Тұрғындарды дер кезінде эвакуациялауға, сондай-ақ, ауылдардан арнайы апаттық-құтқару топтарын құрып, жұртшылықты ақпараттандыру мен қауіпсіздендіру шараларын атқардық. Сарбаздарымыз жедел арада дамбалардың жиегіне құм салынған қапшықтардан бекіністер жасады.
Бүгінде Астана төрінде өтетін әлемдік деңгейдегі басқосулар, мәдени-спорттық ауқымды іс-шараларда, мерекелік-көпшілік жиындарда құрама жауынгерлері қоғамдық тәртіпті қадағалауға міндетті түрде жұмылдырылады.
– Әскерилерді баспанамен қамтуға байланысты заң жобасы Парламент Мәжілісінде мақұлданған еді, осы бағытта қандай өзгерістер болып жатыр?
– Иә, өзіңіз білесіз, 2017 жылғы 30 қараша күні Сенат әскерилерді баспанамен қамтамасыз ететін заң жобасын қабылдады. Деректерге сүйенсек, үш жылда әскерилердің баспанасын жалға алу үшін мемлекет бюджетінен 50 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражат үйлерін жалға берген жеке кәсіпкерлердің қолында кетті. Демек, әскерилер үшін де, мемлекет үшін де тиімсіз боп келген. Енді тұрғын үй төлемдерiнiң 100 пайызы екiншi деңгейлi банктердiң арнайы шоттарына аударылады. Төлем үйдегі адам санына байланысты беріледі. Аталған бағдарлама бойынша ұсынылатын тұрғын үй заемы 5% жылдық мөлшерлемемен беріледі. «Тұрғын үй жинақ банкі» арнайы жоба ұсынып отыр. Оған сәйкес, бастапқы жарна тіпті талап етілмеуі де мүмкін. Біз бұл жоба­ның болашақта үлкен сұра­нысқа ие болатынын көріп отырмыз.

Сұхбаттасқан
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button