Жаңалықтар

Әлеуетті әскер және рухты сарбаз

Әскеріміздің әлеуеті жөнінде әңгіме қозғалса «Күш-қуатымыз жылдан-жылға артып келеді» деп мақтанамыз. Оған себеп жоқ емес. Әлемдік Global Firepower (әскери әлеуетті зерттейтін ұйым) ұйымының рейтингінде Қазақстан соңғы 4 жылда 80-орыннан 53-орынға көтерілді. Бұл ұйым әлеует қауқарын 50 фактор бойынша есептейді. Жедел қимылдайтын, заманауи жабдықталған 75 мыңдық әскеріміз бар.

Соңғы 4 жылда қорғаныс саласына жұмсалатын шығынымыз 2 млрд АҚШ долларынан 2,7 млрд долларға дейін өсіпті. Әуедегі тыныштықты күзететін 240 әскери ұшағымыз бен тікұшағымыз бар. Әуедегі шабуылдан қорғанатын 160-қа жуық зымырандық кешеніміз де ешкімнен кем емес. Әскери-теңіз күштерінде 12 патрульдік кемеміз Кас­пийдегі суымызды «сүзіп» жүр. Бұған Жоғарғы Бас қолбасшыға (Президентке) тікелей ба­ғынатын десанттық-шабуылдаушы әскерлер мен құрлық әскерлерін қосы­ңыз. Қысқасы, еліміздің шекараларын күндіз-түні кірпік қақпай қорғап тұрған әскеріміз әлсіз емес.
Әскердің әл-қуатын айт­қанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтардың алдына қойған жалпыұлттық мақсаты – әлемнің дамыған 30 мемлекетінің ортасынан ойып тұрып орын алуды тілге тиек етеміз. Әлемдегі дамыған алпауыт елдердің бірі – АҚШ. Салыстырып көрелік: Қазақстанның әскери бюджеті 2,7 млрд долларды құрайды, ал АҚШ Конгресі 2005 жылы бұл салаға қосымша 90 млрд доллар бөлетін-ді. Бір ғана Пентагонның жылдық бюджеті бүгінгі таңда 500 млрд АҚШ долларын құрайды.
Әскери әлеует әскер санымен ғана өлшенбейді. «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады» депті білікті қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз. Бізге асқақ рухты, нағыз пат­риот сарбаз керек. Оған анасының құрсағында жатқаннан бастап ұлттық тәрбиенің дәні егілуі тиіс. Жас баланың, жас жігіттің санасына жайдан-жай отаншылдықты, патриотизмді үгіттеу-насихаттау арқылы орнықтыру мүмкін емес. Ең алдымен, біз имандылықты орнатуымыз керек. Отаншылдықты имандылығы бар адамның бойына сіңіру оңай. Патриоттық сезім адамның рухани дүниесіне егілетін дән. Біз жас баланың бойына ең бірінші Алла Тағалаға, оның жаратқан нәрселеріне, әке-шешеге, қоршаған ортаға, туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңірмей тұрып, оған «Сен отаншыл бол!» деп айтуымыз – қате. Әрбір сарбаз мемлекетке ант беріп, тәуелсіз елін қорғайды. Тәуелсіздік – тәтті, қасиетті, киелі ұғым. Оны әркім өзінше түсінеді. Менің ойымша, бұл ұғым елді, Отанды сүю деген ұлы ұғымдармен астасып жатыр. «Елімді сүйемін!», «Отанымның патриотымын!» деген әр адам ол сөзін ісімен дәлелдей білуге тиіс. Ұлттық намысы мен мінезі бар сарбаз ешқашан жаудан қашпайды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button